Әлеуметтік желілер бақылауға алынуға тиіс

0
270

Бұл аптада қоғамды дүр сілкіндірген бір заң жобасы мақұлданғаны мәлім. Яғни, қазақ қоғамы «Қазақстандағы әлеуметтік желілерге» байланысты заң жобасына байланысты қызу пікірталас алаңына айналды. Еліміздегі әлеуметтік желілерді пайдалану шарттарының өзгеруі, ресми тіркелу сынды тәртіптері сияқты заң жобасына қатысты бірқатар азаматтың пікірін сұрап-білдік. Біздің алған жауаптарымыз төмендегіше болды. Ал сіздің пікіріңіз қандай? Редакциямызға хат жазып, хабарласып, ойыңызбен бөлісіңіз.

 Ермек НҰРЫМОВ, психолог: -Бұл жерде екі жақтан қарау керек. Біз бір нәрсені бұғаттаймыз деп екінші жақты ушықтырып алудан сақтану керек. Себебі осы арқылы отбасын асырап жатқандар жетерлік. Әрине балаларды теріс әрекеттен қорғау маңызды. Бірақ біз демократиялы зайырлы мемлекет болғаннан кейін осыны ескеру шарт. Әлеуметтік желі осымен тоқтамайды, одан әрі дамымаса кемімейді. Оны 100% айта аламын. Әйтпесе, бірін шектесе, екіншісі міндетті түрде шығатынына кепіл бере аламын.

        Адам психологиясын шектеген сайын ол басқа жерден шығатыны белгілі. Бір нәрсені жасама десек, одан бетер жасағымыз келеді. Ал егер шетемесек, тағы болмайды, жастардың басқа айналысар істерін қойып күнделікті әлеуметтік желінің құрбаны болып кетіп жатыр.

Сол үшін арнайы мәдени шектелулермен заң аясында іске асуын ұсынамын. Мысалы: 1. әлеуметтік желінің өз мәдениетін қалыптастыру. Кибербуллинг сияқты келемежді әрекетерді шектеу. 2. Анайы түрде немесе анайы сөздер қолданылған жандарға айыппұл салу сияқты заң болса. 3. Құндылыққа мән беретін роликтер түсіру. 4. Халық пен билік арасында ешқандай тосқауыл болмаса.

Мақпал МАНАСБАЕВА, музыкант, қобызшы, оқытушы: –Мен ұстаз ретінде бұл заңды қолдаймын. Өйткені, менің музыкалық мектептегі шәкірттерім 8-9 жаста. Олар телефонда әлеуметтік желіде, әсіресе, «тик-токта» отырады. Керек емес ақпарат көп алады. Ал, музыканттарға нота жаттау үшін бастары таза, еске сақтау қабілеттері жақсы болуы керек. Оларға WhatsApp жеткілікті сияқты.

Айкүміс ЖАПСАРБАЕВА, зейнеттегі мектеп мұғалімі: -Мен бұл заңды қолдаймын. Өйткені, бала психикасы әлеуметтік желілерден зиян көруде. Мысалы, немерелеріме телефонды мүлде бермеуге тырысам. 2-3 жастағы балаға Youtube-тегі  мультфильмдерді қосып бере салатын ата-аналар бар. Ондай балалардың тілі кеш шығады. Олар өте мазасыз, ашуланшақ келеді. Кезінде Кеңес уақытында бізге теледидарды да аз көрсететін. Ал, бүгінгі оқушылар барлығын әлеуметтік желіден көріп алады. Өмір оларға қызық емес болып барады.

Аружан КЕНДЕБАЙҚЫЗЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 4 курс студенті: –Мен 4 курста қоғаммен байланыс мамандығында оқимын, күніне 4-5 сағатым әлеуметтік желіге кетеді. Жұмысым осы әлеуметтік желілермен тығыз байланысты болғандықтан, көп уақыт жұмсауға мәжбүрмін. Мен үнемі жаңа трендтерді қарап отыру үшін, достарыммен қарым-қатынаста болу үшін, жаңалықтардан хабардар болу үшін пайдаланамын.

Маған әлеуметтік желілердің беретін пайдасына қарамастан, «Әлеуметтік желілерді шектеу» заңын толықтай қолдаймын деп айта аламын. Себебі, уақытыңды көп алады, қызығына беріліп кетіп, қажетті мөлшерден тыс отыратын кездер өте көп болады.

Тошка АБУШАХМАН,  Kznews.kz ақпараттық порталы.