Атмосфераны негізгі ластаушы көздер |

0

Атмосфераның негізгі ластануы түсті металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешені кәсіпорындары мен көлік шығарындыларымен байланысты. Өнеркәсібі дамыган батыс елдерінде атмосфералық ауаны ластауда әр түрлі шаруашылық салаларының рөлі әрқалай. Мысалы АҚШ, Ұлыбритания және Германияда шығарылып тасталған улы заттардың негізгі мөлшері автокөлік (50-60%) үлесіне, ал небәрі 16-20%-ы ғана жылу энергетикасы үлесіне келеді.

Атмосфералық ауаның ластануы халық денсаулығының нашарлауына және қоршаған ортаның тозуына әсер етеді. Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негізінен республика халқының жартысына жуығы өмір сүретін ірі қалалар мен өнеркәсіптік агломераттарға тән. Барынша ластанғандар қатарына 10 қала, оның ішінде 8 қала ауасы жоғары деңгейде ластанған қалаға жатқызылады. Өндірістің ескірген технологиялары, тиімсіз тазартқыш құрылыстар, қолданылатын отынның төмен сапасы, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлі емес көздерінің аз пайдаланылуы қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейінің себебі болып табылады. Кэсіпорындардың 20%-дан астамының нормативтік санитарлық-қорғау аймағының болмауы себепті өндіріс орталықтары халқының басым бөлігі зиянды шығарындылардың әсері жоғары аймақта тұрып жатыр. Автомобиль санының күрт көбеюі ірі қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көміртегі оксиді мен азот диоксиді жиналуын ұлғайтады, мұндай заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шекті мөлшерден асып түседі. Ауа бассейңінің ластануы, сондай-ақ көмірсутегі шикізатының бұрынғы кен орындарын дамытумен және жаңа кен орындарын игерумен де байланысты, бұл атмосфераның күкіртсутегімен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседі. Алауларда ілеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкірт пен азот оксидтерінің едәуір көлемін атмосфераға шығарумен қатар жүреді, кен орындарының төңірегінде жоғары жылу аясы қалыптасады. 1993 жылдан 2000 жылға дейін зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негізінен өндірістің құлдырауы есебінен 5,1 млн тоннадан 3,2 млн тоннаға дейін кеміді. Соңғы жылдары экономиканың өрлеу жағдайларының өзінде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 3,2-3,4 млн т деңгейінде тұрақтандыруға міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманы жаппай енгізудің және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау жүргізудің нәтижесінде қол жеткізілді. Мұндай тетіктерді одан әрі жетілдіру 2010 жылдан кейін қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейту арқылы шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кірісуге мүмкіндік береді. Ауа бассейні ластануының жоғарылау қаупін болдырмау жөніндегі қажетті шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қысқа мерзімді бағдарламаларда көзделетін болады.

Атмосфераға эмиссия — оның ластануына әкелетін газдардың, аэрозольдардың және тозаң тәріздес заттардың түсуі. Атмосфераға иммиссия — бұл эмиссия көздерінен түскеннен кейін зиянды заттардың жинақталып, ауада олардың тұрақты концентрациясының орнауы.

Асбест (асбест өндіруде) және қорғасын тұзының бөлшектері (автокөліктер), сол сияқты арнаулы өндірістік үдерістердегі тозаң шығарылымдарын есептемегенде, атмосфера тозаңы кез келген қоспадан, яғни таза кварцтан органикалық заттар қоспасына дейін бола алады. Мөлшері 10 мкм бөлшектер жылдам тұнбаға түседі, ал 5-0,1′ мкм дейінгілері тұрақты суспензия түзсе, 1 мкм төмен мөлшері газ күйінде болады.

Жылу және атом электр станциялары, бу қазандары қатты немесе сұйық отындар жағу барысында құрамында толық немесе жартылай жанған заттары (көмір, азот, күкірт оксидтері, көмірсутектер) бар түтін бөледі. Энергетикалық қалдықтар мөлшері өте үлкен. Мысалы, қазіргі қуаты 2,4 мың кВт жылу электр станциялары тәулігіне 20 мың т көмір жағып, атмосфераға тәулігіне 680 т 802 мен 803 120-140 т қатты бөлшектер (күл, шаң, күйе), 200 т азот оксидін шығарады.

Сұйық отын (мазут) жағу күл қалдықтары мөлшерін төмендеткенімен, іс жүзінде күкірт пен азот оксидтерінің шығарылу мөлшері азаймайды. Газ отыны атмосфералық ауаны мазутпен салыстырғанда үш есе, ал таскөмірден бес есе кем ластайды.

Атом электр станцияларында (АЭС) ауаны ластаушы заттар — радиоактивтік йод, радиоактивтік инертті газдар мен аэрозольдар. Ең көп атмосфераны ластаушы — тұрғын үй жылу жүйелері, олар азот оксидін аз бөлгенімен толық жанбаған заттарды көп бөледі. Түтін мұржасының биік болмауынан улы заттардың көп мөлшері бу қазан қондырғысының маңына таралады.

Қара және түсті металлургия. 1 т болатты қорытқанда атмосфераға 0,04 т қатты заттар, 0,03 т күкірт оксиді және шамалы мөлшерде марганец, қорғасын, фосфор, мышьяк, сынап буы және т.б. сияқты аса қауіпті ластаушылар шығарылады. Болат балқыту барысында атмосферага фенол, формальдегид, бензол, аммиак және басқа заттардың бу және газ күйіндегі қоспалары шығарылып қалады. Агломерациялық фабрикалар, домна және ферроқоспа өндірістері атмосфераны елеулі ластайды.

Құрамында едәуір улы заттары бар қалдық газдар мен тозаң — қорғасын, мырыш, мыс, сульфид кендерін өңдейтін түсті металлургия зауыттарында, алюминий және басқа өндірістерден шығарылады.

Химия өнеркәсібі. Бұл саланың шығаратын қалдықтары мөлшері жағынан онша көп болмаса да (барлық өндіріс қалдықтарының 2%), қауіптілігі жағынан адам мен барлық биота үшін үлкен қатер тудырады. Химиялық өндірістерде атмосфералық ауаны күкірт оксиді, фтор қосылыстары, аммиак, нитрозды газдар (азот оксидтерінің қоспасы), хлорлы қосылыстар, күкіртті сутек, бейорганикалық тозаң және т.б. ластайды.

Автотранспорт қалдықтары. Көп мөлшерде мұнай өнімдерін жағып, атмосфералық ауаны ластайтын автомобильдер саны әлемде, әсіресе, ірі қалаларда жылдан-жылға артуда. Іштен жанатын қозғалтқыштардан (әсіресе, карбюраторлардан) шығатын газдар құрамында көп мөлшерде улы қосылыстар — бенз(а)пирен, альдегидтер, азот пен көміртегі оксидтері және өзгеше қауіпті қорғасын қосылыстары (этилденген бензин қолданғанда) болады.

Жанармай жүйесі реттелмеген автомобиль зиянды заттардың көп мөлшерін түзеді. Жүйені дұрыс реттеу олардың мөлшерін 1,5 есеге төмендетсе, ал арнаулы бейтараптандырғыштар улы газ қалдығын алты есе немесе одан да көпке азайтады.

Атмосфералық ауаның үдемелі ластануы минералдық шикізаттар өндіргенде және өңдеуде, мұнай-газ өңдеу зауыттарында, жерасты кендерін өндіргенде бөлінетін тозаң мен газдар, қалдықтар мен үйінді (террикон) кендер жанғанда байқалады.

Ауылдық аймақтарда атмосфералық ауаны ластаушы ошақтар — мал шаруашылығы және құс өсіру фермалары, ет өндіретін кәсіпорын кешені, пестицидтерді қолдану және т.б.

Трансшекаралық ластану деп бір елдің территориясынан екінші елдің жеріне ауысқан ластануды түсінеміз.

Трансшекаралық экологиялық мәселелерге су бөлу, трансшекаралық су объектілерін, атмосфералық ауа мен топырақты ластау, қауіпті технологияларды, заттар мен қалдықтарды өткізу, пайдалы қазбалардың шектес жатқан кен орындарын игеру, бірегей табиғи кешендерді сақтау мәселелері жатады. Трансшекаралық экологиялық проблемалар елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақтылы сыртқы қатер болып табылады, оларды шешу халықаралық шарттар шеңберінде көршілес мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі. 2003 жылдың басында Қазақстан қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау мен оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына қосылды, бұл қауіпті қалдықтарды декларациялау жөніндегі жаңа кеден ережелерін белгілеуге және кейіннен олардың қайталама шикізат пен өнім түрінде республика аумағына олардың қайтадан түсуін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қолданылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., — Алматы: Өнеркәсіп экологиясы, 2011. -262 бет.