Асқазанның шығу бөлігінің тарылуы (стеноз) туралы қазақша
Пилородуоденалдық аймақта орналасқан ойық жаралардың барысы ұзақ мерзімге созылып, олардың жиі қайталану себебінен (рецидив) және ойық жаралардың барысы циклдік түрде, яғни жаралардың бір жазылып, бір ашылуымен байланысты олар орналасқан жерде тыртықты өзгерістер мен жабыспалар (спайкалар) туады да, асқазанның шығу бөлігі (пилородуоденалды аймақ) біртіндеп тарыла бастайды (пилоростеноз). Бұндай жағдай асқазанға түскен тағамдардың он екі елі ішекке қалыпты өтуін (эвакуациясын) бұзады, яғни ауру адамның организміне тіршілікке қажетті заттардың (белок, май, углевод) жеткілікті мөлшерде жетуі бұзылады. Қолданылған тағамдар асқазанда бөгеліп іріп-шіриді де, осы асқынуға тән клиникалық көріністерді туғызады.
Пилоростеноздың даму барысыңда үш кезеңді (сатыны) ажыратады.
1.Компенсаторлық кезең (саты). Бұл кезеңде (сатыда) асқынудың клиникалық көріністері анық біліне қоймайды, өйткені аталмыш сатыда пайда болған кедергіге қарсы құбылыс ретінде асқазанның бұлшык еттері ұлғайады (гипертрофия) да, асқазанға түскен заттарды (тағамдарды) тарылған жерден итеріп шығарады. Сондықтан ауру адамдардың жалпы жағдайлары компенсаторлық кезеңде айтарлықтай өзгермейді. Кейбір пациенттер тамақтанған соң эпигастрий аймағындағы ауру сезіміне, сол жер тамақ қабылдаған соң ауырлағандай және асқазан толып тұрғандай сезімдерге шағымданады. Солармен бірге жүрек қыжылдау, ащы және иісі нашар кекіру, құсу болуы мүмкін, бірақ бұл белгілер аса білінбейді және ауру адамды бұл сатыда мазалай қоймайды. Құсу құбылысынан соң асқазан біршама жеңілденгендей сезім туады.
Объективтік және лабораториялық зерттеулер нәтижелерінде, бұл сатыда, диагноз қоюға маңызды ақпараттар анықталмайды.
Ауру адамға контрасты зат (барий) ішкізіп, асқазанын рентгенологиялық әдіспен тексергенде оның жалпы көлемі көп өзгермегенмен контрасты заттың эвакуациясы бәсеңдегені анықталады. Егер қалыпты жағдайда асқазандағы заттардың он екі елі ішекке өтуі шамамен 3-4 сағат созылса, пилоростеноздың компенсаторлық сатысында ол 6-12 сағатқа дейін созылады.
Эндоскопиялық зерттеу пилородуоденалды өзектің пішіні бүзылып (деформация), өзі 0,5 см дейін тарылғанын анықтайды.
- Субкомпенсаторлық сатысы. Асқынудың пайда болу мерзімі созылған сайын оның компенсаторлық қасиеті нашарлап, асқынудың екінші сатысы немесе субкомпенсаторлық кезеңі туады. Бұл кезеңде компенсаторлық сатыдағы шағымдар үдей түсіп, анық байқала бастайды. Құсу, нашар иісті (шіріген жұмыртқа иісі) кекіру жиілейді. Құсқаннан соң ауру адам өзін әжептәуір жеңіл сезінеді, сондықтан тамақ ішкен соң біраз уақыт өткеннен кейін ауру адам саусақтарын аузына салып құсуды өзі жасанды түрде тудырады («пациенттің құсық шақырумен күн көретін кезең»). Құсық құрамында оған дейін көп мерзім бұрын қолданған тағам және шіріген тамақ қалдықтары болады. Ауру адам біртіндеп жүдеп, арықтай бастайды.
Объективтік зерттеу барысында кейбір арық ауруларда асқазанның перистальтикасы көзге көрінеді, ал пальпация кезінде «шылпылдаған су» белгісі анықталады.
Рентгенолоиялық зерттеу асқазан көлемінің ұлғайып, оның қуысында көп мөлшерде сұйықтық жиналғанын көрсетеді. Перистальтикалық қозғалыстың саябырлағаны байқалады. Контрасты заттың эвакуациясы 12-24 сағатқа созылады. Эндоскопиялық зерттеу пилородуоденалдық каналдың 0,3 см дейін тарылғанын анықтайды.
- Декомпенсаторлық сатысы. Асқынудың ең ауыр және ауру адамның өміріне қауіп төндіретін саты. Қуанышқа қарай пимеростемоздың бұл сатысы бүгінгі таңда жиі кездеспейді. Бұл сатыда асқазанның бұлшық еттері жұқарып, олардың жиырылу қызметі әбден нашарлайды (атония). Осы себептен асқазанға түскен заттардың (сүйықтық, тағамдар) он екі елі ішекке өтуі күрт шектеліп, олардың бәрі асқазанда шоғырланады (стаз).
Декомпенсаторлық сатыда ауру адамдардың жалпы жағдайлары өте нашар халде болады. Оларды эпигастрий аймағындағы тұрақты ауыртпашылық сезім, әлсіздік, тұрақты сасық кекірік, құсу мазасыздандырады. Құсу процесі, асқазанның әлсіздігінен, ондағы тоқырауланған заттарды толық сыртқа шығара алмайды. Сол себептен құсу айтарлықтай жеңілдік туғызбайды. Тек асқазанға резеңке сүңгі (зонд) енгізіп, толық босатқанға ғана біршама жеңілдік сезімі туады. «пациенттің сүнгімен күн көретін кезең» Ауру адам тым арықтап, жүдейді. Организмде ауыр метаболикалық өзгерістер туады (гиповолемия, гипопроеинемия, диспротеинемия, гипокалиемия, гипонатриемия т.б.), су-электролиттік баланс және жалпы зат алмасу процестері бұзылады. Міне осы өзгерістер өмірді қамтамасыз ететін ағзалардың қалыпты қызметіне сол әсер тигізіп, қажетті ем қолданбаса, полиағзалық жетіспеушілік тудырады.
Лабораториялық — биохимиялық зертгеулер қанның қоюлану белгісін (эритроцитоз) және басқа көптеген көрсеткіштердің қалыптан тыс ауытқығанын анықтайды.
Контрасты заттарды қолдану арқылы іске асырылған рентгенологиялық зерттеу асқазанның тым созылып, көлемінің ұлғайғанын анықтайды. Кейбір жағдайларда асқазанның төменгі шекарасы жамбас қуысына дейін төмен түскені байқалады. Ағзаның қабырғалары жұқарады, оның перистальтикалық қозғалысы саябырлап, тіпті жоғалуға дейін жетеді. Эндоскопиялық зерттеу барысында пилородуоденалдық каналдың өте тарылғаны (0,3 см) анықталады.
Емдеу. Асқазанның пилорикалық бөлігінің тыртықтан туған тарылуын (пилоростеноз) органикалық өзгерістерден пайда болатынын ескерсек, оны емдеу тек хирургиялық жол екені түсінікті болады, өйткені тыртықты өзгерістерді дәрі-дәрмекпен емдеуге немесе кері дамытуға болмайды. Пилоростеноздың 2-ші, 3-ші сатылары анықталған ауру адамдарға операция жасар алдында арнайы дайындық шаралары жүргізілуі керек, өйткені, жоғарыда көрсетілгендей, олардың организмдерінде терең өзгерістер туады. Егер гомеостаз жүйесіндегі өзгерістер қалыпқа келтірілмесе (коррекция) операция үстінде немесе одан соңғы кезеңдерде аса қауіпті жағдайлар, атап айтқанда ағзаларға салынатын тігістердің жетіспеушілігінен олардың сөгілуі, жүрек-қантамырлар мен бауыр-бүйрек қызметтерінің жетіспеушілігі, инфекциялық құбылыстардың және т.б. асқынулардың пайда болуы ықтимал.
Операция алдындағы дайындық шаралары асқынудың субкомпенсаторлық сатысында кемінде 5-6 күн, ал декомпенсаторлық сатысында 8-12 күн бойы тиянақты түрде жүргізілуі қажет.
Пилоростеноз асқынуында пилоропластикамен жалғастырылған ваготомия (бағаналы, селективті) операциясы, ал көбінесе асқазанды әртүрлі тәсілдермен резекциялау операциялары қолданылады.
#Асқазанның #шығу #бөлігінің #тарылуы #стеноз