Әлеуметтік–педагог мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері
Әлеуметтік педагогика кешеуілдеп болса да дамып келе жатқан ғылым саласы. Оның маңыздылығы әлі де болса толық ашылып болған жоқ, мүмкіндіктерін де толық пайдалана алмай келеміз. Дегенмен күнделікті тұрмыс көріністері, мектеп орта және жоғары оқу орындарындағы оқып жатқан балалар мен жастар арасындағы әлеуметтік –педагогикалық мәселелердің күн сайын арта түспесе азаймай отырғаны осы ғылым саласының қажеттілігін көрсетіп отыр. Әсіресе бұл мектеп пен ондағы оқушылардың ата-аналарының арасында осы мәндегі жұмыстарды жандандыру және бұрынғыдан басқа арнада жүргізу қажет екендігі белгілі болып отырған жағдайда тағы да айқындала түсті.
Аталған және де басқа себептермен осы оқу жылында педагогикалық институттары мен университеттерінде әлеуметтік педагог мамандарын даярлайтын бөлімдер, кафедралар ұйымдастырылғаны белгігі.
Айтпақшы болғанымыз осы мамандық бойынша бөлімдер 1993-1994 оқу жылдарында еліміздің бірқатар педагогикалық институттарында ашылып 2003-жылдарға дейін жұмыс істеді. Кейін олардың барлығы жабылып қалды. Соның салдары көптеген келеңсіздіктер туындатып отырғаны байқалуда.
Осы жылдары алғаш рет қазақстанның кейбір оқу орындарында магистратуралар ашылыған болатын. Солардың қатарында қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің педагогика кафедарысының жанынан «педагогика» және «педагогика және психология» мамандарын даярлау мақсатында магистратура ашылды.
Сол жылдары осы оқу орынында жұмыс істеп ғылымның осы біз үшін жаңа саласын меңгеру асқан қызығушылық туындатты. Әрине әлеуметтік педагогикамен одан бұрын да таныс едім. өйткені қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында осы пәнді оқыттым. Ал магистратурада сабақ беру үшін бұл саланы жете меңгеру қажет болды.
Сол жылдары магистратурада әлеуметтік педагогикаға қатысты бірқатар пәндер оқытылды. Атап айтсақ, әлеуметтік педагогиканың ғылыми-теориялық негіздері, әлеуметтік педагогиканың дүниежүзідік даму тарихы, антропология, тұлғаның әлеуметтік психологиясы, жастар арасында әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, отбасымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, оқу орындарындағы әлеуметтік – педагогикалық жұмыс әдістемесі т.б. қажетті деп санаған пәндер оқытылды. Олар диплом жұмыстарын да осы әлеуметтік педагогиканың өзекті мәселелеріне арнады.
Сол кезде бітірген магистранттардың барлығы осы салада қызмет істеуде, мысалы, бір магистрант Мәскеуде осы әлеуметтік педагогиканың негізін қалаушылардың бірі А.В.Мудриктен сабақ алып кандидаттық диссертация қорғады қазір жоғарғы оқу орынында қызмет істейді, екінші бір магистрантымыз Астана қаласында «Кеңес орталығын-кеңес беруші орталық» ұйымдастырып сонда жұмыс істейді; тағы бір магистрантымыз қазақ көлік және коммуникация академиясында тәрбие жұмыстары бойынша деканның көмекшісі, тағы бір магистрантымыз қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің педагогика кафедрасында жұмыс істейді.
Қазір енді 2010-2011 оқу жылынан бастап қайтадан барлық педагогикалық жоғары оқу орындарында әлеуметтік педагог мамандарын даярлайтын бөлімшелер, кафедралар ашылуда. Бірақ та оларға қажетті қазақ тіліндегі оқулықтар,оқу құралдары, оқу-әдістемелік материалдар жеткіліксіз екені тағы белгілі.
Әлеуметтік педагог мамандардың жұмыс ауқымын нақтылап алу аса маңызды. өйткені бұл мамандықты алған тұлғаның атқаратын қызмет ауқымын нақтылап алмайынша жұмыс барысында өз міндетін атқаруға кедергі болатын ахуалдар туындап қалуы мүмкін. Себебі оқу орындарының басшылары әлеуметтік педагог маманға барлық тәрбие жұмысын жүктеп қоюы, сол себепті өз қызметін атқаруына толық мүмкіндік болмай қалуы, соның салдарынан оқушылармен жұмысы дұрыс ұйымдастырылмауы қауіпі бар.
Сонымен әлеуметтік педагог мамадардың мектеп ішілік атқаратын қызмет ауқымына келетін болсақ, олар мыналарды қамтуы тиіс:
1.Оқушылар арасында әлеуметтік– педагогикалық диагностикалау жұмыстарын ұйымдастыру. Бұндағы мақсат, бойында қандай да бір ауытқулары бар балаларды анықтау. Олар әр түрлі болуы мүмкін, мысалы, созылмалы ауруларға душар болғандар, тұқым қуалайтын аурулары бар, не болмаса, денесінде кемістігі бар баралар. Бұлармен бірге әсіресе мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында ауытқулары бар не болмаса күмәнді балаларды айқындап алып солармен жұмыс ұйымдастыру.
Диагностикалау жұмысына мектеп психологі, психиатр, дефектолог, дәрігерлер, ата-аналар т.б. қатыстыру оқушылар туралы толық мәлімет жинауға жол ашады. Айта кететін жайт, диагностикалау нәтижелерін құпия ұстау аса маңызды, және ол әлеуметтік педагогтың этикасына жатады.
- Мектеп оқушыларының атааналарымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс. Мұнда әлеуметтік педагог барлық баланың ата-анасымен емес әлгі бойында ауытқулары бар балалардың ата-аналарымен әлеуметтік педагогикалық сауатын ашу, ақыл-кеңес беру, ақылдасып мәселені бірлесе отырып шешу секілді шараларды жүргізеді. Алай да әлеуметтік педагог жалпы мектептегі оқушылардың ата-аналарына арнап дәрістер, семинарлар, кеңестер өткізуі қажет.
- Мемлекет тарапынан кейбір балаларға берілетін әлеуметтік көмектің оларға жеткізілуі. Жалпы бұл мәселені әлеуметтік қызметкер атқарады, десек те оның жеткізілуі мен не нәрсеге жұмсалғандығын қадағалау мектептегі әлеуметтік педагог маманға жүктеледі.
- Мектептегі оқытушылар арасындағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыс. Бір нәрсені анық айтуымыз керек, университет қабырғасында жүргенде педагогика пәндерін, тәрбиелеу әдістемесін студенттер толық меңгермейтіні, сол себепеті практикада олар өз өмір тәжіриберлері мен алдыңғы буын педагогтардың тәжірибесіне сүйенеді. Оның тағы бір себебі университет қабырғасында студенттердің білімін тексерудің тест түрінде ғана болуы. Көпшілігі тест бойынша «бестік» баға алғанымен шындап сұрақ қойып тексеріп көрсеңіз өзі бес алған сұрақтың байыбына бара алмайды. Оған өзіміз талай рет көз жеткіздік.
- Сынып жетекшілерімен жұмыс. Әлеуметтік педагог диагностикалау және одан кейінгі анықталған бойында қандай да бір ауытқулары бар балалармен жұмысты жалғыз өзі істегенімен оның нәтижесі болмай қалуы мүмкін. Бұнда ол сынып жетекші, ата-аналардың көмегі және кейде тіпті пән мұғалімдерінің көмегіне мұқтаж. Сол себепті әлеуметтік педагог олармен тығыз байланыс орнатуы маңызды.
6.Әлеуметтік педагог маманның аса маңызды қызметі оқушылардың құжаттарын рәсімдеу. Мұнда ол мектептегі барлық оқушылар туралы мәліметті сынып жтекшілерінен жинап алуына да болады. Ал өзіне тиесілі, мысалы, бір сыныптан шыққан мінез-құлқында не жүріс-тұрысында ауытқуы бар оқушы туралы толық мәлімет оның қолында болуы міндетті. Бұны ол мектеп психологімен бірлесе отырып жинақтайды және рәсімдейді. Бұл құжатта оқушымен жүргізілген диагностикалау картасы, оның ата-анасы, араласқан ортасы, құрбылары, тұрған жері т.б.мәліметтер жинақталады [1].
Студенттерді осы жұмысқа даярлауда педагогикалық практика кезінде-ақ құжаттарды рәсімдеу жолдарын үйрету маңызды.
Осы күндері ауылды жердегі мектептерде әлеуметтік педагог мамандар жеткіліксіз. Сол себепті олардың міндетін басқа педагогтар, әсіресе «сағаты жетпей» қалған мұғалімдер атқаратыны белгілі. Сол себепті олар үшін арнайы курстар, білім жетілдіру шараларын ұйымдастыру мен қатар әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету қажеттігі бар.
Әлеуметтік педагогиканы бұрындары тәмамадаған мамандар үшін және мектептерде осы күні жұмыс атқарып жүргендер, жоғары, орта оқу орындарында әлеуметтік педагогиканы оқытып жүргендер не болмаса осы қызметті атқарушылар үшін магистратура мен доткторантура бөлімдерін ұйымдастыру да алдағы күндерде шешімін күтіп тұрған мәселелер.
Білгілі болғандай әлеуметтік педагогтар мен қатар әлеуметтік қызметкерлер де даярлануда. Олардың атқаратын қызмет ауқымы бұрыннан белгілі, мысалы, олар, мемлекет тарапынан бөлінетін материалдық көмекті бағытталған адамға, оқушыға жеткізіп береді, не болмаса оның жеткендігін қадағалайды. Соған қарамастан бұл міндет әлеуметтік педагогтарлдың атқаратын қызметіне қосылып кеткен. Сондықтан мамандарды даярлауда олардың атқаратын қызметінің ара-жігін ажыратып алу, істің тиімділігіне оң ықпал етпек.
Бұлардан басқа осы күнгі әлеуметтік педагог мамандар даярлауда аса маңызды мәселе оларды осы қызмет түрлеріне қарай бейімдеу, мысалы, қарттар үйінде жұмыс не болмаса жеткіншек жастағы балалар колониясындағы жұмыс. Бұл жұмыстардың өзіндік ерекшеліктері болғанына қарамастан әлеуметтік педагогиканың әдістемесі мен технологиясын оқыту бағдарламасы мен стандартында жеткілкті орын алмаған.
Айталық, балабақшадағы әлеуметтікпедагогикалық жұмыстың өзіндік ерекшеліктері бар, демек оған арнайы дайындық қажет. Сол себепті студенттерді осындай іс-әрекетке даярлау үшін жекелеген жұмыс бағдарламасын әзірлеп, сол бойынша мамандандыру керек болатын секілді. Оның үстіне біз енді толығымен кредиттік оқыту жүйесіне көшетін болсақ, онда әр студент өзінің не нәрсені оқитындығын жеке бағдарлама арқылы өзі таңдауы мүмкіндігіне ие болады.
Мен бұл мақалада әлеуметтік педагогиканың ғылым ретінде дамуына және әлеуметтік-педагог мамандарды даярлауда мән беретін кейбір мәселелерге ғана тоқталдым. Болашақта әлеуметтік педагог мамандарын магистратурада және докторантурада даярлау, сол арқылы осы ғылым саласын дамыту секілді күрделі әр маңызды мәселелер бар екені анық. Сондықтанда болашақта әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша бакалаврмагистратура-PhD сатылы мамандар даярлау жүзеге асырылуы тиіс.
Әдебиеттер
- Халитова І.Р. Әлеуметтік педагогика–Алматы, 2002.
Автордың аты-жөні, тегі: І.Р. Халитова