Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен бостандықтар | туралы қазақша

0
55

Халықаралық тәжірибе дамыған нарықтық экономикасы бар мемлекеттерде ғана тұрақты демократиялық жүйенің орныға алатындығын көрсетіп отыр. Мәселен, демократия дәстүрлері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония тәрізді мемлекеттерде берік орныққан. Еуропа құрлығы Солтүстік Америка және Жапониямен қатар жер шарындағы экономикалық тұрғыдан қуатты және жетекші аймақтар болып табылады. Сондықтан, Еуропаның заманауи құқықтық нормалар мен құндылықтардың бесігі болуы кездейсоқ емес. Ал, экономикалық тұрғыдан кенже қалған мемлекеттерде соған сәйкес қоғамның демократиялық негіздері аса берік емес. Үшінші әлем елдері негізінен режимдердің тұрақсыздығымен, сыртқы жағдайлардан тәуелділігімен көзге түседі және ол елдерде адам құқықтарының бұзылуы да жиі орын алады. Мемлекетаралық және ішкі қарулы қақтығыстар мен мемлекеттік төңкерістер Азия, Африка және Латын Америкасында жиі орын алып отырады.

Қазіргі әлемде барлық мемлекеттер өздерінің демократиялық қағидаттары ұстанатындығын жариялайды. Дегенмен,.. дамушы әлемде миллиондаған адамдар аштықта өмір сүріп, олардың қарапайым баспаналары болмай, көптеген балалар мектепке бармай мүқтаждық пен аурусырқаулардан көз жұмып отырған кезде құқықтар мен бостандықтардың сақталуы туралы айту қиын. Мәселен, Үндістан Азиядағы демократиялық елдердің бірі болып саналғанымен, бір мезгілде үнділердің басым көпшілігі сауатсыз, жүз миллиондаған тұрғындардың бастарында үйлері жоқ. Африкадағы Либерия, Руанда, Бурунди, Конго Демократиялық Республикасы (бұрынғы Заир) тәрізді елдерде бүгінгі күннің өзінде азаматтық соғыстар мен этникалық қақтығыстар жиі орын алып отыр.

Мәселен, өткен ғасырдың 90 жылдары Бурунди, Руанда және басқа да Африканың бірқатар елдерінде орын алған қарулы қақтығыстар жүз мыңдаған адамдардың өмірлерін қиған жаппай геноцидтерге алып келді. Конституцияда көрініс тапқан демократиялық принциптер бұрынғы Югославиядағы соғыс кезінде мыңдаған бейбіт тұрғындардың өмірлерін аман сақтап қала алмады.

Көріп отырғандай, елдегі экономикалық ахуал мен демократиялық кағидаттарың беріктігінің арасында белгілі бір түрде өзара тәуелділіктің бар екенін анықтауға болады. Адамның жеке құқығы мен бостандығын мойындау тұлғаның экономикалық еркіндігіне тұғырланады. Батыс Еуропа елдері үшін жеке кәсіпкерлік пен белсенділік бостандығы әрбір адамның қүндылығын түсінудегі жолбасшы ретінде көрініс тапты.

Орта ғасырдың өзінде еуропалықтардың көпшілігі белгілі бір құқықтар мен бостандықтарды пайдаланды. Адамды құл деңгейіне түсірген және оларға ешқандай еркіндік бермеген крепостнойлық қүқық тек Ресейле, ал біршама жүмсақ түрде Шығыс Еуропада және Германияда болды. Орыстың жер иеленуші помещиктері шаруаларды бір-біріне сатып және сыйға тартып жүргенде Еуропаның батыс бөліктерінде экономикалық және саяси бостандық дәстүрлері орнығып жатқан болатын.

Ағартушылық дәуірінің көрнекті өкілдері (Дж.Локк, Ш.Монтескье және т.б.) меншік құқығын қорғауды негізгі адамгершілік және саяси талаптардың бірі ретінде қарастырды. Дж.Локк «адамдардың мемлекетке бірігуінің және өкімет билігінің қол астына бағынуының басты мақсаты өз меншіктерін сақтау мүддесінен туындайды» деп жазды. Жеке адамға тұғырланған экономикалық бостандық пен белсенділік нарықтық экономика идеологиясы үшін негізгі құндылық ретінде танылды. Сондықтан осыдан кейінгі Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың қарқынды түрде қоғамдық даму мен ғылыми-техникалық прогресс жолына түсуі жеке меншікке негізделгең индивидуалистік сананың арқасында ғана мүмкін бола алды деп айтуға болады.

Еуропа ағартушылары адамның өмірге, бостандыққа және меншікке қатынастағы құқықтарын біртұтас деп санады. Олар жеке меншік қүқығын адамның табиғи және бөлінбес құқығы қатарына жатқызды. Жекеменшіктің мұндай жоғары мәртебесін келесідей себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, адамның меншікті жинауы өзінің және отбасының өмір сүруі үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл кез келген мемлекеттің дамуының қажетті шарты болып табылады. Екіншіден, меншікке ие болу адамның тұлғалық болмысының қалыптасуына ықпал етеді. Жекеменшік осы тұрғыда жеке-дара құндылық емес, керісінше еркін адамдардан тұратын қоғам құрудың бір тетігі болып табылады. Философ-гуманистер меншікке қатынаста байлық жинаушылық ұстанымды емес, азаматтық қоғамның тұғырын құруға дайын экономикалық тұрғыдан тәуелсіз индивидтерді қалыптастыруды қолдады.

Кеңестік жүйе адамдардың санасына тұлғаның шынайы бостандығы жекеменшіктен бас тартқан жағдайда ғана мүмкін болатынын сыналап ендірді. Шынына келгенде, мемлекет «жалпыға ортақ халық» меншігінің иесіне айналып, бүкіл халықты арзан әрі құлдық дәрежедегі жүмыс күшіне айналдырды. Әрине, шенеуніктер тарапынан қоғамдық байлықты бөлу мен қайта бөлуде толық бақылау орнатылған мүндай қоғамды басқару оңай еді.

Осы орайда, тарихта қоғамның басты құндылықтары ретінде саналмайтын жеке құқықтар мен бостандықтарды шектеу жағдайында экономиканың тез дамуы жүзеге асқан мысалдар жеткілікті. Мәселен, XX ғасырдың басындағы Жапонияда өнеркәсіптің қарқынды өсуі дәстүрлі шығыстық құндылықтардың үстемдігі жағдайында (ежелден келе жатқан коғамның иерархиялық құрылысы, кішілердің үлкендерге бағынуы, әдет-ғұрыптар мен нормаларды сақтау және т.б.) іске асты. XX ғасырдың екінші жартысынан кейінгі Оңтүстік Корея, Тайланд, Чили мен Индонезия экономикасының жаңғыруы демократиялық емес басқару жағдайында іске асты. Қазіргі күнде бұл елдердегі саяси жүйе бірте-бірте демократия бағытына дамуда.

Қытай Халық Республикасы бұрынғыдай социалистік қағидатқа адалдығын жариялап отырса да, бір мезгілде мемлекет экономикалық еркіндік пен жеке бастамалардың қорғалуын қамтамасыз етуде. Өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап Қытайдың ішкі жалпы өнімі жылына 10%-дық межемен дамыды. Дегенмен, бұл елде сөз бостандығы шектелген, ал коммунистік партия өзінің билікке қатынастағы монополиясын қатаң түрде қорғап отыр. 1989 жылы Пекинде адам құқығы мен бостандығының қорғалуын, саяси плюрализм мен еркін сайлауларға рұқсат беру талабын көтеріп шыққан студенттердің ірі ереуілі қатаң түрде басылып, нәтижесінде жүздеген адамдар қайтыс болды.

1985 жылдан бастап Кеңес Одағында қоғамды демократияландыру бойынша кең қозғалыс пайда болды. Адамдар қоғамдық өмірде орын алып отырған барлық мәселелер бойынша өз ойларын еркін білдіруге мүмкіндік алды, шерулер мен демонстрацияларға рұқсат берілді. Дегенмен экономика бұрынғыдай әкімшіл-әміршіл әдістермен басқарылды. Қолға алынып отырған реформалар қоғамның экономикалық тұғырын өзгертпей-ақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын біршама жаңарту мақсатын ұстанды. Нәтижесінде демократиялық құқықтар мен бостандықтарды шаруашылық жүргізуді қатаң басқарумен өзара байланыстыруға ұмтылу осы бағыттағы саясаттың толық күйреуіне алып келді. Сол кездегі үстемдікке ие мемлекеттік меншік түрі өзінің пәрменсіздігін көрсетті. Бұл, өз кезегінде, Кеңестер Одағының күйреуінің себептерінің біріне айналды.

Көріп отырғандай, әрбір қоғам заманауи шынайылықтың өзгерісіне әртүрлі түрде бейімделеді. Мәселен, Қытай реформалауды экономикалық либералдандырудан бастаған болса, ҚСРО — саяси жүйені реформалаудан бастады, ал дамушы елдерде реформалаудың өзіндік жолы қалыптасты. Дегенмен, осы қайшылықтарға қарамастан бір нәрсені анық айтуға болады: мемлекет дамуының маңызды шарты ретінде экономикалық еркіндіктің мойындалуы XX ғасырда әлемдік процестегі жетекші үрдіс ретінде алға шықты.

Экономикалық құқықтар туралы айтқанда оларды экономикалық теңестірумен шатастырмау керек. Социализм жағдайындағы экономикалық теңдік мемлекеттің барлық игіліктер мен кіріс көздерін теңдей бөлуін білдіретін. Бір мөлшердегі жалақы алу адамның жеке бастамаларын тежеп, қоғамда жатыпішерлік көңіл-күйді туындатады. Мемлекеттің экономикаға тым көп араласуы, жоғары кіріс пен жалақыны шектеу, салық мөлшерінің үлкендігі және қаржы көздерін қайта бөлушілік экономикалық өсімді төмендетуге алып келеді. Бұлар, өз кезегінде, елден «капиталдың қашуына» алып келеді. Мәселен, Швецияда мемлекеттің экономикалық салаға тым көп араласуының, кіріс көздеріне қатаң бақылау орнатудың, тапқан пайданы белсенді түрде бөлу мен қайта бөлудің нәтижесінде,бұл елде тегін немесе арзан білім беру, денсаулық сақтау, өмір сүрудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету түріндегі айтарлықтай әлеуметтік жеңістерге қол жеткізілді. Бір мезгілде, бұл елде күнделікті сұранысқа ие тауар бағаларының өте жоғары екендігін және шведтердің әлемде ең үлкен салық төлемдерін төлейтіндігін айта кету керек.

Осы ретте, бірде-бір мемлекеттің абсолютті экономикалық еркіндікке қол жеткізе алмайтындығын да ескеру қажет. Қоғам әрбір адамға белгілі бір салада немесе жеке түрде кәсіппен айналысып немесе мемлекеттік мекемеде еңбек етуіне және соған сәйкес ақша табуына мүмкіндік береді. Мемлекет, бір мезгілде мүгедектерді, зейнеткерлерді, балаларды, әлеуметтік аз қамтылған топтарды өз қолына алады, өйткені оларға мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүру қиындық тудырады және олар өз мүдделерін дербес қорғай алмайды. Сондықтан өкімет әдетте олардың төменгі өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуді өз қолына алады.

Көріп отырғандай, қоғамдағы экономикалық қатынастарды реттеу мемлекеттің құзыретінде болған және болып қала береді. Тұлғаның экономикалық еркіндікке қатынастағы құқығы соған сәйкес заңдық тетіктермен қамтамасыз етіледі. Нарықтық экономикаға өту барысында міндетті түрде туындайтын қиындықтар (тұрғындардың көп бөлігінің әл-ауқатының төмендеуі, бағаның өсуі, жұмыссыздардың пайда болуы) реформаларға қатысты теріс көзқарастар мен қатынастардың пайда болуына, социалистік теңдікті аңсайтын көңіл-күйдің туындауына алып келуі мүмкін.

Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен бостандықтар индивидтерге қоғамның толыққанды мүшесі болуға, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда өз ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Экономикалық құқықтар қамтиды:

  • жекеменшік құқығын;
  • еңбек ету құқығын;
  • демалыс құқығын;
  • еңбектің әділ төлену құқығын;
  • ереуілдерге шығу құқығын;
  • ұжымдық келісімшарт бекіту құқығын;
  • жұмысты еркін таңдау құқығын;
  • кәсіби одақтар құру және оларға кіру құқығын. Экономикалық құқықтар қызметкерлер мен жұмысшылардың материалдық жағдайларының тұрақтылығын қамтамасыз етеді, жұмыссыздықтан қорғалуға септігін тигізеді. Әрбір адамның лайықты өмір сүруіне қолдау білдіре отырып, мемлекет қоғамның негізгі институттарының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. «Өмірдің шет жағында» қалып қойған адамдарға көмек қолын созу кез келген мемлекеттің маңызды міндетіне айналады. Яғни, жұмыссыздар, қарт адамдар, мүгедектер, жетім балалар мен қорғалуға жататын басқа да әлеуметтік топтағы адамдар жәрдемақы алу құқығын иеленеді.

Көптеген елдерде жұмыссыздар мемлекеттік көмек алу құқығына ие. Түрғындардың толық уақыт жұмыспен қамтылмауы, артық жұмыс күшінің пайда болуы — нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі болып табылады. Социалистік жүйеде түрғындардың барлығы дерлік жұмыспен қамтамасыз етілген болса да, мемлекеттің экономикалық жүйесі тым пәрменсіз болатын, ал үкімет шығынға белшесінен батып жатқан кәсіпорындар мен тұтас секторларды пайда алып келетін салалардан түсетін қаржы есебінен демеу қаржымен қамтамасыз етумен айналысатын. Жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақылары бар жерде төмен болатын және ол теңестіру принципі бойынша тағайындалатын. Жеке бастамалар мен кәсіпкерлік үжымдық идеологиямен басылып тасталатын. Социализм кезінде қалыптасқан осы көзқарас қоғамдағы адамдардың бір бөлігінің кәсіпкерлерге қатынастағы көзқарастарына әлі күнге дейін әсер етіп отыр деуге болады. Бүгінгі күннің өзінде қоғамның белгілі бір бөлігі адамдардың орта деңгейден жоғары кіріс алуын әділетсіздік деп санайды. Бұл түсінікті де, өйткені адамдар тегін білім алу мен денсаулық сақтауға, коммуналдық қызмет, азық-түлік, көлік және тағы басқа салалардағы бағалардың төмен болуын қамтамасыз ете алған мемлекеттік қайта бөлу жүйесі туралы әлі де жылы пікірде қалып отыр. Дегенмен, бұл жерде, социалистік жүйеде экономикаға толық бақылау орнату нәтижесінде ғана мемлекет өзіне тым үлкен әлеуметтік функцияларды ала алғандығын ескеру керек.

Нарықтық негіздегі шаруашылық жүргізу жағдайында үкімет жұмыссыздықпен экономикалық шаралармен және азаматтардың бастамаларына арқа сүйеу арқылы күресе алады. Халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың жоғары деңгейін сондай ресурстарға ие мемлекет қана қамтамасыз ете алады.

Ереуілдерге шыға алу құқығы еңбеккерлерге жалақыларын көбейтуге, еңбек етуге лайықты жағдайды жақсартуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен ғасырдың 80 жылдарының аяқ кезі мен 90 жылдардың орта шеніне дейін ТМД аумағында еңбек жалақыларын көптеген айлар мен көп жылдар бойы кешіктіріп беру үйреншікті жағдайға айналған болатын. Әрине, бұл жалақыны дер уақытында және әділ беруді талап ететін еңбеккерлердің конституциялық құқықтарын қатал түрде бұзу болып табылды. Мұндай жағдайдың еңбек заңнамасына қайшы келетіні айтпаса да түсінікті. Өкінішке орай, үкіметтің қолға алатын шаралары бар кезде пәрменді бола бермейді, және еңбек ету қүқығын бұзудың осы түрі бүгінгі күнде де кездесіп қалатындығын айта кету керек.

Әлеуметтік құқықтар тобына жататындар:

  • қартайғанда немесе ауырған жағдайда зейнетақымен қамтамасыз етілу құқығы,
  • тегін орта білім алу құқығы,
  • денсаулық сақтау және медициналық қызмет алу құқығы,
  • ата-аналардың өз балаларының білім алу түрін таңдау құқығы,
  • лайықты баспана мен тамақтану құқығы.

Әлеуметтік құқықтар білімнің, өнердің, әдебиет пен ғылымның даму мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Мемлекет бұл салаларда адамдардың әлеуметтік және материалдық жағдайларына, жынысына, жас ерекшелігіне, ұлтына қарамастан теңдей мүмкіндікті кепілдендіруі тиіс. Ал шындығына келер болсақ, тіпті дамыған мемлекеттердің өздері адам құқығын шектеудің жекелеген түрлерімен ұшырасып отырады. Мәселен, көне неміс мақалы әйелдердің қоғамдағы орнын үш К әрпімен шектеп келді: «кухе, киндер, кирхе» (ас үй, бала, шіркеу). Тек XX ғасырда ғана әйел адамдардың қоғамның әлеуметтік және экономикалық өміріне белсенді қатысуы жаппай мойындала бастады. Ал ислам Шығысындағы көптеген елдерде бүгінгі күннің өзінде әйелдердің өмірі бұрынғыдай отбасы-ошақ қасымен шектелген, және олар сан заман бұрынғыдай бет-жүздерін басқалардан жасырмай көшеге шыға алмайды.

Осы ретте, балалар мен жасөспірімдер құқықтарына ерекше назар аударылады және көптеген құжаттар мен халықаралық конвенциялар осы мәселеге арналған.

Қоғамның және ондағы жекелеген ұлттар мен этникалық топтардың дәстүрлері мен мәдениеттерінің сақталуы мен дамуын қамтамасыз ететін мәдени құқықтар әлеуметтік-экономикалық құқықтарға жатады. Қолданысқа еніп кеткен «мәдени құқықтар» сөзінің тілдік тұрғыдан дүрыс еместігі көзге түсетіндіктен, оларды «мәдени құндылықтарға үйрену құқығы» деп атау айтарлықтай дұрыс болар еді. Осы қатарда қоршаған ортаны қорғау мақсатын білдіретін экологиялық құқық та жеке көрініс табады. Демек, экологиялық және мәдени құқықтар — ол:

  • қоғамның мәдени өміріне қатысу, өнер туындыларын пайдалану құқығы,
  • өзінің этникалық тобының дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін сақтау және дамыту құқығы,
  • қолайлы экологиялық орта құқығы,
  • қоршаған ортаның ластануынан қорғану құқығы.

Демократия жағдайында ірі халықтармен қатар саны аз халықтар да өз тілдері мен дәстүрлерін сақтау мен дамытуға тең мүмкіндік алады. Мәселен, Қазақстанда теле-радио хабарламалар мен ақпараттар қазақ және орыс тілдерінен бөлек, неміс, корей, ұйғыр, татар, әзірбайжан, украин, түрік тілдерінде таралады. Еліміздегі ұлттық бірлестіктер өз басылымдарын шығарып, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен фольклорларын сақтауға мүмкіндік алып отыр. Мектептерде білім беру ондаған тілдерде жүзеге асып отыр.

Мәдени құқықтар өнер туындыларына қол жеткізу мүмкіндігін қамтитынын ескерер болсақ, әрбір адам өз қалауымен театрлар мен мұражайларға, көрмелер мен қинотеатрларға бара алады. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану және ғаламтор кеңістігіне қосылу елдер арасындағы мәдени барыс-келістер мен ақпарат алмасу көкжиегін ұлғайта түсері сөзсіз. Қазіргі күнде ірі мәдени ошақтар мен қалалардан алыс жерде өмір сүре отырып та сауатты адам болуға болады.Ол үшін сол аумақта бар қол жетімді өркениет жетістіктерін пайдалана білу қажет.

Әр адамның еркін шығармашылық қүқығы болуы тиіс. Ол адамның өзін қоршаған дүние мен қүбылыстарды индивидуалдық қабылдауына сүйене отырып, өнер туындыларын жасай алу мүмкіндігін білдіреді. Мәселен, демократиялық емес мемлекеттер суретшілердің шығармаларына әртүрлі талаптар қоя алады. Өткен ғасырдың 60 жылдарында кеңестік жүйеде коммунистік партияның талаптарына сәйкес келмейтін суретшілердің көрмелерін өткізуге тыйым салынған болса, Гитлер билігі тұсындағы Германияда билікке ұнамаған кітаптарды өртеп жіберу кең қолданылатын. Социалистік даму жолын таңдаған сол кездегі Югославия, Чехословакия мен Румынияның бірқатар жазушыларының еңбеқтері тек шетелдерде ғана жарық көрді. Кейіннен Чехия президенті болған Вацлав Гавелдің өзі «өркендеген социализм» тұсында өзінің шығармашылық қызметі мен құқыққорғау ұйымдарының жұмыстарына қатысқаны үшін біршама уақыт түрмеде де отырып шыққан болатын.

Өкінішке орай, соңғы онжылдықта жер шарының көптеген аймақтарындағы экологиялық жағдай күрт төмендеп кетті. Көптеген қалаларда ауа мен судың ластануы қауіпті деңгейге жетіп отыр. Осындай жағдайда адамдардың қоршаған ортаның тазалығына қатысты құқығын қалай қорғауға болады? Ол үшін үкімет кәсіпорындар мен көліктерге қатынаста қатаң экологиялық талаптарды қоюға міндетті. Егер белгілі бір кәсіпорын немесе завод түрғындардың денсаулығына қауіп туғызатын болса, оны жабуға дейінгі шараларды қолдану керек. Мәселен, еуропа елдері көлік түтіндеріне қатысты қатаң тәртіп енгізгендіктен, машина жасаушылар биліктің заңды талаптарын ескеруге мәжбүр болды. Әрине, мүндай мәселелерде азаматтардың белсенділігінен көп нәрсе байланысты екендігін айта кету керек. Бүгінгі күнде Қазақстанда ядролық сынақтардың зардаптарын жоюмен және Арал теңізін құтқарумен күресетін ірі ұйымдар қызмет атқарады. Дегенмен, экология ұлттық немесе ғаламдық ауқымдағы мәселелермен айналысумен шектелмейді, ол бір мезгілде еліміздің әрбір ауылы мен қалаларының табиғатын сақтау мақсатындағы ізгі қатынастарды қажет етеді.

Әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтар көптеген елдердің заңнамалық құжаттарында жеке және саяси құқықтардан кейін пайда болды. Олардың мойындалуы азаматтардың өз жағдайларын жақсарту бойынша жүргізген күрестерінің нәтижесі болды. Бұл үдеріске экономикалық дағдарыстар кезіндегі бұқаралық сипаттағы шаралар мен қарсылықтар айтарлықтай ықпал етті. Осы құқықтар заңдармен бекітілгенге дейін жүмысшыларды шектеусіз қанау орын алып келді. Мәселен, XX ғасырдың басына дейін ірі кәсіпорындардағы жұмыс күні 12-14 сағатқа дейін жететін. Әйелдер мен жасөспірімдер ер адамдармен қатар жұмыс істеп, аз жалақы алатын. Бір сөзбен айтқанда, капитализмнің бастапқы кезеңінде жұмысшылардың жалақылары тамақтарына әрең жететін. Қоғам адамдардың жүмыс істеуі мен демалысын лайықты және қауіпсіз жағдаймен қамтамасыз ету қажеттілігін бірте-бірте түсіне бастады.

Экономикалық, әлеуметтік, мәдени және экологиялық құқықтарды жүзеге асыру билік тарапынан айтарлықтай күш салуды талап етеді. Егер мемлекет Конституция мен заңнамаларға сәйкес ережелер қабылдай отырып өзіне жауапкершілік алатын болса, онда ол құқықтардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін кәсіпорындардағы еңбек ету жағдайына бақылау орнату, жүмыссыздар мен мұқтаж адамдарға көмек көрсету, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға демеу қаржылар (дотациялар) бөліп отыру қажет. Өйткені білім берудің өзі көптеген ғимараттарды үстап тұруға, ұстаздар мен техникалық персоналдарға жалақы беруге, оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығаруға қажетті үлкен қаржы шығындарын бөлуді талап етеді. Мемлекет тегін бастапқы және орта білім алу мүмкіндігін берумен қатар, жоғары оқу орындарында тегін оқыту үшін орындар бөледі. Ол қүқыққа тесттен жақсы көрсеткіштер алған және конкурстық іріктеуден өткен жастар ие болады. Үкімет елге қандай мамандық иелері және қанша көлемде қажет екендігін анықтайды. Ал бюджет есебінен тегін білім алған жоғары оқу орындарының түлектері дипломдарын алған соң өз мамандықтары бойынша мемлекет мекемелерінде белгілі бір кезең аралығында жүмыс істеуге міндеттеме алады.

#Әлеуметтікэкономикалық #құқықтар #мен #бостандықтар

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз