Home Білім Аңыз ертегілер

Аңыз ертегілер

0
310

М.Әуезов

Аңыз ертегілер де қазақтағы көп ертегісінің бірі. Бұл топтың ерекшелігі, барлығы да тарихта болған адамдар жайынан айтылған, халық шығарған көркем әңгіме, көбінше жасанды әңгіме болады. Жасанды әңгіме деп саналатын себебі, бұлардағы адамдар тарихта болғанымен, мынау аңыз әңгімелерде баяндалатын халдар, уақиғалар, күй жайлар көбінше дәл қалпында болмаған, болуға мүмкін де емес боп келеді. Тек сол адамдарды халықтың ескілікті көркем әңгімесі ескі күндерден ұмытпай сақтайды да, өмір еңбектерін сүюден, қызық көруден, көпшіліктен гөрі ерекше жандар деп санаудан барып тарихта шын болған адамдардың басына, тірлік әрекетіне елдің өз әңгіме, қиялы қосқан іс, мінез, сөздерді жамайды.

Бұл жай алыс ескілікте болған адамдар тұрасында бір болса, тіпті бертінде, жаңада болған тарихтық адамдар жайында да бола береді. Тарихта ел жадында аты қалған, белгілі бір қылық әрекетімен елге даңқты болған кісі болса, соның өмірінде шын болған мінез қалпынан туғызып қиялдық, тың іс, уақиғалар тізіледі. Ондай әңгімелерді аңыз дейді.

Аңыз ертегілерінің тағы бір ерекшелігі ол әңгіме етілетін адамның өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің сүрлеуінен, аңғарынан туады. Сондықтан батыр жайындағы аңыз болса, тірліктегі батырлық іс, әрекетіне қосымша, ұлғайтылып айтылған шығарма болады. Күлдіргі болса оның сол күлдіргілік іс, мінездеріне қосылып, ұлғайтылып, молайтылып айтылған оқиға болады. Қысқасы аңыз әңгіменің тарихтық адамды, біржолата өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды. Мысалы, батыр емес, ақылгөй, дана адам болса, оны батыр адам етіп, немесе бұқарадан шыққан қарапайым адамды хан етіп, бек етіп өзгертіп әкету болмайды. Күлдіргіні, данышпан, момынды –батыр, батырды – күлдіргі етіп кетсе, ол жол емес, ондай аңыз қонбайды. Осыған қарап, әрбір аңыз әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын кескінінің түбегейлі ерекшеліктері жүреді дейміз.

Сондықтан да бұл алуандас ертегілерді шыншыл ертегінің тобына қосамыз. Негізгі арқауы шындықпен туысқандықтан солай етеміз.

Ал сонымен қатар, жоғарыда айтқандай, шындыққа қосылған үстеме, өсірме ертегілік әсірелік болатынын және ескеру керек. Болмаса аңыз әңгіменің бәрі әрі тарихтағы адам жайынан, әрі негізі шындық арнасынан туып, адамның өзінің тұлғасындағы іс әрекетке жалпы ұқсас екен деп, бұл ертегі емес десек қате болады. Ол сол жаңағы соңғы айтқан сипаттары бола тұра да ертегі. Көтеріліп айтылатын, қиял араласқан көркем әңгіме болғандықтан ертегі. Болмаса дәл адамның, дәл өз басынан кешкен мен болғанды айтса, онда бұл әңгіменің аты тарих болар еді.

Аңызда мысалы тарихта болған Боран батыр, немесе Кенесарының баласы Сыдық жез тырнаққа кездеседі. Ерлік етеді, алысады, жеңеді. Жорығы, ерлігі Боран мен Сыдықтың өз қалыптары. Олар шынында батыр ер болған адамдар. Міне, сол бейнесіне халық әңгімесі жез тырнақты әкеп қосып, солайша әңгімелеуі – өсіру. Шындық әңгімені қиял мен ертегі етіп аңызға айналдыруы.

Аңыз ертегіні қазақ халқы да және одақтағы қазақ сияқты басқа халықтың бәрі де Ұлы Октябрь революциясынан кейін де көп туғызды. Кейде Ленин, кейде Чапаев сияқты халыққа даңқты, қадырлі болған адамдар туралы тарихтағы болмыстарынан басқа, тыңнан, қиял арқылы жаңа уақиға, көркем әңгімелер шығарып ертегі аңыз айтып жүргені көп.

Міне осындай жалпы ерекшеліктерін айта келіп, қазақтағы аңыз ертегінің кең көлеміне қарасақ бұл түрдің аса бір көп бай әңгімелер екенін байқаймыз.

Қазақтың өз тарихында болған, ел ісіне еңбегі сіңген хандар арасынан Қасым хан, Алаша хан, Есім хан, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Абылай жайларынан айтылатын аңыздар бір алуан. Бұның көбі жиылып хатқа түсіп зерттеле өзі бір бөлек тарихтық аңыз болғандай.

Ел ерлері Сырым, Кене, Исатай, Ер Жәнібек, Амангелді, жайындағы аңыздар да не алуан қызық көркем қысқа әңгімелер, халық әңгімелері боп келеді.

Әріде, ескіде болған көне дәуірлердің сүрлеуі сияқты боп сақталған бір топ аңыздар Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір көреген жайларын баян етеді. «Қазақтың» қазақ аталуы туралы, үш жүздің неден болғаны туралы айтылатын көмескі бұлдыр аңыздар да көп.

Осы қатарға қосылатын, қазақ айтатын бір топ аңыз ертегі, дін ертегісі боп келеді. Ислам дінімен, шығыс елдерінің ішін аралап келген көп әңгімелер Сүлеймен пайғамбарды, Қыдырды, Дәуітті, Ескендір Зулқарнайынды, Қарынбайды, Атымтай жомартты аңыз етеді. Бұлардың жайларындағы әңгімелерді, негізі жақын шығыстан келгенмен, қазақ халқы өзінше шеберлеп, өңдеп өз тұрмыс, санасына ыңғайлап тыңнан әңгіме еткендей, өз тумасындай қып жіберген. Сондықтан қазақтағы барлық аңыз әңгімелер жиылып зерттелгенде, бұлар да қатар ескеріледі.

Жаңа замандарда туған аңыз ертегілерді айрықша жинап зерттегенде 1916 жылғы көтеріліспен байланысты, Аманкелді, Бекболаттай елдің өзінен шыққан ерлер аттарымен байланысты аңыз-ертегілер бір бөлек тексерілуі шарт. Әсіресе осыған жалғас Ұлы Октябрь революциясы жайында, азамат соғысы турасында, және Ленин аты мен Қызыл Армияның істерімен жалғас туған аңыз ертегілер ерекше орын алып, осылар сияқты одақтық өзге елдерінің орталарында туған аңыз ертегілермен салыстыра тексерілу шарт болады. Қазақтың ертегілі байлығын ғылым жолымен тереңдеп танып, толық қамти тексеру сол ұқсас әңгіме түрлерін салыстыра тексеруде болмақ.

Аңыз ертегілерін әзіргі тексеруде, жаңағы аталған көп түр, мұралары жиналып жазылып болмағандықтан, бар аңыз ертегіні алмай, бірнеше нақтылы деректі, айқын үлкен аңыздарды ғана аламыз. Ол аңыздар қазақ халқының көне тарихы мен көптен бірге жасап, үнемі ұмытылмай келген және өздерінің бір-бірінен алуаны, сыры бөлек әңгімелер. Бұл аңыздардың әдебиет тарихына, фольклорға көркем түр боп ертеден араласқандығынан жазбаға түсіп, неше алуан қымбат мағына мазмұнымен, тіл өрнек, кестесімен, әңгімелену шеберлігімен, қоғамдық идеялық мүддесімен асыл қазына болған ерекшеліктері бар. Сондықтан осындай аңыздар көп әңгіме ететін бірнеше адамның жайлары жеке-жеке тексеріледі.

Қазақ халқының тарихымен қатар фольклоры сақталған бұл адамдар бірнешеу. Олар: Қорқыт, Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдаркөсе және жалпы шығыс елінің бәріне ортақ Қожанасыр.