Алтын күз ертеңгілігі сценарий балабақшада
Музыка ойнап, әсем безендірілген залға балалар келіп кіреді.
Жүргізуші: Келді міне алтын күз,
Сары шашты жарқын жүз.
Мол өнімді ісімен
Таңдандырып халқын күз.
Армысыздар ағайын! Сәлеметсіздер ме, қадірлі
қонақтар! Бүгінгі берекелі де ырысты алтын күз құрметіне арналған мерекемізді бастаймыз.
Жібек: Тоңазып атырап,
Көп жеміс піседі.
Сарғайып жапырақ,
Саудырап түседі.
Балнұр: Аспанды сұрғылт бұлт,
Жан-жақтан жабады.
Күн бірте суытып,
Жауын көп жауады.
Аяжан Е: Көк майсалы көрікті,
Алқаптағы көп егін.
Бұл күндері киіпті,
Сары жібек көйлегін.
Аяжан К: Ағаштардан жамырап,
Ұшты кенет жапырақ.
Ой, алақай, тамаша,
Шашу шашты жапырақ!
Ән « Күзгі жапырақтар».
Ж: Жарайсыңдар! Орындарыңа жайғаса қойыңдар!
Ж: — Ал, балалар, балалар,
Енді бері қараңдар.
Бізге қонақ келмекші
Сендерді бір көрмекші.
Әуелі жұмбақ жасырам,
Қулығымды асырам.
Таба алсаңдар шешімін,
Қонағымды дәл ортаға шақырам.
Жұмбақ: Жиып-теріп болатын,
Қамбаға астық толатын.
Қызыл қырман ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Дұрыс, күз мезгілі. Ал, күзде табиғатта қандай өзгерістер болады екен?
(Балалардың жауабы).
Өте жақсы. Ендеше, уәде еткенімдей ортаға қонағымыз — Алтын күзді шақырайық!
(Музыка ойнап, ішке Алтын күз келіп кіреді).
Алтын күз: Сәлеметсіздер ме, балалар!
Сәлеметсіздерме ме, қонақтар!
Мен — Алтын күзбін! Жайдары, жарқын жүзбін.
Қонаққа келдім сендерге. Сәбіз, картоп, тәтті алма!
Оған достым таң қалма! Жапырақ та сиқырлы,
Ойын ойнар түр-түрлі!
Ж: Рахмет, саған Алтын күз! Қабыл алдық сыйды біз! Отырыңыз жайғасып!
Ал, ендеше, балалар, бекер қарап тұрмаңдар.
Жапырақпен сиқырлы, ойынды тез ойнаңдар. (Ойын «Кім тез жапырақтарды жинайды?»).
Ойыннан соң Алтын күз: Жарайсыңдар, балалар!
Тағы қандай өнер бар?
Ж: Күзде өздері пісетін, тамаққа кеп түсетін
Мақтанбақшы сендерге , көкөністер сан түрлі!
( Ортаға «көкөністер» шығып, өздері туралы тақпақтар оқиды).
Пияз: Асханадан шықпаймын,
Атым — пияз, бұқпаймын.
Көзден жасты шығарам,
Тұмаудан бірақ сақтаймын!
Қызанақ: Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып.
Тұрған ол мен- қызанақ,
Күнге қарап ұялып!
Қос картоп: Картоп- біздің атымыз,
Жер астында жатырмыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз!
Сәбіз: Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянға да азықпыз,
Сәбіздерміз жазықсыз!
Алтын күз: Бәрекелді, керемет!
Ж: Алтын күз, біздің балалар көкөністерді жемістерден қалай тез ажырата алатынын білесіз бе?
Алтын күз: Білмейді екем…
Ж: Ендеше тамашалаңыз. ( Ойын «Көкөністерді ажырат»).
Ж: Жарайсыңдар, балалар! Көрдіңіз бе, Алтын күз, біздің балалар қандай епті, жылдам. Олар сізге қолшатырмен би билеп бермекші.
(Қолшатырмен би).
Алтын күз: Өте жақсы биледіңдер, рахмет, балалар! Қолшатырларың қандай керемет! Қандай ақылды балаларсыңдар!
Көктемде көшет отырғызсаңдар, күзде жемісін жейсіңдер. Адам ағзасына қажетті дәрумендер жемістер мен көкөністерде көптеп табылады. Сондықтан да күнделікті жеп тұрыңдар.
Ж: Алтын күз, біздің қыздарымыз аналары тіккен күздік киім үлгілерін көрсетпекші. Солай ғой, қыздар?! Ендеше «Алтын күз-2012» топтамасын ортаға шақырамыз! Қарсы алыңыздар!
(Ортаға қағаздан, газеттен тігілген киімдер киген қыздар шығып киім үлгілерін көрсетеді).
Алтын күз: Керемет! Қандай әдемі! Балақайлар, менің басқа балабақша бүлдіршіндеріне баратын уақытым болыпты. Мен енді кетейін, сау болып тұрыңдар! Келесі кездескенше!
Ж: Балалар, Алтын күзге рахмет айтайық! Келесі кездескенше аманшылық болсын! (Балалар Алтын күзбен қоштасады. Музыка ойнап Алтын күз шығып кетеді).
Ж: Алтын күздің сыйы- жемістерден де дәм тататын кез келген сияқты. Тобымызға баруға жиналайық. Ал, келген қонақтарымызға « Сау болыңыздар!» дей отырып, күз берекелі, астықты болсын демекпіз.
Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!