Баяндама, мектептегі гендерлік, ұлттық тәрбие беру жүйесі
Тақырыбы: Мектептегі гендерлік, ұлттық тәрбие беру жүйесі
Үздіксіз білім беру жүйесінің тәрбие тұжырымдамасында басшылыққа алатын тәрбиедегі басты құндылықтар деп: Адам, Отбасы, Отан, Туған өлке, Денсаулық, Салауатты өмір салты, Еңбек, Білім және Мәдени мұра көрсетілген.
Отбасы – адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста болғанымен, отбасы – қоғамдық өмір мен салыстыра қарағанда адамдардың бтологиялық жағынан ең жақын, өз алдына дербес те сырлас тобы. Отбасы өмірі материалдық және рухани үрдістер мен сипатталады.
Отбасы – өмірге адам алып келу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт.
Отбасы адам баласының түп қазығы алтын ұясы. Себебі: адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де өзі отбасын құрып бөлек шықпайынша, туған ата анасының қол астында, қамқорлығында болмақ. Демек, отбасы негізгі қамқорлық мектебі.
Отбасын «дербес мектеп, әлеуметтік институт» деп қарастыратын болсақ, әке шеш сол орданың ұстаздары ал, ата әже профессорлар іспеттес. Белгілі оқу орнында оқып диплом алған педагог мамандардың да ұрпақ тәрбиесі үшін үнемі ізденіс үстінде болатындығы, әдістемелік көмек күтетіндігі қажеттілік болса, ата ананың да баласының алдында міндеттерін түсінуі, оның болашағы үшін өз білімін көтеруі, арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ түруі де қажеттілікіз, Һәм уақыт талабы деп түсінеміз.
Еліміз егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгеріс болды десеңші? Сол өзгерістер туғызған соны жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Бала тәрбиесінің өзекті проблемаларын шешуге тәрбиенің уақыты өткен әдістерін ауыстыратын тәрбиенің жаңа технологияларын қолданудың қажеттілігі, ел ертеңін, ұлт болашағы үшін этнопедагогика ғылымының жетістігін әр отбасының тәрбие құралына айналдыру бүгінгі күннің сұранысы. Алайда, соңғы уақытта еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларда бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті ерісіз қолдан шығып, орны ьолмас олқылықтар пайда болды. Ата — ана өз міндетін орындау барысында жіберілген кемшілігін қоғамға білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен БАҚ дамуы, «мәдени орын» деген атаудың астарына тығылған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтендіру қызметін әсер еткенін жасыра алмаймыз. Қоғамдағы келеңсіз көріністер мектеп оқушыларын да айналып кетіп жатқан жоқ. Оның ішінде қазақ отбасыларына тән мәселелер де жиі кездесіп жатады. Осы тұрғыда педагогика ғылымына енген жаңаша бағыт гендерлік білім мен гендерлік тәрбиені қазақтың дініне, тарихына, ұлттық мұраттары мен құндылықтарына салыстырмалы түрде қабылдау қажет.
«Гендер»- деген жаңа термин енгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан болар, жұрт арасында «Гендер» сөзіне үрке қарайтындай пікірлер де тереп жүр. Әдетте, «гендер» ұғымын «феминизм» ұғымы мен шатастырып жүргендер бар. Әрине жаңалықты жатырқамай қабылдай беріп, талғамай өмірлік мұрат ету де дұрыс емес. Сол үшін, әр нәрсенің байыбына бойлап, шамаға қарай тон пішкен жөн.
Сонымен, «гендер» ағылшынның «жыныс» деген сөзі. Оның термин ретінде ұғымы қандай болмақ және гендерлік өзгешілік деген не?
Гендер — бұл ерлер мен әйелдер арасындағы өзгешелікті негіздейтін әлеуметтік жыныс мағынасын береді. Ерлер мен әйелдер арасындағы мінез құлық, алға қойған мақсат, қоршаған әлемді қабылдау тағы сол сияқты мәселелердегі ерекшеліктер гендерлік рөл деп аталады. Гендерлік өзгешелік әр жыныстың өзіне тән қасиеттері мен ерекшеліктері, өмірлік қызметі сияқты мәселелер.
Гендерлік әлеуметтендіру қоғамдағы балаларды өз жынысына сай ерекшеліктерді білу, осыған сай әрекет ету және басқа жыныстардың ерекшеліктерін біле отырып, құрметтеу, қадір тұту сонысымен қатар қарым қатыстарының дұрыс реттелуіне бағыт бағдар беру болып табылады.
Шындығында, қазіргі біздің қоғамдағы мектептің тәрбие жүйесі феминизацияланған, яғни әйелдердің қолына өткен деп айтамыз. Себебі: педагог қауымының басым көпшілігі әйел жыныстылар. Мектептер «апайлардың» ордасына айналды. Психологтардың пайымдауынша, бұл ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті. Ер балалардың жаратысы өзгереді: «қыз мінезділер» көбейеді. Ұлдарымыз ұсақталып кетеді. Босалаң, босбелбеу, саны артады. Мектепте қылмыстың белең алуының да бір себебі осы ер мұғалімдердің аздығынан екен. Қысқасы ер мұғалімдердің тапшылығының салдарынан ұрпақ тәрбиелеуде ұтыларымыз көп. Мектептерде ер мұғалімнің аздығы ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі ер мұғалімге ұқсайтын азаматты іздейді. Ер мұғалімдердің көбірек болуының тағы бір пайдасы, қыздарымыз ибалы, қылықты болып өседі. Ұятты, ар намысты жоғары қоятын қыздар көбейеді. Ал ер балалар ер азаматтарға қарап бой түзейді. Солардай болуға талпынады. Киім киюді, өзін ұстауды, сөйлеу мәдениетін үйренеді. Ер мінезді, өр мінезді, намысшыл болып тәрбиеленді. Әсіресе жоғары сыныпта оқитын балаларға ер мұғалімдер көбірек сабақ беру керек. Өкінішке орай соңғы кезде қыздарымыздың біразы әдепсіз болып бара жатыр. Әсіресе, ер балалар бір бірімен жиі кикілжіңдесетін болды. Ұсақ-түйекке бола бір бірінің жағасына жармасып, сәл нәрсеге қызылкеңірдек болып қалады.
Еріншек, жалқау, болбыр балалар көбейіп барады. Ал қыздардың жеке өмірі сәтсіз болып жатады. Қыздар ер балалар мен дос болады. Бірақ достық ұзаққа созылмайды. Келісе алмайды. Бірін бірі түсінбейді. Сезімнің жетегіне еріп, алданып, опық жейтіндер де бар. Міне мектепте ер азаматсыз ұрпақ тәрбиелеудің салдары осы. Мен бұл арқылы мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарып отырған жоқпын. Айтайын дегенім, әйел қанша мықты болғанымен ер адамның орнын баса алмайды. Дуализм заңы деген бар. Ақ пен қара, күн мен түн, ыстық пен суық, ер мен әйел. Бұл екі жаратылыс бірін бірі алмастыра алмайды, олар тек бірін бірі толықтырады. Жағыз басты аналар балаларына бар жағдайды жасағаны мен бәрібір әкенің әңгімесін айта алмайды, әкенің тәрбиесін бере алмайды. Ер адам аз сөзбен ақ қас қабақпен ақ көп нәрсені ұғындыра алады. Бұл, әрине, мектептегі ұрпақ тәрбиесіне де қатысты. Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ ер балалар мен қыз балалардың физиологиялық та психологиялық та дамуын да айырмашылық бар. Біз бір сыныптағы балаларға бірдей талап қойғанымызбен табиғи дамуға қарсы тұра алмаймыз. Мысалы, 6 — 7 сыныпта қыз балалар өз сыныптас ұлдарға қарағанда физиологиялық жағынан дамып жетіліп болады. Осыған сай психологиясы да өзгереді. Ал біздегі білім беру мен тәрбиедегі қойылар талап бірдей. Әйел мұғалімдердің сөзі мен талабын тез түсінгендіктен, олар тезірек бейімделе бастайды, сондықтан мектепте ер балаларға қарағанда қыздар белсендірек. Тіл табысуға оңай болғандықтан мұғалімдер де қыз балаларды қоғамдық жұмыстарға көбірек жұмсайды. Қыз балалардың қатыгездігі сондай ұлдардың қателігін көріп мұғалімдерге жеткізуге асығады. Қателігін көріп, ескертуді көп алу, баланың құлшынысы мен ықыласын жояды. Сондықтан а болар, бізде жоғары сыныптарда ер балалардың сабаққа деген ықыласы төмен. Қоғамдық жұмыстарға да қыз балалар сияқты құлшыныс танытпайды.
Бұл бір қарағанда қарапайым мәселе деп саналғанымен, қоғамдағы ер адамдар арқалар ауыртпалықтың әйелдер мойнына түсіп, ерлер көтерер жүкті әйелдердің атқаруымен көрініс беріп жатқандығын ескеруіміз керек. Қоғамда да, отбасында да ер адам мен әйел өз жынысына сай өз рөлдерін атқаруы тиіс. Бұл бір жағынан гендерлік стереотип (таптаурын) саналғанымен. қазақтың этномәдениеті үшін дәстүрлі саналады.
Әр ата — ана өз баласының қоғамда өз жынысына сай қызмет атқарып, бақыт тапқанын қалайды. Қай — қайсымыз да осы ойды құптаймыз. Олай болса, гендерлік әлеуметтендіру – заман талабы. Бұдан шығатын қорытынды: біз балаларға өз жынысына сай тәрбие беріп, қоғамда өз орнын тапқанын, ата — ананың орнын басып, ата — бабаларымыздан қалған дәстүрлі тәрбиені жалғастыру. Бұл – өсу, білім алу, тәрбие атану, мамандық иесі атану, адамдармен дұрыс қарым — қатынас жасау, өзінің өмірлік жұбын дұрыс таңдау, отбасын құрып, бала өсіру, т. б.
Мектептің тәрбие жүйесіндегі тәрбиенің бағыттарын жоққа шығармаймыз. Бірақ, басым бағыт: жастарды отбасылық өмірге даярлау мәселесі болуы шарт. Бұл басты мәселе. Ұрпағымыз білімді, мәдениетті болсын, жақсы мамандықты меңгерсін, қоғамда жақсы қызметтер атқарсын, ал отбасылық өмірдегі рөлін лайықты атқара алмаса, ол адамды толыққанды бақытты дей алмаймыз. Осы мәселе қазір өте өзекті болып тұр. Жастар білім алу, маман атанып, мансап қууға, материалдық игіліктерге қол жеткізуге аса басымдылық бергендіктен, отбасын құру, жұбайлық өмірге даярлану мәселесі басты мақсат болмай барады.
Қазақ қоғамындағы әр жыныс иесі өмірге келгеннен бастап, қартайғанға дейін 20 — 25 әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлдерді атқарады екен. Бұл әр адамның толыққанды өзін — өзі жүзеге асыруы болса, екінші жағынан қазақтың этномәдени тұтастығының сақталуы.
Қыз бала тәрбиесі
Ұлт тәрбиесінің негізгі нысаны үлгілі қазақ қызының бұрынғысы мен бүгіні, болашағы туралы қыз балалармен араласа отырып, ұлттық тағылымнан білім беру, «ару», «пәктік», «тектілік», «қылықтылық» ұғымындағы ұлттық құндылық сапаларға тәрбиелеу – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, өмір шынайылығының кепілі.
Ер бала тәрбиесі
Ер бала ерекшелігіне педагогикалық пайым жасау, өмірге даярлық мәселесінің жаңаша тәсілі мен әдісін қарастыру, қоғамда етек алған ұлдардың бойкүйездігі пен жігерсіздігінен, енжарлығынан арылуына көмектеседі. Ер балаларды отбасылық міндеттерге жауапты етуде қыз балалардан бөлек дайындаудың өзі олардың белсенділігін оятуға ықпал етеді. Қазақ халқы үшін ерлерден күтілетін «текті» болу – құнды сапасы және оның жауапкершілігі дұрыс ұғындырылғанда ғана ер балаларға қабылданады. Ұлттық құндылық сапаларды меңгерту – болашақ отбасы басшысының беделін көтеру.
Олай, болса гендерлік білім мен тәрбие беру мәселесіне шошына қараудың реті жоқ. Бұл қоғамдағы ер мен әйелдің, қарым — қатынасының дұрыс жолға қойылуы. Бұған өз мәдениетіміз тұрғысынан қарап, жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.
Кез келген ұлттың толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса, ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық мүдде деген ұғымдарға талдау жасайық. Біріншіден, ұлттық сана дегенде біз ұлттық идеология, психология, менталитет, патриотизм, тәрбие мәселелеріне тоқталуымыз қажет.
Ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына дарытуда Елбасы Н. Әбішұлының мына бір ұлағатты сөзі бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!».
Педагог — психолог Усенова Г. Т.
Мектептегі гендерлік, ұлттық тәрбие беру жүйесі жүктеу
Дереккөз: http://bilimdiler.kz/