Ана – өмірдің шуағы балабақшадағы ашық сабақтар

0

Ана – өмірдің шуағы
 

Тәрбие сағатының мақсаты:  Балаларға  әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесі туралы түсінік беру. Мейірімділікке, сый — құрметке тәрбиелеу, ұлтқа тән жақсы қасиеттерді қалыптастыру.
Көрнекілік: Сынып бөлмесі мерекеге лайық безендіру, даналық сөздер жазылған плакаттар. Қонақтардың алдына үлкен вазаларда жанды гүлдер қойылған. 
Таспада С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсінің» ырғағымен екі – екіден қол ұстасқан бір ұл, бір қыз бала келіп орындарына отырады.
Мұғалім: Қымбатты балалар, сүйікті аналар, апалар! Бүгін біз көктемнің алғашқы күні «8 — наурыз» аналар мерекесін тойлауға жиналып отырмыз, мерекелеріңіз құтты болсын!
Бала, бала, бала деп
Түнде шошып оянған,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған;
Аялы қолда талпынтқан
Қаймақты сүттей қалқытқан:
Суық болса жөргегі,
Қорғасындай балқытқан,
Айналасына ас қойып,
Өзенді көлдей шалқытқан,
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек  кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан,
Бұл кім?
Балалар: Ана! Ана! Ана!
Мұғалім: Құрметті аналар, келген қадамдарыңызға гүл бітсін, Сіздерге арналған мерекемізді бастаймыз!
Зияш:
Құтты болсын, аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар, жаз күніңдей жайдары!
Мерекесі бұл көктемнің алғашқы,
Бақыт берсін әр көктемнің айлары
Батырхан:
Құшағына кіргенде,
Жылынамын бір демде.
Не жетеді көзіңе
Мейірімді күннен де.
Анар: 
Ананың біз гүліміз,
Ана – біздің күніміз,
Ұландарды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!
Али: 
Айналайын анашым — әлемдегі жан асыл,
Болса маған не керек, бәрін іздеп табасың,
Айналайын анашым — асқар таудай панасың,
Күн көзіндей күлімдеп, құшағыңа аласың.
Айнұр:
Бал бөбегін баптаған,
Анам үшін мақтанам.
Аялайтын біздерді,
Көп жасасын ақ мамам!
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам.
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам! 

Серік: 
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Аналарды ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Жақсы көрем күлкіңді,
Айналайын ақ анам.
З.Аяулым:
Менің анам сүйкімді,
Бәрінен де жақсы адам. 
Өмірдің қызығы,
Өзіңсіз өтпейді.
Мен үшін анама,
Ешкім де жетпейді.
Рамазан: 
Мейрамыңыз бүгінгі,
Құтты болсын анажан!
Бізді өсіріп баптаған,
Жақсы болсаң шаттанған.
«Алтыным» деп мақтаған,
Айналайын ақ мамам.
Аяжан:
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап.
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген – бәйтерегі өмірдің 
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.
Ернат:
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!
Хор:  Мамочка милая
Мұғалім: 8- наурыз – аналар мерекесі, көктемнің сахнасы. Жылы нұрын төгіп көктем келді, шуағына адамзатты баурап, табиғат құлпырып бір әдемі әлемге бізді апарады.
Алау:
Көлде аққу, көкте қаз,
Орманда бұлбұл сайраған.
Көптен күткен көктем кеп,
Құлпырып дала жайнаған
Танат:
Бүршік шашып, жапырақ ашып,
Даланы гүлдер басады.
Сұлу көктем есігін ашып
Шуағын бізге шашады
К.Аяулым:
Шомылып нұрға атырап,
Ағаштар жайды жапырақ.
Далаға бірден таралды,
Гүлдерден жұпар шашырап.
Би: Гүлдер вальсі  (қыздар тобы)
Мұғалім: Бүгін біздер құрметті де ардақты әжелерімізді ерекше атап құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар» деп халқымыз тек айтпаған ғой.
Асыл: 
Әжемді мейрамымен құттықтаймын,
Айтатын ән, беретін гүлім дайын.
«Әжетай, сені жақсы көремін» деп,
Ақырын құлағыңа сыбырлаймын.
Әділ:
Таусылмайды өлеңі,
Күнде айтып береді,
Барған сайын бір жаққа,
Кәмпит алып келеді.
Әжем мені өйткені,
Өте жақсы көреді.
Раяна:
Өскенде мен ал, енді,
Аралаймын әлемді.
Сыйлық әкеп әжеме,
Таңқалдырам  бар елді.
Мәди:
Әжем менің, ақ әжем,
Ақыл беріп үйреткен
Аппақ әжем, пәк әжем,
Мейіріммен тербеткен
С.Аяулым:
Асыл әжем, мақтанышым менің де
Қонақ болып отыр міне төрімде.
Өзіңе арнап былай тәтті үніммен
Ән салатын кезім келді менің де.
Жандос:
Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман — есен жүр әжем.
Айзере: 
Ақ жаулықты әжемді
Ай — нұрына теңедім
Әр ісінен үлгі алып
Еркін өсіп келемін
Әлижан: 
Ақыл құйған санама,
Күннен де артық расында.
Күн алыста, ал әжем,
Ылғи менің қасымда.
Хор: Әжемнің шәйі
Мұғалім: Балалар, көңіл аударыңдаршы, бүгін біздің қыздарымызда да гүлдей жайнап құлпырып тұр.
Ерасыл:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам
Жанары жаны жаздай жайраңдаған
Қыз өссе – елдің көркі деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам
Сұлтанбек: 
Кетті қысқы ызғар,
Еріп жатыр мұздар
Мерекеңіз бүгін
Қызғалдақтай қыздар
(Қыздарға сыйлық сыйлау)
Вальс
Сайыс:   Қандай жылы сөздерді  анасы мен баласы бірі – біріне арнайды. (Үш ата — ана баласымен бірге бір – біріне  жылы лебіздерін білдіреді. Жеңімпазды  ду қол шапалақпен анықтайтын боламыз.)
Хор: Ақ мамам. 
Аналарға сыйлық тарату. (балалардың өз қолдарымен жасаған гүл шоқтары)

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!


Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!