Әлия Молдағұлова өмірбаяны | туралы қазақша

0
99


Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова

Әлия (Ылия) Нұрмұханбетқызы Молдағұлова (Сарқұлова болуға тиіс) Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында 1925 жылғы маусымның 15-інде дүниеге келген. Елдің айтуынша, әкесі Нұрмұханбет — «үстем тап өкілі, бай баласы» делініп, қызыл үкіметтен қуғын, тобырдан түрткі көрген кісі. Қобданың НКВД-сының түрмесіне қамалып, әрең құтылған кездері болған. Беріде сол атақтан қорқып, коммунистер қатарына кірген деседі. Нұрмұханбет жаны сергек, қажырлы, ер мінезді, сөзге шебер, ат ұстап, ит жүгірткен, сері болмысты, намысшыл жігіт болса керек. «Ұзын бойлы, қыр мұрынды, қара сақалды, сесті кісі еді» деседі. Ал анасы Маржан Молдағұлқызы -мінезі өткір, аққұба, көзі аялы, ажарлы адам болған. Әлия Молдағұлова анасына тартқан көрінеді.

Тағдыр Әлияны (әдепкі есімі — Ылия, орыс тілінде Лия делінуі содан) әуелі анасынан айырады. 1932 жылғы әйгілі, қолдан жасалған ашаршылық кезінде Маржан алты жасар Әлия Молдағұлова мен үш жасар ұлы Бағдатты ертіп, Ақтөбе маңындағы Қурайлыға келіп жүргенде әлдебір бақша қарауылының кездейсоқ атқан оғынан қаза табады. Нұрмұханбет екі баласын Шығырлы ауылындағы (Темір ауданы) қарындасы Қанышаның қолына береді. Ұлы Бағдат көп ұзамай осы ауылда шетінейді де, сегіз жасар Әлияны әкесі енді нағашы ағасына — Әбубәкір Молдағұловтың қолына тапсырады. Әбубәкір бұл кезде Түрксібтің №4 пайдалану аймағында қызмет істейтін. Ол заманында казақтардың ең сауаттыларының бірі болған кісі. Ақтөбедегі губерниялық кеңес -партия мектебін, Ташкент коммунистік университетін бітірген Әбубәкір Әлияның, Әлия Молдағұлова тұрғылас өз қарындасы Сапураның білімді, есті болып есуіне ықыласты болған.

Әлия Молдағұлова адами мейірімді осы үйден тапты. Нағашы әжесі Тәжікен мен жеңгесі Сән Сапура екеуін мейірімге бөледі. Екі қыз егіз қозыдай болып өсті. 1933 жылы Ақтөбедегі Овражная көшесі, 6-үйде тұрып жаткан Әбубәкірдің отбасы Әулиеата (Тараз) станциясына көшті. Осындағы аумақтық темір жолда саяси бөлім нұсқаушысы болып істеген Әбубәкірдің үй іші темір-жол вокзалы жанындағы үйлердің бірінде тұрыпты. Дәл осы жылы Әлия Молдағұлова мен Сапура теміржол мектебінің есігін ашқан.

Әлия Молдағұлова Әбубәкір үйіне келгеннен соң, көп ұзамай, әкесі Нұрмұханбеттен де көз жазып қалған сияқты. Оның екінші әйелі Ақсұлудан туған екі қыз — Әліп пен Тәжен қазір Ақтөбеде тұрады. Нұрмұханбет Сарқұлов 1951 жылы дүниеден озған, бірақ, Әлиясының ерлігі мен атағы жайлы хабарды естіп, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы құжатты қолымен ұстап, көзімен көріп кетіпті…

Әлияның өз ата-тегіне емес, нағашысының фамилиясын жазылуының себебі қарапайым сияқты: көзі ашық, қолы ұзындау Әбубәкір жиенінің құжатын Әлия Молдағұлова қалаға, өз қолына келген соң әзірлетсе керек. (Беріректе, балалар үйі қоныс аударған тұста жоғалып кеткен тууы туралы куәлік қалпына келтірілгенде Әлияның «Магдагулова» болып кеткені де бар — ол қате кейін түзетілген).

Жазмыштан озмыш жоғы рас. Әлия Молдағұлова тағдырының дәл біз білетіндей болып қалыптасуына нағашысы Әбубәкірдің өмір жолы әсер еткен сияқты. 1935 жылы Мәскеудегі Әскери-көлік академиясына оқуға түскен Әубәкірдің отбасы астанаға көшіп барды. Әлия Молдағұлова осындағы № 163 мектепке қабылданды. Кейін, Әскери Академия Ленинградқа ауыстырылған соң, Әлияның өмірі Ұлы Петрдің қаласында, Қазан төңкерісінің бесігі болған Ленинградта жалғасады. Үш баласы, әйелі мен туыстары тар үйде тұрып жатқандықтан, Әбубәкір Әлияны бесінші класты бітірген соң (өз өтініші бойынша!) Гурдин көшесінде орналасқан № 46 балалар үйіне орналастырады. Оның тәрбиеленушілері №140 мектепте оқитын.

Өзінің, құрбылары мен Сапураның естеліктеріне қарағанда, орыстың ұлы қаласында өткізген жылдар Әлия Молдағұлова үшін ерекше әсерлі, қызықты болған сиякты. Соғыс басталғанда Ташкентке ауыстырылған оқу орнымен бірге көшкен Әбубәкірдің отбасының, жанындай жақын Сапураның айтқанына көнбеген Әлия Молдағұлова Ташкентке кетуден бас тартады. «Сен бар, — депті ол Сапураға, — балалар жас, жеңгеме жол қиын болады, ал мен елге білім алып оралуға тиіспін, әрі, өзімізге сонша қуаныш, білім сыйлаған қаланы қиын күн туғанда калай тастап кетем?»

Әлияның Ленинградқа келгеннен бастап, Казачихадағы ерлігіне дейінгі аралықтағы өмірі, мінез-құлығы, ісі, жүріс-тұрысы аңызға бергісіз. Ол ә дегеннен-ақ өжет мінезімен, турашылдығымен, қайрат-жігерімен, қайырымдылығымен ұстаздарын да, тұстастарын да талай рет таңдандырады.

Мойны озық тұратын қала орыстарының балаларын, талабы жоғары мұғалімдерді мойындатқан Әлия Молдағұлова бойындағы, болмыс-бітіміндегі қуатты рух сияқты. Әлия Молдағұлова үздік оқып қана қоймай, тұстастарының көсеміне, өзінен кішілердің жетекшісіне айналады. Сол жылдары ең үздіктер ғана жіберілетін «Артек» Бүкілодақтық пионер лагеріне барып қайтады. Қоршауда калған Ленинград тұрғындарының адам төзгісіз ауыртпалығын Әлия Молдағұлова да көтеріседі. Соғыска баруға сұранған өтінішті Әлия Молдағұлова 1941 жылғы маусымның 22-сі күні -суық хабар жарияланған күні жазыпты… Әлияның сол жылдары қандай күй кешкенін кұрбылары тамсана айтады: ол окоп қазуға да белсене қатысады, ағаштан тұрғызылған үйлерді отынға бұзудың ортасында жүреді, Невадан су тасиды, әлсіздерге көмектеседі, кішкентайларға өзі жартымсыз паегін бөліп береді…

1942 жылғы наурыздың 24-інде балалар үйі Ладога көлінің үстімен өтетін әйгілі «Өмір жолы» арқылы Ярослав облысындағы Вятское селосына көшірілген. «Берілетін нанның көлемі көбейеді дегенді естіп көптеген балалар Ленинградта қалып қойды» деп жазды кейін Әлияның кұрбылары сол ауыр жыл туралы… Әлия Молдағұлова осы жылы жетінші класты бітіріп, Рыбинск авиация техникумына түседі. Оған тек үздік оқығандар ғана жіберілетін. «Бітірушілердің бәрі тігін фабрикасына кетті, -деп жазды кейін құрбыларының бірі, — тек Әлия Молдағұлова мен екі қыз техникумға түсті». Сапураның «Арманы ұшқыш болу еді» деуіне қарағанда, Әлия Молдағұлова техникумға түскеніне ерекше қуанған болуға тиіс. Оның арманы ұшқыш болып, жауды күйрету еді. «Соғыста талай ерлікті, батылдықты көрдім, — деп жазды оның бір қаруласы, — бірақ, дәл Әлия Молдағұлова сияқты өршеленген, құлшынған адамды көрмеппін». Ұшқыш емес, ұшуды қамтамасыз ету маманын дайындайтын бөлімге қабылданған Әлия Молдағұлова мақсатқа жетпей қоймайтын мінезге сайған — қалалық комиссариатқа үздіксіз жазған өтініштері ақыры қабылданып, Қызыл Армия қатарына алынады.

Оны соғысқа сонша құлшынтқан не?.. Әділетсіздікке, қараулыққа, зұлымдыққа төзе алмайтын мінезі, өмірдің жалпы адами ережесімен келісе алмайтын рухы болар.

Сол жылы Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің бастамасымен мергендер әзірлейтін Орталық әйелдер курсы ашылған-ды, кейін ол мектепке айналды. Әлия Молдағұлова осы мектепке қабылданады. «Оны қабылдағысы келмеп еді — бойы аласа, өзі нәзік әрі өте жас дескен. Лия қасарып алып, ақыры дегеніне жетті» дейді Әлиямен бірге оқыған құрбысы.


Ленинград қорғаушылары
Ленинград қорғаушылары

Мергендер мектебінде де Әлия Молдағұлова үздіктердің бірі болды. Оны да құрбылары таңырқай әңгімелейді. БЛКЖО Орталық комитеті оған 956-нөмірлі мерген винтовкасын сыйға тартты, оқу орны нұсқаушылыққа қалдырғысы келді. Тағы да сол: бар арманы жаумен соғысу болған өжет қыз қарысып отырып, дегеніне жетті — майданға аттанды… «Ол өзіне өте қатал қарады, ол өзін ерлікке дайындап еді, дегені болды» деп жазды кейін майдандастарының бірі. Сол расқа шықты. Оны дивизия командирі де қанды қырғыннан сәл де болса, аулақ ұстағысы келіпті. Бірақ майданға құлшынған Әлияның ерекше тілегін гвардия полковнигі Уральский де жерге тастай алмаған.

Ал содан соң — ерлік. Сол ерліктін үлгісін неше мәрте көрсеткен Әлия Молдағұлова 1944 жылғы 14 қаңтарда Казачиха селосы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты. Оның соңғы ұраны ана тілінде тасталған: «Алға, бауырлар, Отан үшін алға!» «Ол батальонды ғана емес, бүкіл дивизияны үлкен қатерден сақтап қалды» дейді Әлияның командирлері.

Қандай аяулы тағдыр!
Қандай ажарлы тағдыр!

Биыл оның туғанына сексен жыл толды. Ол он тоғызға енді ғана толатын күйі халықтың, өз ұлтының санасына сіңіп қалды. Ол халықпен бірге жасай беретін Перзентке айналды. Әлия Молдағұлова — аты аңызға, ісі эпосқа айналған аруақты ерлердің, текті қыздардың кіндігін кескен, кір-қоңын жуған өңірдің перзенті. Қарақыпшақ Қобыландының, Асанқайғы мен Абат батырдың, Есет батыр мен Әйтекенің, Әбілқайыр мен Бөкенбайдың, Ботагөз ару мен Исатай-Махамбеттердің, Асау мен Барақтың, Мөңке би мен Әжібай бидің, Арал батырдың рухы сіңген топырақ-құнардан өніп шықты. Бұл қасиетті қазақ жерінің қай тұсында да бар құнар. Рухтың құнары. Әлия Молдағұлова ерлігі, Әлия Молдағұлова болмысы — ұлт рухының сақталу заңының кезекті көрінісі. Асқақ һәм аяулы көрінісі.


1944 жылы 14 маусымда Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы берілді
1944 жылы 14 маусымда Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы берілді

Кешегі қызыл империяның ресми идеологиясы Әлияның құнын, әрине, кеміткен жоқ. Керісінше, оның ісін, өзін, аяулы тағдырын ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болғанда, комсомолдар мен пионерлер тәрбиесіне мейлінше пайдаланды. Саясиландырылғаны, «бір ғана жолмен жүргені» болмаса, комсомол да, пионер де алдымен адам баласы ғой, Әлияның өнегесінен кісілігі артпаған, адами болмысы толықпаған, игілік пен ізгілікке деген ұмтылысы қуаттанбаған ешқайсысы жоқ, керісінше, Әлия Молдағұлова өнегесі сол қоғамның келбетіне кісілік, дегдарлық қосты. Бірнеше ұрпақтың рухани тірегіне айналды.

#Әлия #Молдағұлова #өмірбаяны