Әліппемен қоштасу сценарийлер(Қош бол, әйбат Әліппе!) — Қазақша сценарийлер — Туған күнге тілектер — Қазақша презентация
Әліппемен қоштасу сценарийлер(Қош бол, әйбат Әліппе!)
«Қош бол, әйбат Әліппе!»
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушылардың әліппені оқу кезеңінде алған тәлім-тәрбие-сін, білімін, білігін және дағдысын байқату; өнерлерін көрсетіп неге үйренгендерін көрсету.
Тәрбие сағатының барысы:
— Құрметті ата-аналар, ұстаздар, сүйікті шәкірттерім!
— Бүгін сіздер 1 сынып оқушыларының «Қош бол, әйбат Әліппе!» атты әліппемен қоштасу кешіне жиналып отырсыздар.
— Төрт ай бұрын олар мектеп табалдырығын жүрексіне аттап, кіп-кішкентай жүректері бұлқына соққан балғын бүлдіршіндер еді. Қолдарына алған тұңғыш оқулықтары Әліппеге тамсана қарап, оның әр бетін қызыға парақтаған болатын. Ал қазір ше? Қазір олар бойлары да, ойлары да толысқан, әр бетін тамсана тамашалаған Әліппе оқулығындағы 42 әріпті жатқа білген, кез-келген әңгіме, ертегіні өзі оқи алатын дәрежеге жеткен оқушылар! Олар деп отырғанымыз кімдер?
Олар: (оқушылардың аттары аталады.)
-Әйбат Әліппелерімен қимай-қимай қоштасқалы тұрған балғын бүлдіршіндердің осы кезге дейінгі қадамдарын ертегі-жыр ғып айтып берейін.
Тыңда, халқым, ертегі,
Ертегі сыр шертеді.
Бүгінгі мынау заманда
Жер шары деген ғаламда
Балаларға білім беретін,
ХХІ ғасыр аттас
«Мектеп» патшалығы өмір сүріпті.
— Патшалықты өте ақылды, ойлы Алтайұлы Бауыржан патша басқарыпты. Ол патшаның екі уәзірі болыпты. Біріншісі – мектептің оқу ісін жүргізуші, келбеті әсем келіскен, білімін елмен бөліскен Әдия Сайранқызы ханым, ал екіншісі – балалардың тәрбиесімен шыңдап айналысқан, халқының қамын ойлаған Ерлік Еркінұлы мырза екен.
— Патшаның кеңесшілер сарайында білім беру ісінде үздік саналған, өз ісінің шебері атанған көптеген ұстаздар қызмет етіпті.
«Мектеп» патшалығында іші балаларға толы шағын-шағын бірнеше сарай болыпты. Бауыржан патша патшалық табалдырығын жүрексіне аттап, ішке енуге батылдары бармай тұрған 1-ші сарай балаларын Айнұр Жұматайқызы деген мұғалімге тапсырыпты. Мұғалім 1-ші қыркүйектен бастап сол сарайдағы 6 баланы алаңсыз білім алсын деп өз бауырына басады.
— Күндердің күнінде сол кішкентай балалар білім жолына есік ашқан Әліппе оқулығын тамамдап, Ана тілі оқулығына қол созады. Сөйтіп олар әйбат Әліппелеріне алғыстарын білдіру үшін ұстаздары мен ата-аналарын мерекелік кештеріне шақырыпты. Сіздерді бар ғылымның беташары — Әліппені табысты аяқтауларыңмен құттықтаймын. Әліппені аяқтау – барлық әріптердің таңбасын толық тану, білім сарайының есігін ашу деген сөз.
— Уақыт… Уақыт – жарыса ескен жел секілді, бір күннің артынан екінші күннің қалай туып жатқанын білмей қаласың.
— Уақыт – жарыса аққан су секілді, ертеңгі күніңнің қалай жақындап қалғанын байқамай қаласың. Шынында да 4 ай немесе 2 тоқсан тез-ақ зымырап өте шығыпты. Ол біреуге аз, ал біреуге көп көрінер. Десек те, 4 ай бұрынғы сәттерің кімнің есінде екен?
Айгерім:
— Ол менің есімде.
Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны,
Айқара есік ашып тастағаны.
Бір мереке думан боп осы маңда,
Жетелеп бір сыныпқа ап барғаны.
— Иә, ол кезде сендер әр үйдің мәпелеген кіп-кішкентай ерке балалары едіңдер. Тіпті кейбіреулерің мектепте әндетіп жылағансыңдар. Кейін үйренісе келе барлығымыз бір-бірімізге бауыр басып, бір отбасының балаларындай достасып кеттік емес пе?!
Алтынай:
— Рас, рас есімде.
Енді міне, сағымдай өте шықты,
4 ай уақыт аз ба екен, кім біліпті.
Ұстаз ана жасады мына бізден
Сауаттанған азамат бір-бір мықты.
«Мұғалім – ол біздің» әнін қабыл алыңыздар.
Әсем:
— Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып сауатымызды ашқан әліппені бітірдік.
Алмас:
— Мен енді өзім оқып, өзім жаза аламын. Ертегі, әңгімені де өз бетіммен оқитын болдым.
Алтынай:
— Біз көп нәрсені – кітап оқуды, есеп шығаруды, сурет салуды, ән айтуды үйрендік.
Мұғалім:
-Дұрыс айтасыңдар, балалар!
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балғынға нұр шашқан,
Қандай кітап жол ашқан?
Оқушылар: «Әліппе!»
-Олай болса «Әліппе» оқулығын ортаға шақырайық.
Әліппе:
-Армысыздар, балалар, менің жас достарым. Тойларың құтты болсын!
Әсем:
Әліппем, менің Әліппем
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Алмас:
Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол,
Тырмысып бақ намысқа.
Айгерім:
Ыстық әрбір беттерің,
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің Әліппе,
Ақылды сен мұғалім.
Тоқтар:
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Алтынай:
Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдар алтыннан
Әліппе – білім бесігі.
Еламан:
Үйретті бізді Әліппе,
Қырық екі дербес әріпке.
Сөз, сөйлем құрап әріптен,
Лайық болдық дәріпке.
Әліппе:
— Рахмет балалар. Міне, көзді ашып-жұмғанша екі тоқсан да артта қалды. Осы уақыт ішінде менімен текке дос болмағандарыңды көрсететін уақыт та келді. Айтпақшы, Алматы қаласындағы мен шыққан «Алматыкітап» баспасынан біздің электронды поштамызға жаңа ғана хат келіп түскен болатын, сол хатты бірге оқиық! Ендеше, ата-аналарың мен ұстаздарыңа қаншалықты сауатты болғандарыңды көрсететін сәт те келіп жеткен сияқты. Кәне, кім оқып береді екен?
Оқушылар хатты оқиды.
Хатта:
Амансыңдар ма, балалар!Әліппемен қоштасу тойларың құтты болсын!
Келешекте сендер жақсы азамат болып,оқуларыңды жақсы оқуға тілектеспіз.
Ана тілін ренжітпеңдер!
Сәлеммен: «Алматыкітап» баспасы.
Балалардың орындауында биді тамашалаңыздар.
Әліппе:
-Жас достар, мен сендермен қимай-қимай қоштасқалы тұрмын. Амал қанша, қоштасуға тура келеді, өйткені сендермен достасуға «Ана тілі» асығып келе жатыр.
Ана тілі:
-Армысыздар, жас достар! Бүгінгі думанды кештерің құтты болсын! Осы қуанышты сәтті мен асыға күткен едім. Егер қатесіз, шапшаң оқи алатын болсаңдар, мені игеру аса қиын емес.
Әліппе:
Ана тілі бауырым, мына балғындарды өзіңе аманат етемін. Бойымдағы 42 әріпті, буындар мен сөздерді, тіпті әңгіме, ертегілерді оқи алатын дәрежеге жеткіздім. Ендігі кезек сенікі. Балалардың сүйіп оқитын оқулығына айналатыныңа сенімдімін.
Еламан:
Әліппем менің әліппем!
Өмірді көрем танып мен.
Қайталап айтам мың рет
Өзіңе көп-көп рахмет.
Айгерім:
Таныстырған қырық екі әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,
Сауатты адам санатына кіргенім.
Тоқтар:
Қош бол, құтты Әліппем!
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
«Қош бол Әліппе» әні.
Әліппе:
— Сау болыңдар жас достар!
Балалар хормен: Қош бол, әйбат Әліппем!
Мұғалім:
Білім деген биік шың
Бақытқа сені жеткізер.
Білім деген ақылшың
Қиындықтан өткізер.
-Балалар,енді біз сендермен 2-ші кезеңді бастаймыз. Бұл кезеңде жұмбақтар, қызықты тапсырмалар, есептер бар. Кәне барлығымыз ойланып соның жауаптарын тауып көрейік.
Ойын «Егер әріптер адасса».
«Жұмбақпай атай жұмбақтары».
«Математикалық сандық».
«Ойлан,тап».
«Кім жылдам?» ата-аналарға арналған сайыс.
1. Балаңыздың аты кім?
2. Балаңыздың жолдасы кім?
3. Балаңыз неше жаста?
4. Балаңыз қандай тамақты жақсы көреді?
5. Балаңыздың ұнататын түсі.
6. Балаңыздың ұнататын пәні.
7. Балаңыздың ұнататын әні.
Мұғалім:
— Сендердің Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқуларыңа ата-аналарың, әжелерің де қосқан үлесі мол. Кәне, бәріміз қосылып рахмет айтайық.
— Бақытты балалық шақтары үшін қымбатты ата-ана, әжелер сіздерге:
Оқушылар хормен: Рақмет!
Мұғалім:
-Ал енді балалар сендерді «Әліппе» оқулығын аяқтауларыңмен марапаттауға болады.
Құттықтаулар.
«Мектеп» патшалығының уәзірлеріне сөз кезегін берейік.
Ата-аналарға сөз беру.
«Ұстазым» өлеңін қабыл алыңыздар.
Мұғалім:
-Біздің ертегіміз сіздерге ұнады деп ойлаймыз. Осымен ертегіміз аяқталды. Ертегідей болған әйбат әліппе – қош бол! Армысың аяулы ана тілі!
Назарларыңызға көп рахмет!