«Ана тілі сабағында көркем әдебиетті қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту»

0



Ұстаз тілегі сайтында материал жариялап тегін сертификат, алғыс хат және құрмет грамотасын алуға болады. Ол үшін сайтқа тіркеліп материал жариялау керек. Сайт бойынша барлық сұрақтарды 8-771-234-5599 номеріне ватсап арқылы қоюға болады

«Ана тілі сабағында көркем әдебиетті қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту»

Бағыты: Бастауыш сынып Бөлімі: Ғылыми жұмыстар Сыныбы: Басқа

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы
Жусансай жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттіке мекемесі

Шығармашылық жұмыс

Тақырыбы:
Ана тілі сабағында көркем әдебиетті қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту

Бастауыш сынып мұғалімі:

Срайлова Улжан

Жоспары:

I. Кіріспе

II. Негізгі бөлім
Ана тілі сабағында көркем әдебиетті қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту
III. Қорытынды

IV. Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе
Бүгінгі Қазақстан – жаңа принциптерге негізделген егеменді мемлекет. Үкімет білім беру мекемелерінен тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетті ел болу жолындағы талабына сай азаматты оқыту ісін жаңа сапалы өзгеріске толы деңгейге көтеруді талап етуде. Мұндай үлкен жауапкершілікті іске асыратын, әрине ұстаз. Білім бұлағының көзін ашу бастауыш сыныптан басталады. Олай болса, бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Озық ойлы, тапқыр да, нәзік, сезімтал, пайымды шәкірттердің іскерлігін мүмкіндігін ескеріп, бағыт-бағдар беру, ой-өрісін дамытатындай логикалық ой тастау әрбір ұстаздың міндеті. Өз міндетін нәтижелі орындауда әрбір ұстаз сабақта түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады.
Қысқаша психологиялық – педагогикалық сөздік әдіс — мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған іс-әрекет – деген анықтама береді.
Олай болса оқыту әдістері – оқытудың мақсат-міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы болып табылады. Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәжірбиелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етуімен байланыстырады. Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал тәсілдерімен қатар оның құралдарын да пайдаланады.

Жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алары анық. Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. Халық ауыз әдебиеті үлгілері балаларға мейлінше жақын, барынша түсінікті дүние болғандықтан, ол арқылы балалар айнала қоршаған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік, әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алады.

Негізгі бөлім
Ана тілі сабағында көркем әдебиетті қолдана отырып бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту

Балалар фольклоры – ауыз әдебиетіндегі бала тәрбиесіне арналған халықтың педагогиканың өмір тәжірбиесінен алынған шығармалар жиынтығы. Балалар фольклоры балалардың психологиясына, жас ерекшелігіне қарай қалыптасып, олардың адамгершілік ізгілік қасиеттерге тәрбиелейтін ең сенімді құралы болып келеді. Негізгі салалары – бесік жыры, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлық жырлар.
Ауыз әдебиетінің қай жанрын алсақ та, оның педагогикалық тұрғыдан тәрбиелік-білімділік мүмкіндіктерінің сан алуандылығы көрінеді. Балалар фольклоры жанрларының ішінде жаңылтпаштардың орны ерекше. Бұл жанр сөздерді бұрмалай айтуға, ойын ашық дәлелді жеткізуге жаттықтырады, бала тілін ширатудың қолайлы құралы. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеуге үйрету үшін қиын дыбыстары бар сөздерді балаға неғұрлым жиі қайталатса, онда бала сөйлегенде өз ойын дұрыс жеткізуге дағдыланады. Жаңылтпаш балалардың көңіл-күйінің көтерілуіне әсер етеді. Қазіргі кезде жаңылтпаш жаңа мазмұнға ие болып, түрі мне мазмұны жағынан молыға түсті. Жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеудің маңызды құралына айналды.Оларды өзіндік мәніне қарай ажыратып белгілі бір мақсатта қолдануға болады.
Егеменді еліміздің талабына сай мемлекеттік тілді меңгеру, оқыту, қазіргі заманға сай білімді де, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу педагогтар еншісінде. Бастауыш сыныптағы балаларға тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұйымдастыруда олардың сөйлеу, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, құрастыра сөйлеуге, сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлген жөн.
Заман өзгерген сайын әдіс – тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс — тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын арттырады. Сонымен қатар тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу барысында балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді, сабақ өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады. Ойын – оқу үдерісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық санат. Тіл дамытуда ойынды көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, ойыншықтар, музыка және т.б. материалдар сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады, ауызша сөйлеу түрлері кеңейеді. Әрбір сабақта ойын түрлерін және өзара сөйлеу үлгілерін тақырыпқа сай қолданған жөн және тиімді. Тіл дамыту барысында ойын элементтерін дидактикалық материал ретінде пайдаланудың пайдасы бар. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді.
Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіру.
Сабақтың ортасында – көңіл-күйін сергіту, ерік-жігерін дамыту, сабаққа ынтасын арттыру.
Сабақтың соңында – тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.
Ойын арқылы балалардың тілдерін дамытып, сөздік қорын байытады, жаңа материалды жақсы қабылдайды, есте сақтайды, зейіні дамиды, қызығушылығы артады. Мектепке дейінгі ұйымдарда сөздік қорды дамыту жұмыстары түсіндіру, сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, көрнекілік әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады. Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті — сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану.
Түсіндіру әдісі — жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады. Сабақ сайын үйретілетін жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік жұмысында іске асады.
Көрнекілік әдісі – сабақ сайын жүргізілетін әдіс. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды болуы керек .
Мысалы : Ұлттық заттар тақырыбын өткен кезде киіз үйдің суретін көрсету арқылы немесе кәдімгі ойыншық киіз үйді көрсету арқылы жүзеге асырылып отырады.
Мысалы: Алма сөзін алманы көрсету арқылы ұғындырамыз. Бұл әдіс – жеміс- жидектер, ойыншықтар, тағамдар, тақырыптарында жүзеге асады. Әр түрлі тірек кестелер және таблицалармен сөздерді, сөз тіркестерін үйретуге болады.
Мысалы, алманы сипаттау: алманың түсі қызыл, пішіні – домалақ, дәмі – тәтті. Ол ағашта өседі, жеміс. Мен алма жеймін.
Мысалы, жемістер – көкөністер тақырыбына байланысты Дүкен ойынын ойнауға болады.Үстел үстіне жемістердің муляждарын сатуға қойып, ойнау. Бала дүкен ойыны кезінде дүкенге кіріп амандасады, керек затын сұрайды. Маған алма беріңізші. Қандай алма аласыз? (түстерді ажырата білу). Мынау ащы, тәтті деген сөздер сөйлемде қолданылады.
Осы тақырыпқа байланысты мынадай ойындар өткізуге болады: Дәмінен ажырат, Не артық?, Қанша жеміс көрдің, соншама қол шапалақта, балалардың назарын бақылау үшін кез келген сөзге емес тек қана жемістерді естігенде шапалақтау, жұмбақ жасыру, мысалы түсі қызыл, сары, дөңгелек тәтті ағашта өседі – бұл не? және де басқа да тақырыптарға келтіруге болады.
Дыбыстық жаттығуларды өткізуде балалар сөздердегі қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттығады, дауыстың ырғағы дамиды.
Мысалы: шақ – шақ – шақ – кішкентай құлыншақ.
Ыр- ыр – ыр – ырылдайды қасқыр.
Балалардың дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіруде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Балабақшада балаларды дұрыс сөйлей білу мәдениетіне айнала қоршаған ортамен, сондай-ақ көркем әдебиетпен теңестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балалардың қиялын шарықтатып, ойлау қабілетін ұштауға болады.
Дидактикалық материалдармен балалар жаттыққан сайын олардың зейіні, тапқырлығы, ынталылығы, өзіндік ойлау жұмысы дами түседі. Балаға әңгімелеп айтуға, оқып тыңдауға, жаттауға арналған материалдар олардың даму деңгейіне, жас шамаларына лайықты болу қажет.
Балаларға топтардағы суретті кітапшаларды көрсетіп, мазмұнын айтып беру қолайлы. Бұл жастағы сәбилерге оқиғасы сәтті аяқталатын, қорқыныш сезімін тудырмайтын болу керек.
Оларға Бесік жыры, Бауырсақ, Торғай, Мақта қыз бен мысық сияқты шығармалар арқылы дыбыстарды анық айту, байланыстырып сөйлеу, әңгімелей білуге үйретуге болады.
Ертегі сахналау арқылы балаларды рольге бөліп беру, әр кейіпкердің дауыстарын келтіріп айтуға машықтандыру қажет.
Шығармаларды оқыған кезде іс-әрекеттерге байланысты жаңа сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп отырған жөн.
Дыбыстарды анық дұрыс айта білуге жаңылтпаштардың да орны ерекше. Ал жұмбақ баланың сөйлеу қабілетін дамытады. Жұмбақтың шешуін табу арқылы заттардың, жан-жануарлардың, киім-кешек аттарын есте сақтау қабілеті күшейеді. Бала тілін дамытуда мақал-мәтелдердің де алатын орны ерекше. Қазақтың мақал-мәтелдерінің көбісі елдікті, ынтымақты, жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік береді.
Балалармен күннің ІІ жартысында ойналатын дидактикалық ойындар, желілі — ролді ойындары арқылы сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға болады.Әрбір сұрақтарға толық, әрі нақты жауап бере білуге дағдыландыру керек.
Естігендерін қайталап айтып, қандай кейіпкердің бар екенін балалар айтып берді. Сонымен қатар сөздік жұмыс жүргізу, сұрақ-жауап ала отырып, сөздік қорларын байытып, әңгімелей білуге үйрету.
Көркем шығармалармен балаларды ерте кезден таныстыру, оқыту тәрбиелеу істерінде қолданып отыру арқылы балаларды еркін сөйлеуге, түсініп, мәнерлеп айтуға дағдыландыру керек.
Қорыта айтқанда, бастауыш сынып балаларының тілін дамытуда әрдайым әдіс-тәсілдер ізденуде болу керек. Ойын – балалардың негізгі іс — әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Сондықтан да тіл дамыту сабақтарында сөздік қорын байытуға ойын элементтерін пайдаланудың балалардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.
Бастауыш сынып балаларының дүниетанымын, ой өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, эстетикалық талғамын арттырып, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше.
Әдеби шығармаларды мұғалімнің мәнерлеп оқып беруі бойынша ғана сөз сырын санасына ұялатады.
Ертегі, шағын әңгіме, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөз жанрларының ежелден-ақ тәрбие ісінде зор көмекші екені белгілі. Балабақшада тәрбиеленбеген, әлі мектеп жасына жетпеген ауылдық жерлердің сәбилері кішкентай күнінен өз әже-аталары мен әке-шешелерінен естіген халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан нәр алып өсетіні белгілі. Мұндай шығармаларды сәбилер қызыға тыңдайды, жылдам жаттап алады. Мысалы: Торғай, Бақа-бақа балпақ, Қарғалар, Санамақ, тағы басқалар сияқты халық өлеңдері ойнақы тілімен, қайталама сөзімен, музыкалық үнімен бөбектерді баурап, сөз өрнегіне баулиды.
Сол себепті де бастауыш сыныптарда балаларға әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмысы арнайы бөлім , халық ауыз әдебиеті үлгілерінен Бесік жыры сияқты ойнақы өлеңдер, санамақтар берілген.
Көркем шығармаларды тыңдауға бала сәби кезінен-ақ құмартып, қызығады. Қысқа ертегі, өлең оқып берсе, тез жаттап алады. Жаттау арқылы оның тілі жетіледі. Әдеби кейіпкерлердің жақсы ісіне сүйсінеді, жаманынан жиренеді – бойын қорқыныш билейді. Балаларда жақсы және жаман іс-әрекет жөнінде түсінік пайда болады. Сөйлеу тілі жетіле түседі. Ал тілінің дамуы – баланың бойында қабылдай – ести білу сияқты психологиялық процестердің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.
Әдеби шығармаларды оқу мен сабақты жоспарлауда мына жағдайларды өте мұқият ескеру керек:
1 Әрбір шығарманы оқып берерде баланың жас ерекшелігі, осыған
байланысты тәрбие жұмысының мақсаты мұқият ескерілуі шарт. Шығарманың лайықтысын ғана алу керек. Лайықты бөлімінен кейбір үзінді ғана алынады.
2 ана тіліне арналған .Жоспарда қандай шығарма оқылуы керек, оған байланысты бақылау жұмысы, суреттер, ойындар нақты көрсетіледі. Әрбір ойынның мақсаты белгіленеді (білімін бекіту немесе сөздің дыбыстық жағын дұрыс айтуға жаттықтыру сияқты).
3 оқылатын шығарма тәрбие жұмысының әр саласын қамтитын
болсын. Мысалы: жануарлар, жыл мезгілдері, еңбек, мерекелер туралы және тазалыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке баулитын шығармалар.
4 көркем шығарманы оқығанда шығарманың мазмұнына лайықты
суреттерді пайдаланған жөн. Ал шығарманың мазмұнын сурет арқылы жылдам түсінеді. Бала кейде кітаптың бетін ашып отырып, суреттің астына жазылған өлең жолдарын дәл тауып, өз бетімен оқып отырғандай әңгімелеп береді. Балаларға шығармаға байланысты қажетті суретті шығарма оқылған соң берген дұрыс. Өйткені шығарманы оқудан бұрын сурет көрсетілсе, балалардың бар ынтасы сол суретке ауады да, мұғалімнің оқығанда зейін қойматын болады.
Оқылған шығарманы әңгімелеп айтуға үйрету сабағының үлгі жоспарын төмендегіше құруға болады:
1 мұғалімнің кіріспе әңгімесі.
2 мұғалімнің әңгімені оқып беруі.
3 оқылған әңгіме, ертегі мазмұнын көмекші сұрақтар қоя отырып айтқызу.
4 шығарманы қайталап оқу, шығарма мазмұнын балаларға айтқызу.
Мұндайда қысқа әңгіме, ертегі мазмұнын бір балаға, көлемді шығармалардың мазмұнын бірнеше балаға айтқызуға болады. Егер әр алуан жастағы балалар аралас болса, алдымен ересек, естияр балалар әңгімелеп айтады, сәбилер тыңдап отырады.
Әдеби шығармаларды оқып, тыңдату (ересек топта), әңгімелеп беру, әңгімелету, жаттату сияқты сабақ түрлері экскурсия, бақылау, санау, музыка, бейнелеу өнері сабақтарымен байланыстыра жүргізілгені жөн. Бұл сабақтар бірінің мазмұнын бірі толықтырып отырса, тіпті жақсы.
Бағдарламаға сай мұндай жұмыс баланың жас ерекшелігіне қарай, сабақ мақсатына сәйкес берілетін білім-дағдылар (пән аралық байланысты ескере) бір-бірімен байланыстыра өтіледі. Осылай оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту принципі бастауыш сыныптардан бастап баланы өзіне қойылған сұрақты түсінікті, оған дұрыс, толық жауап беруге, өзі басқаға сұрақ қойып, жауап алуға, үйрету міндеті іске асады. Осы білім-дағдыларды меңгерте отырып, мұғалім баланы айналасындағы адамдармен амандасу, әдепті сөйлесу, алғыс айту, жылы шырайлылық білдіру сияқты мінез-құлық әдептеріне үйретеді. Мысалы, Ә. Дүйсенбиевтің Не деу керек? деген өлеңінен үзінді оқығанда мұғалім мына мақсаттарды көздейді: өлең түріндегі шығарманы тыңдай білуге, жатқа айтуға үйрету; рахмет, кешіріңіз, тағы басқа ізеттілікті аңғартатын сөздерді айтуға дағдыландыру, осы сөздерді күнделікті қолдана білуге баулу, тағы басқа.Мектепке бармас бұрын да бала әр алуан білім-дағдыларды меңгереді. Бірақ көрген-білгені жайлы айтып беріп, салыстыра алмайды. Ал бала білімін жетілдіру, оқуға үйрету– мұғалімнің жұмысы.
Мұғалім қай тақырыпта қандай шығарма оқыса да, бақылау, экскурсия, әңгімелесу, әңгімелетіп айтқызу сабақтарын өткізсе де, әр заттың, іс-қимылдың сөздік атауларын бала түсініп, дәл тани білуге тиісті.
Әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмыстарындағы басты әдістердің бірі – сөздік жұмысын жүргізу.
Осы мақсаттарға орай әдеби шығармаларды оқу, алған білімдерін тиянақтау, жалпы сөздік қорларын молайта отырып, мағынасы ұқсас, мағынасы қарама-қарсы сөздерді меңгерту, көрген-білгендері жөнінде (салыстыра, теңей айтуға үйрету) алғашқы ұғымдарын қалыптастыру міндеті қойылады.
Шығарма оқу, тіл дамыту жұмысында бастауыш сынып балаларының тыңдау қабілетін дамыту, шағын өлеңді жатқа айтуға, ауызша әңгімелеп берген ертегі, әңгімелеп беруге үйрету көзделеді. Шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылай білуге, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құрауға, бейнелі сөздерді дәл тауып айтуға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге, үйренуге тиісті.
Сабақты мынадай жоспар бойынша өткізуге болады:
1) тексті оқудан бұрын текстке байланысты баланың не білетінін анықтау ниетімен әңгімелесу;
2) шығарманы оқу (сәбилерге ауызша айтылады);
3) әңгімелесу;
4) әңгімелету (суретпен, суретсіз, ойыншық көрсету арқылы);
5) экскурсия, бақылау.
Бала тілін жетілдіруде мынадай міндеттер көзделеді:
1) сөз үйрету жұмысын әр топта өтілетін барлық сабақ процесінде ұдайы жүргізу;
2) өмірмен байланысты сөздерді үйрету;
3) шығарманы оқыған кезде жаңа сөз үйрету;
4) оқылған шығарма мазмұнын қайталап түсіндіру.
Жаңа сөз үйрету, үйренген сөзді қолдану жағына көңіл бөле отырып, баланың жас ерекшелігіне орай сөз санын белгілеп, сабақ тақырыбын баланың нені игергенін, нені игерту керектігін ескере белгілеу. Осылайша баланы үйренген сөзді саналы қолдана білуге, жаңа сөздермен сөз қорын молайту дәрежесіне жеткізу қажет. Үйренген сөзді қолдана білуге үйрету, сабақта және сабақтан тыс әр алуан серуен, ойын, еңбек процесіндегі жаттығу жұмыстарында іске асады .Бастауыш сынып балаларының сөз қорының басым көпшілігінің зат есім, етістік сөздерден болатыны, ал сын есім, сан есім, есімдік, тағы басқа сөздердің сөз таптарының аздығы көрініп жатады. Сондықтан сөзге үйрету ісінде заттың түр–түсі, формасы, кейде түрі ұқсас заттарды салыстыра отырып жауап алу, білмегенін түсіндіру қажет. Екінші кезекте Сен нені қалайсың?, Танып ал, атын ата деген дидактикалық ойын (ұсақ суреттемен) ойнату орынды. Енді бірде қысқа тақпақтар оқылады. Сабақ жемістер жайында болса, олардың суретін көрсете отырып, тақпақ оқылады.
Мұғалім суреттерді көрсете отырып, Жеміс ағаштары көктемде қайтеді? Қандай жемістерді білесіңдер? Дәмі, пішіні қандай? Шиенің дәмі қандай? Алманың дәмі қандай? Пішіні неге ұқсайды? деген сияқты сұрақтар қойып, жауап алады.
Осыдан соң Формасын таны, Қайда өседі? деген дидактикалық ойындар басталады. Ойын үшін жеміс–жидек суреттері әзірленеді. Мұғалім ойын ережесін түсіндіріп, суреттерді үстел үстіне араластыра тастайды. Шақырылған бала жоғарыдағы сұрақтарға сай жемістерді сипаттап айтады, екінші бала топ болса, сол жеміс туралы тақпақ айтады.
Жемістер жөнінде әңгімелесу сабағының қысқаша жоспары былайша болады:
жыл мезгілі, жемістер туралы әңгімелесу. Бұрын үйренген сөздерін қолданып, дұрыс жауап беруге үйрету.
жемістер туралы өлең оқу. Өлеңдегі салыстырма сөздерге (эпитет, метафора, синоним) көңіл бөлу. Сол сөздерді қайталату. Өздеріне салыстырту.
Үйренген сөздерін қосып сөйлем құрату.
Балалар бұл сабақта: гүлдейді, бүршіктенеді, қышқыл, жұмыр, домалақ, сары, алтындай, тағы басқа сөздерді игереді. Заттың түр-түсін, пішімін, қажеттілігін, сапасын танытып, білдіру ісінде балаға тапсырма беріп, орындату, өзіне тапқызу, атын, іс-әрекетін айтқызуға тиімді.
Тіл дамыту бойынша дидактикалық ойындарды мынандай топтарға жіктеуге болады. Олар:
— баланың тілін дамытуға бағытталған дидактикалық ойындар: жаңылтпаш ойындар, Қуыр-қуыр қуырмаш, Малдың төлін шақыру, Сөйлем жарыс, Сурет сыры, Сөйлем қуаласпақ, тағы басқа;
— сөйлем, сөз, олардың өзара байланысы туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған ойындар: Қай сөзді жоғалттым?, Не қажет?, Орамал тастамақ, Домино, тағы басқа;
— заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздерді меңгертуге бағытталған ойындар: Суретті лото, Ғажайып қоржын, Сиқырлы сандық, санамақ ойындар, жұмбақ ойындар, тағы басқа.
Оқушылардың тілін дамытуға байланысты сабақтарда жұмбақ ойындарды көбірек пайдалану өте тиімді, олар баланың ой-өрісін кеңейтуге, өз бетімен ойланып, заттар мен құбылыстардың сипатталуына, баламасына қарай олардың атын табуға, сөздік қорын молайтуға үлкен септігін тигізеді.
Біз балалардың тілін дамыту, білім деңгейін молайту мақсатында төмендегідей жұмбақтарды пайдаландық: киімдер туралы Барады, барады, аузын ашып қалады (кебіс), жануарлар туралы Таптым, таптым тап жорға, табаны жалпақ боз жорға (түйе), тағы басқа. Бұл жұмбақ ойындар сабақтарда жарыс түрінде көрнекі құралдарды пайдалана отырып өткізіледі. Олар балаларды тапқырлыққа үйретеді, ой-қиялдарының өсуіне көмектеседі, қызығуы мен белсенділігін арттырады. Сондай-ақ балалардың тілін дамытып, өз бетімен шығармашылық ізденісін, эстетикалық талғамын жетілдіреді.
Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың кейбір әріптерге, р, л, с, ң дыбыстарына тілдері еркін келе бермейді. Бұл жерде жаңылтпаш – ойындарды пайдаланудың мәні зор.
Тәрбиелік – қоршаған ортаға құнды, сыйлы қатынасты қалыптастыру.
Дамытушылық – тәрбиеленушілердің физиологиялық және психикалық процестерінің (қабылдау, ес, қиял, зейін, ерік) дамуын қамтамасыз ету .
Балалардың оқу материалдарын қабылдауды ұйымдастыруда құрғақ сөзбен жеткізгеннен гөрі балалардың тілін, танымдық процестерін дамытатын әр түрлі дидактикалық көрнекіліктермен жүргізілген жұмыстардың қабылдануы, балалардың сабаққа деген белсенділігінен, қызығушылығынан, берілген тапсырмаларды дұрыс, әрі тез орындауларынан, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берулерінен көрінеді.
Көрнекілік – оқытуда заттар мен дыбыстардың өзіне тән жаратылыс бітімін, сыр-сипаттарын сезім мүшелері арқылы көзбен көру, қолмен ұстап, құлақпен естіп қабылдауға баулитын дидактикалық құбылыс. Көрнекілік тәрбиешілердің шығармашылық ізденісі мен әдістеме жаңалықтарға қарап, оқу барысында шебер пайдалана білуді талап етеді. Көрнекіліктерді пайдалануда қазақтың ұлы педагогы Ы. Алтынсарин да зор көңіл бөлген. Қазақ жастары ғылым өнерді, кітап сөзі деп қарамай, заттай көзімен көріп, ажырата білулері керек деген.
Көрнекілік ежелден қолданып келе жатқан принцип.
Көрнекіліктің негізгі түрлері:
1 нақты көрнекілік – яғни заттар мен құбылыстарды тікелей көрсету;
2 бейнелеу көрнекілік – бұл сурет, схема, кесте, плакат, диаграмма;
3 дыбыстық – үнтаспа, диафильм;
4 көркем сөз арқылы бейнелеу – мұғалім оқушыларға заттар мен құбылыстарды түсінікті де жеңіл баяндау.
Аталған көрнекі құралдары мұғалім сөзін тереңдетіп шыңдай түседі. Балалардың дүниетанымын жетілдіреді.
Көрнекіліктердің оқу үрдісінде алатын орны ерекше. Балалар жаңа білімді тәрбиешінің сөздік хабарынан алады, ал көрнекілік оларды нақтылайды және растайды. Мектепте мемлекеттік стандартқа сай тіл дамыту сабағы енгізілді. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау жалпыдан жекеге қарай, яғни жеке тұлғаны дамытудың балғынның тілдік қорын дамытып, білімі мен біліктігін кеңейте отырып, өзара қарым-қатынаста қолданатын сөз байлығын молайту болып табылады. Әр түрлі сюжетті суреттер, ойыншықтар, кестелер, геометриялық фигураларды, схемаларды қолдануға болады. Мысалы, 1-сыныпта 5 саны тақырыбын өткенде 5 санына байланысты сюжетті суреттерді пайдалана отырып, балалардың сөздік қорын дамытуға болады. Яғни, жеңілден ауырға қарай көшу. Мұғалім сұрақтарды қоя отырып балалардың тілін дамытады. Мұғалім сабақта өзі сөйлегеннен гөрі көбінде оқушыларды сөйлету қажет. Мұғалім жетекшілігі бойынша бала алғаш күнінен өз ойын толық жеткізе білуі қажет.

Қорытынды

Жас ұрпақ бойынан асыл қасиеттері табылсын деген мақсатты ұстаған кез-келген мұғалім барлық сабақта көркем әдебиетті терең меңгертсе, баланың тілі дамып, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамытуына көз жеткізуге болады.
Сондықтан, осы мол байлықтың қайнар бұлағынан жас жеткіншектерді сусындату, оның педагогикалық, дидактикалық, тәрбиелік міндеттерін ұстаздар оқу-тәрбие процесінде орайластыра кеңінен пайдалана білу керек.
Көркем әдебиет үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті мүмкіндіктер көркем әдебиет үлгілерінен табылып, халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшыратынына көз жеткізеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ғылыми әдістемелік педагогтік журнал
Отбасы және балабақша №2. 2012 ж.
2. Әуезов М., Әдебиет тарихы, Қызылорда, 1927
3.Бала тәрбиесі, Отбасы және балабақша журналдары

HYPER13PAGE HYPER15


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.