Әңгіме: Айдың әппақ сәулесі…

0

Өңім бе, не түсім бе, жанарымның жарқылы сол бір бейтаныс бейненің әлденеше рет бой көрсетуін тағы бір мәрте аңғарғандай. Көзайым боларлықтай таңғажайып па екен өзі? Әлде, көз жауын алатындай емес, көңілге дақ салатындай келбетсіз кескінге, тартымсыз тұрпатқа ие ме? Сансыз сауалдар санама сыймай, сергелдеңге салды. Ойыма оралса – жаным тыныштық табады, жадымнан жырақтаса – көкірегімді мұң кернейді. Қандай алапат күш бұл? Жүрегімді жібітетін, тілегімді тірілтетін…
Атырған таңымның алаңы осы бір кейіпкермен басталып, батырған күнімнің белесін тағы да осы сұлбаның суретін кескіндеумен өткізу әдетке айналғанына міне үшінші тәулік болыпты…
Көктемнің шуақ төгілген сәуір кезі. Сәуірдің тәуірлігі сол – жағалаудың бойымен басқан әрбір қадамымда баяулап соққан самал желдің лебін сеземін, жаным рахаттанады. Ақ Жайығым өзінің сарынымен толқындатуда. Мен де кезекті бір ойға шомылып, жағаның бойымен жылжып келемін. Ой түкпірінде сол бейтаныс кейіпкер. Бұл менің күнделікті Жайық ағысымен сыр бөлісуім болып қалыптасты – кешкісін қараңғы түнде үйлердің жарқ-жұрқ еткен жарығымен Жайықты аралау, белгісіз жанның парасат-пайымын бағамдау.
Осындай қиял жетегіне ерген кезекті кешқұрым уақытта он адым жерден тізе құшақтап, басын салбырата төменге қаратып, әлденеге алаңдап отырғандай көрінген қыз баланы байқадым. Бойжеткеннің жанына жақындауға алғашында ұятым жібермеді. Дегенмен, жағдайы қиын секілді көрінді. Жәрдемдеспек ниетпен ақырындап жанына барып, мәмілеге тартпақ болып едім, жылап-сықтап отырғандығын аңғардым. Мәселенің мән-жайын сұрап, жақсы пейілмен көмек қолын ұсындым. Басын сәл көтеріп, маған қарай қарағандай болды. Иә, қарағандай… Қарайтындай қос жанарының саулығы жарық дүниені көруге жетпейді… Көркінің әсемділігіне көзің тоймайтын хас сұлудың денсаулығын Алла Тағала бір мүшеден кеміс қылған екен. Бірақ… Менің жүрек отымды маздатып, күні-түні тұла бойымды жаулаған риясыз сезімнің кейіпкері осы емес пе? Иә, дәл өзі! Таң қаларлық жәйт сырт көзге. Алайда, менің сенімімде бұл жанның ерте ме, кеш пе, алдымнан іздемей-ақ тағдыр соққан соқпақ жол арқылы кездесуі – жазылмаған заңдылық. Бұл мезет – өмірімнің әшекейлі өрнегі. Осы шұғылалы сәт, одан кейінгі таныстық кезеңдер біздің өміріміздің мәніне ұласты. Арамызда бір көрмесе сағынатын құштарлық сезімі пайда болды.
Оның қос жанарының кемшілігі ара-қатынасымызға ешқандай кедергі келтіре алмады. Себебі, бір-бірімізге деген таза кіршіксіз көңіл нағыз махаббаттың үлгісін көрсете білді.
Қайырымдылық – адам жанының нұры. Жүзінен иман нұры төгілген мейірімді жандардың көмегімен күн сайынғы құлшылығымыз қабыл болып, қымбат тұратын шет елде жасалған отаның арқасында жан-жарымның көру мүмкіндігі қалпына келді. Алуан түсті бояулармен көмкерілген қызылды-жасылды ғұмырдың барлық құбылыстарын өз көзіңмен көргенге не жетсін? Қараңғылықтың артынан жарық түсетіні секілді, көптеген қиыншылықтардан соң біздің де бес күндік фәни дүниедегі тіршілігіміз қалыпқа келгендей.
Сол бір көктем кешіндегі айдың әппақ сәулесі Жайық бетімен шағылысқан шақта көптен күткен өмірлік жарымды жолықтырған едім. Дәл сол сәтте сол жарық сәулені көру мүмкіндігіне ие бола алмаған ғажайып кейіпкерім бүгінде отбасы – ошақ қасында түтін түтетіп отырған ұл-қыздарымның аяулы отанасы, шаңырағымның шамшырағы.

Айсәуле Ардаққызы

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!