Әңгіме: Балалар арасындағы қызғаныштың 8 себебі

0

Қызғану сезімі барлық адамның жаратылысында бар, одан ешкім толығымен бас тарта алмайды. Бұл сезімнің адам өміріне қосар үлесі көп. Дегенмен де, қызғаныш шектен тыс болған жағдайда өмірді қиындатып жібереді. Ал, егер қызғанушы кішкентай бала болса, өмір одан ары қиындай түседі… Балаларда қызғану сезімі, шамамен, 2 жасында басталады.

Негізінде, ата-ананың ұстанымдары мен баланың сыртта көрген көріністері баланы қызғанышқа итермелейді. Яғни, баланың өз бауырын қызғануына үлкендер өзіміз себеп болып жатамыз. Қазір сол себептерді тізбектеп, санап көрсек:

1. Әке-шешенің балалары арасында теңдік орнатуға тырысуы бауырлар арасында қызғаныштың басталуына себеп болады. Негізінде, әке-шеше балалар арасында теңдік орнатуға емес, әділдік орнатуға тырысуы қажет. Өйткені, әрбір баланың жаратылысы әртүрлі болуымен қатар, дүниеге келу уақыты да әртүрлі. Осы өзгешеліктерге мән бермей, екеуіне де тең қарау, екеуінің біреуіне әділетсіздік жасау болып табылады.

2. Әке-шешесінің өзіне әділетсіз әрекет еткенін сезген бала оларға деген сенімін жоғалтса, бұл сенімсіздігі оның қызғанышына себеп болады.

3. Тұңғыш балаға бұрыннан бері ие болған мәртебесін жоғалтпағанын көрсету керек. Әйтпесе, кішкентай бауыры дүниеге келген кезде тұңғышы алаңдайды және «анасы кішкентай бауырына көбірек көңіл бөліп, өзін бұрынғыдан аз жақсы көре бастады» деп қайғырады. Бұл жағдай баланың қызғанышын туындатып, бауырына күш қолдануға дейін апаруы мүмкін.

4. Балалар арасындағы жас айырмашылығы да қызғанышқа себеп болуы мүмкін. Жас айырымы аз болған балаларда қызғаныш сезімі жиірек кездеседі. 2 жасар баланың бауыры дүниеге келгенде қызғаныштың туындауы табиғи. Өйткені, 2 жасар баланың «мен» сезімі басым болады, бөлісуді жақтырмайды. Әке-шешесінің көңілі басқаларына ауғанын ұнатпайды. Мамандар балалар арасы жас айырмашылығы 3-4 жас болғаны жөн деп ойлайды. Құрандағы емізу жасы 2 жас екенін ескерсек, мамандардың ойымен еріксіз келісуге тура келеді.

5. Балалардың біреуі отбасы мүшелерінің біреуіне көбірек ұқсатылуы және оның ашық түрде сөз болуы екінші баланың өзін «керексіз» сезінуіне себепкер болуы мүмкін. Бұл сезім де қызғаныш туындатады.

6. Әке-шешесінің табиғи емес әрекеттері де қызғаныш сезімін оятуы мүмкін. Мысалы, бауыры дүниеге келген баланың анасы перзентханадан келе жатқанда баласына сыйлық алып: «мына сыйлықты саған бауырың әкелді» десе, үлкен бала да кішкентай нәрестенің сыйлық әкеле алмайтынын білетін жаста болса, бұл жағдай оны таң қалдырады және анасының сөзіне сенімі азаяды.

7. Нәрестенің жынысы да қызғаныш сезімін оятуы мүмкін. Атап айтар болсақ, қыз баланың інісі дүниеге келген кезде «әке-шешем менің жынысымды ұнатпады» деп ойлауы мүмкін. Әсіресе, отбасында баланың жынысына ерекше көңіл бөлініп, бұл жағдай жиі тілге тиек етілетін болса, бауырлар арасындағы қызғаныштың туындауын күтуге болады.

8. Үйге келген қонақтардың немесе туысқандардың қызық үшін айтқан сөздері қызғаныш сезімін оятуы мүмкін. Мысалы, кішкентай баладан «сенің шаштарың неге әпкеңдікі сияқты бұйра емес (ұзын емес)» , «ойбу, ініңнің бойы сенікіне жетейін деп қалыпты ғой, жақында сені озып кетпесін» секілді орынсыз сұрақтар мен сөздер бауырлар арасында керексіз сезімдердің туындауына себепкер болады. Балалар арасында бақталастық оятып, бір-біріне деген ашуларын тудырады.

Елжас Ертайұлы
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!