Ақылына көркі сай қазақ қызы тәрбие сағаты — Тәрбие сағаты
Ақылына көркі сай қазақ қызы тәрбие сағаты
Сабақтың тақырыбы: Ақылына көркі сай қазақ қызы
Сабақтың мақсат — міндеттері: Білімділігі: Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
Дамытушылығы: Қыздардың ой — өрісін, танымдық іс — әрекеттерін қалыптастыру.
Тәрбиелігі: Қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт — дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тірбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта
Сабақтың түрі: Сайыс сабақ
Сабақтың әдіс — тәсілі: Сұрақ – жауап, өз өнерін көрсету
Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру кезеңі:
1-ші жүргізуші: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам – дей отырып бүгінгі 7 «Ә» сыныптың қыздарының арасында өткізіліп отырған «Ақылына көркі сай қазақ қызы» атты сайысымызға қош келдіңіздер. Олай болса сайысымызды бастамас бұрын аруларымызды ортаға шақырайық. Сіздердің қошеметтеріңізбен бірінші аруымыз – Ембергенова Құралай.
Құралай қыз өнерлі,
Бойға өнер жиған қыз.
Екінші аруымыз – Салақбаева Гүлназ
Гулназ қыз білімді,
Меңгерген бар ілімді.
Үшінші аруымыз – Қаржау Жанар
Жанар қыз елгезек,
Алады тез тіліңді.
Төртінші аруымыз – Қуанышева Жансұлу
Жансұлу қыз айдай қыз,
Ұқсайды хор қызына.
Бесінші аруымыз – Жолдикулиева Роза
Роза қыз үлбіреп,
Қос жанары мөлдіреп.
Алтыншы аруымыз – Айбергенова Айнұр
Айнұр қыз шығады,
Бұрымдары желбіреп.
Жетінші аруымыз – Уразова Ильвира
Ильвира қыз келбетті,
Жаны жайсаң жайдарлы.
Сегізінші аруымыз – Жораева Шынар
Шынар өнерлі қыз,
Ар – намысты айбарлы.
2-ші жүргізуші: Өнер — білім тапқырлықтың тарланы,
Еңбектегі әріптестер мақтаны.
Өнеріңді ортаға сал, сайысқа
Өнер көрсет, құрбылармен жарыс та – дей келе бүгінгі сайымыздың кезеңдерімен таныс болыңызыдар.
І кезең «Таныстыру»
ІІ кезең «Кім тапқыр?» ( сұрақ — жауап)
ІІІ кезең «Шебер қолдар» (өз қолдарымен жасалған бұйымдар)
ІҮ кезең «Ас адамның арқауы» (арулардың өз қолдарымен жасалған ас мәзірі)
Ү кезең «Өнерлі ару» (арулардың өз өнері ән, би, өлең т.б)
ҮІ кезең «Сыйқырлы ұяшық» (пәндер бойынша сұрақтар)
ҮІІ кезең Қорытындылау жеңімпаз аруымызды марапаттау
1-ші жүргізуші: Әділдікпен баға берер аруға
Әділдікпен қара қылды жаруға
Алқасын қазылардың біз сайлайық
Ақ аруды талдап бүгін алуға — деп бүгінгі сайысымызға әділ баға берер қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
Қазылар алқасының төрағасы….
2-ші жүргізуші: Қос бұрымы аш беліне төгілген,
Келбеті бар кермаралдай керілген.
Қазақ қызы – инабатты ару қыз
Ақ жүзінен аппақ сәуле төгілген – дей отырып, аруларымыздың өнерін тамашалаңыздар.
І кезең «Таныстыру»
Бұл кезеңде аруларымыз өздерін таныстырады. Бағалау 5 – 1 ұпай аралығында.
1-ші жүргізуші: Әдет — ғұрып, салт –дәстүрі қазақтың,
Жарасымды үйлесімді ғажап шын.
Ұмыт болған дәстүрлерді сақтайық,
Насихаттап, жаңартудан қашпайық – дей отырып, екінші кезеңімізді бастаймыз.
ІІ кезең «Кім тапқыр?» ( сұрақ — жауап)
Бұл кезеңде аруларымызға салт – дәстүр бойынша сұрақтар жазылған үлестірме қағаздар таратылады. Дайындалуға 2 минут уақыт беріледі. Бағалау әр дұрыс жауап 1 ұпай мен бағаланады.
Сұрақтар.
1. Қуанышты хабар жеткізуші адам не айтып келеді? (Сүйінші — сүйінші)
2. Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. ( Көрімдік)
3. Алыс сапарға саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші — көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі — ұсақты сыйлықтар әкеледі ол не деп аталады? (Базарлық)
4. Екі адам жанжалдасқанда немесе төбелескенде оның жанындағы адамдар не деп басу айтуға тиіс. (Араша)
5. Бала туған, келін түсірген т.б. сол сияқты қуанышқа не деп айту ата салтымыз. (Құтты болсын айту)
6. Жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. (Тоқымқағар )
7. Қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр. (Шашу)
8. Дүниеге келген жас нәрестеге оның құлағына ат қалай қойылады? (Азан шақырып)
9. Ер бала 3, 5 және 7 жасқа толғанда өткізілетін рәсімі. ( сүндетке отырғызу )
10. Құда түсудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін жігіт жағы қыздың жағына не төлейді? (Қалыңмалын)
11. Жас нәрестені бесікке салу салты не деп аталады? (Шілдехана)
12. Аналар үйде қалған балалары мен жақындарына мереке –тойларда болған жерлерінен не алып келеді? (Сарқыт)
13. Қазақтың ұлттық тағамдарын ата. (Бауырсақ, қазы – қарта, бешбармақ, айран т.б.)
14. Мұсылмандардың мерекесі. (Құрбан айт)
15. Тысаукесер дегеніміз не? (Жас баланың жүре бастағанда жаласлатын салт)
16. Ұзатылған қыздың жақындарымен қоштасау әні. (Сыңсу)
17. Қазақтың ұлттық ойындарын ата. (Көкпар, қыз қуу, алтыбақан т.б.)
18. Қазақтың жаңа жылы. (Наурыз мерекесі)
2-ші жүргізуші: Өнерсізден қашып жүр,
Өнермен үлгі шашып жүр.
Өнерді көп білетін дана болар,
Өнерсіздің ісі шала болар – дей келе біз үшінші сайымызды бастағалы отырмыз.
ІІІ кезең «Шебер қолдар»
Бұл кезеңде аруларымыз өз қолдарынан жасаған бұйымдарын ұсынады. Бұымды қалай жасағаны және неден жасалғаны туралы айтып беруі тиіс. Бағалау 5 – 1 ұпай аралығында.
1-ші жүргізуші: Ата — бабамыздың ежелден келе жатқан салт – дәстүрлерінің бірі — қонақжайлылық. Қандай жағдайда да „құдайы қонақпын» деп келген адамды кеудесінен итермей, жылы шыраймен қарсы алып, қолдағы барымен дегендей, шамасы келгенше сый — құрмет көрсетіп аттандыру әркімнің парызы сияқты болатын. Ендеше, төртінші сайысымыз — ас мәзірін дайындау.
ІҮ кезең «Ас адамның арқауы»
Аруларымыз күнделікті үй тұрмысында аналарына көмекші. Сол кездері аналарының қасында жүріп көптеген нәрсені үйренеді. Сол үйренген заттарының бірін әзірлеп, қазір сіздердің алдарыңызға алып шығады. Ол тағамның қоспасын және қалай жасалғаны туралы айтып беруге тиіс.
2 — ші жүргізуші: Мың бұралған арулар билей басып,
Келеді міне ортаға толқып тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық! – дей отырып, келесі кезеңге өткелі отырмыз.
Ү кезең «Өнерлі ару»
Бұл кезеңде аруларымыз өз өнерлерін ортаға салады. Яғни ән би және өлең т.б.
Бағалау 5 – 1 ұпай аралығында.
1 – ші жүргізуші: Кең даланың ежелгі,
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз – дей келе келесі кезеңімізді бастаймыз.
ҮІ кезең «Сыйқырлы ұяшық»
Бұл кезеңде аруларымыз білімдерін сынамақ. Яғни экранда төрт пән бойынша сұрақтар жасырылған ұяшықтар беріледі. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және математика пәндерінен 10, 20, 30 ұпай бойынша аруларымыз ұяшықты таңдайды, сұраққа дұрыс жауап берсе ұпай сол аруға қосылады.
Қазақ тілі – 10 ұпай – Ата – бәйтерек,
Бала – жапырақ,
Ата- асқар тау,
Ана – бауырындағы бұлақ,
Бала – жағасындағы құрақ.
20 ұпай – Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді,
Атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді.
30 ұпай – Әдепсіз өскен адамнан,
Тәртіппен өскен тал жақсы
Орыс тілі –10 ұпай – Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.
20 ұпай – Жақсы келін – қызындай,
Жақыс күйеу — ұлындай
30 ұпай – Астың дәмін тұз келтірер,
Ауылдың сәнін қыз келтірер
Ағылшын тілі – 10 ұпай — Қызды қырық үйден тыю
20 ұпай — Қыз өссе елдің көркі,
Гүл өссе жердің көркі.
30 ұпай — Ана ізін қыз басар,
Ата ізін ұл басар.
Математика – 10 ұпай — Бұлбұлдың екі құлақ, бір басы бар,
Салдырған сегіз жерден таңбасы бар.
Бұлбұлды жолға салып айдағанда,
Салатын неше түрлі жорғасы бар.
(Домбыра)
20 ұпай — Үш санына қатысты
Үш алысты атаңыз:
Жер мен көк аралығы,
Жас пен кәрі аралығы,
Жақсы мен жаман арасы.
30 ұпай — Төрт санына байланысты ұғымдар
Төрт мүлікті атаңыз:
Бас сандық, тіл кілт,
қол мүлік, аяқ-табақ
2-ші жүргізуші: Өнеріміз сайыста,
Жетелейді алысқа.
Бүгінгі күннің жеңісі,
Достық болып қалуда – дей отырып бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз. Аруларымызға әділ бағасын беретін әділ – қазылар алқасына сөз берейік. Жеңімпаз арумызды анықтайық. Бүгінгі біздің қыздарымыздың өнерін тамашалауға келіп алтын уақыттарыңызды бөлгендеріңіз үшін рахмет. Қош сау болыңыздар.