Ашық тәрбие сағаты, ән падишасы Шәмші аға, Шәмші Қалдаяқов
Мақсаты: қазақ халқының танымал сазгері Шәмші Қалдаяқовтың өмірімен, шығармашылығымен таныстыру; оның халқына қалдырған мол мұрасын ұрпаққа жеткізе отырып, сазгерді, әндерін құрметтеуге шақыру.
Көрнекілігі: экранда «Ән падишасы – Шәмші аға» атты тақырыпта Шәмшінің өмірінен, шығармашылығынан суреттер көрсету, еліміздің көрнекті ақын – жазушыларының, әншілерінің Шәмші туралы жүрекжарды лебіздерінен үзінді көрсету.
Барысы
Топ жетекшісі: Құрметті ұстаздар мен студенттер! Сіздер бүгін қырық жыл бойы қазақтың даласы мен баласын ән әуенімен әлдилеген ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған №107 топ студенттері дайындаған «Ән падишасы — Шәмші аға» атты әдеби — сазды кешті тамашалағалы отырсыздар. «Қазақтың кім екенін білгісі келген адам Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдасын» деген сөзді қазақтың белгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов айтыпты. Әрине, бұл сөз тектен – текке айтылмаса керек, өйткені Шәмші әндері ұлтымыздың баға жетпес байлығы, рухани қазынасы. Шәмші әндері – мәңгі ескірмейтін, көнермейтін әндер. Қандай да бір ұлы істер туған жердің топырағынан басталса керек. Шәмші ағамыз да туған халқын, өскен елін, жусанды жерін ақтық демі қалғанша құлай сүйді, оларды өзінің ән бесігінде тербетті, ән шығарудағы өнер жолын бар байлықтан жоғары қойды. Туған жерге құрмет пен сүйіспеншілік сезімін ән әуенінде қалықтатқан Шәмші ағамыз не деген құдіретті еді!
Еліміздің бірлігіне, тыныштығына арнап жазған Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін жан жүрегің тебіренбей тыңдау мүмкін емес. «Бұл әнім түбінде елімнің әнұранына айналады» деген Шәмшінің сөзі расқа айналып, асқақ рухты бұл ән бүгінде қазақ даласының әнұранына айналды.
1 жүргізуші: Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың «Құтты болсын ел қалаған Әнұран!» өлеңі. Оқитын Маханов Нариман.
1 жүргізуші: Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны «Менің
Қазақстаным». Сөзі Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Әні Шәмші Қалдаяқовтікі. Орындайтын хор.
2 жүргізуші: Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында «Сарыкөл» деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасында Қалдаяқ деген Кісінің қамыс күркесінде 1930 жылдың 15 — ші тамызында бір ұл бала дүниеге келеді.
Көрініс (Шәмшінің дүниеге келуі)
1 жүргізуші: Осы сөздердің кейіннен ақиқатқа айналып, әнімен әр жүректі әлдилеген, ән падишасы атанып, алтын тәжіні киген сазгер Шәмші Қалдаяқұлы болатынын кім білген?
2 жүргізуші: Шәмші! Қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі Шәмші Қалдаяқов туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Асқар шыңның алыстаған сайын биіктей беретіні секілді қазақ даласының ұлы перзенті Шәмші Қалдаяқовтың да уақыт өткен сайын даңқы өсіп, рухы асқақтап барады.
1 жүргізуші: Әрбір адамның ең жақын, ең қымбат, ең асыл адамы бар. Ол – Ана. Ана – жер бетіндегі тіршіліктің қайнар бұлағы. Ана – теңдесі жоқ таусылмайтын жыр.
Шырылдап дүниеге келген сәттен бастап – ақ ананың жылуын, ананың әлдиін іздей бастайсың.
Көрініс (Шәмшінің анасымен қоштасуы)
2 жүргізуші: Шәмшінің анасына берген бұл уәдесі араға бірнеше жылдар салып барып орындалды. Музыкаға деген әуестігінің ерте оянуына анасы Сақыпжамалдың сызылта салған әндері себепші, Шәмшінің анасына деген сағыныш пен құрметтен, қимастықтан туған «Ана туралы жыр» әні барша халықтың сүйіп айтатын әніне айналды. Бұл ән барлық аналарға арналған ән еді.
«Ана туралы жыр» әні. Орындайтын Сахиев Нұрбол.
1 жүргізуші: Әрбір әннің өмірге келуінің өзіндік себептері бар. Арыс жағасында дүниеге келіп, Арыстың суына шомылып өскен Шәмшіге Арысқа арнап бір ән жазу көкейінде жүрген көп арманның бірі болатын. Балалық бал күндерінің ізі қалған Арыс жағасы оның жүрегіне жыр, көңіліне нұр, шабытына қанат сыйлаған, небір әдемі әуездер бастау алған қасиетті де қадірлі жер болатын.
«Арыс жағасында» әні. Орындайтын Ерланов Темірхан.
2 жүргізуші: Шәмші 300 — ге жуық ән жазды. Шәмшінің әндеріне басқа түгілі ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жақын өлең шығару деген – ұлы ерлік. Сізге ескерткіш орнату керек» – деген екен. Ендеше әсем де әуезді әндерімен халқының жүрегін баурап алған Шәмшінің тағы бір тамаша әнін тыңдайық.
«Өмір — өзен»әні. Орындайтын топ жетекшісі Юнусова Рая апай
1 жүргізуші: Шәмшінің шығармасының басты ерекшелігі – оның шынайылығында Сан түрлі тақырыпты қамтыған әндердің барлығы да әсемдікті, нәзіктікті, сұлулықты, тазалықты жырлайды. Тамылжыған тәтті әуендері жан тазалығына жетелейді. Айтуға жеңіл, мазмұны терең әуен желілері кез – келген адамды еріксіз еліктіріп әкетеді.
Келесі тыңдайтын әндеріңіз –«Ақ бантик». Орындайтын Ерланов Темірхан
2 жүргізуші: Әнші Мақпал Жүнісова өз сөзінде былай дейді: «Орталық концерт залында өткен Шәмші ағаның 60 – жылдық мерейтойында ұлы композиторды бірінші және ақырғы рет көрдім. «Бақыт құшағында», «Сен сұлу» әндерін орындағанымда Шәмші аға бата берді. Шәмші ағаны көзі тірісінде көріп, ақ батасын алу – мен үшін үлкен бақыт.
1 жүргізуші: Шәмші аға батасы біз естіп жүрген баталарға еш ұқсамайтын, өзгеше болған.
Шәмшінің батасы. Оқитын Әлихожаев Олжас.
2 жүргізуші: Қасиетті Отырар топырағында дүниеге келген, бірі ән әлемінде, енді бірі жыр әлемінде қатар ұшқан Шәмші мен Мұхтар өнер әлемінде де бір – біріне серіктес бола білді. Шәмші жүрегінен шыққан ән әуендері Мұхтар жүрегінен жыр болып төгіліп, өзара үйлесімділік тауып жатты.
Екеуінің қаламынан шыққан «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Қуаныш вальсі», «Кешікпей келем деп ең», тағы да басқа әндерін халық қуанышпен қабылдап, ел арасында жылдам тарады. Осы әндердің бірі «Кешікпей келем деп ең». Бұл әнді Ерланов Темірхан мен Сахиев Нұрболдың орындауында тыңдаңыздар.
1 жүргізуші: Қазақ әнін қырық жыл ән бесігінде тербеткен ұлы композитор Шәмші Қалдаяқұлы 1992 жылдың 29 ақпанында келмес сапарға аттанды. Әнсүйер қауым үшін ең ауыр күн болды. Төрт жылда бір рет айналып келетін бұл күні көзіне жас алып, жүрегіне қаяу түспеген адам болмаған шығар. Мәңгілік сапарға аттанған «вальс королі» атанған ұлы сазгердің рухы әнге айналып, көк төрінде шарықтап бара жатты.
2 жүргізуші: Шәмшінің өзі өлгенімен оның сұлу да сазды әндері өлмейді. Халқымыздың жан – жүрегіне жақын, оның болмысымен үндес әндер жас талғамайтын, мәңгі жасайтын жауһар дүние. Шәмші ағаның әндері – әлі де талай ғасыр қазақтың кең даласын әуенімен тербетер асыл әндер.
Топ жетекшісі: Халқының жүрегінен әндері ерекше орын алған, қазақ халқының өнер әлемінде өшпес із қалдырған сазгер Шәмші Қалдаяқұлының өлеңі ешқашан ұмытылмайды.
Ашық тәрбие сағаты: Ән падишасы – Шәмші аға. жүктеу