Әлемдік саясат. Халықаралық қатынастар | туралы қазақша
Жекелеген мемлекеттердің ішінде өтіп жатқан саяси үдерістер халықаралық саясатпен тығыз байланыста көрініс табады. Бір мемлекетте орын алып отырған оқиға басқа мемлекеттердің, тіпті бүкіл әлемнің дамуына ықпал ете алуы мүмкін. Қазіргі күнде жер шарының көптеген аймақтарының экономикалық жүйелерінің өзара байланысы шынайылыққа айналып отыр дейтін болсақ, бір елдегі саяси өзгерістердің көрші елдерге тигізетін ықпалы да өсе түсіп отыр.
Халықаралық қатынас — ол мемлекеттердің экономика, мәдениет, ақпарат және тағы басқа салалардағы өзара әрекеттесуі. Жекелеген мемлекеттер халықаралық аренада өз мүдделерін іске асырады және олар осы мақсатта өзінің жақын көршілерімен, сонымен қатар басқа құрылықтардағы елдермен байланысқа түседі. Ал осы байланыстарды лайықты деңгейде ұстап тұру үшін халықаралық және аймақтық ұйымдар құрылады.
Қазіргі таңдағы халықаралық қатынастарды айқындайтын басты факторлар мынадай белгілерден көрініс табады:
- бірқатар мемлекеттердің қолында ядролық және өзге де жаппай қырып-жою қару түрлерінің болуы;
- дамушы елдердің дамыған елдерден артта қала бастауының өсуі. Артта қалу, әсіресе экономика саласында анық көрінеді;
- аймақтық қақтығыстардың, әсіресе «үшінші әлем» елдерінде қақтығыстардың өсе түсуі;
- экологиялық мәселелердің ушығуы.
Жалпы, әскери шиеленістерді азайту заманауи әлемдегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Кеңестер Одағы өмір сүріп отырған кезеңде бүкіл әлем олардың қолдарындағы қарулар саны мен сапасы тұрғысынан бір-біріне тең келетін екі супердержаваның арасында (КСРО және АҚШ) бөлініске түскен болатын. Осы тепе-теңдік әлемдегі шиеленістер көп және тұрақсыз аймақтардағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп келген болатын. Ал КСРО-ның тарих сахнасынан жоғалуымен тым үлкен әскери, экономикалық және саяси әлеуетке ие Америка бірден-бір үстем державаға айналды. Дегенмен, соңғы онжылдықтарда жаппай қырып-жоятын қару түрлерінің кең таралуы және әлемнің көптеген елдері қысқа уақытта ядролық, химиялық және бактериологиялық қару түрлерін жасай алатын жаңа технологияларға қол жеткізу бұл үстемдікті жылдан-жылға салыстырмалық сипатқа айналдыруда. Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруларын сынап үлгерген болса, одан бөлек Израиль, Оңтүстік Африка, Бразилия, Солтүстік Корея және басқа да бірқатар елдер ядролық державаларға айналуда. Бұдан шығар байлам — қазіргі күнде орын алуы мүмкін кез келген аймақтық қақтығыс бүкіл әлемді апаттық салдарға алып келе алады. Бұл, өз кезегінде, барлық мемлекеттер арасында күш қолданудан бас тарту туралы келісімге қол жеткізу қажеттілігін көрсетеді.
Осы ретте, Мартин Лютер Кинг айтқан «күш қолданбауға сенетін адам — болашаққа да терең сеніммен қарайды» деген сөздің дұрыстығына еріксіз иланасың… өйткені қазіргі таңда жер бетіндегі мемлекеттер күннен-күнге орын алып отырған және келешекте орын алуы мүмкін қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге қол жеткізуге талпынуда. Күш қолданбау қағидаты азамат пен өкімет қатынастарында да, сонымен қатар мемлекеттер арасындағы қатынастарда да орныға бастауда.
Қазіргі таңда іргелі халықаралық ұйымдар күш қолданбайтын әлемді қалыптастырудың құқықтық негіздерін әзірлеумен айналысуда. Осы мақсатқа қол жеткізу мақсатында химиялық және бактериологиялық қаруларға тыйым салу, ядролық қаруды тарату мен сынақтан өткізуге тыйым салу туралы келісімдер қабылданды.
Жалпы, бүгінгі күндегі халықаралық ахуалдағы басты үрдістер келесідей сипаттармен анықталады:
— өмірдің барлық салаларын интернационалдандыру. Әлемнің көптеген елдері экономика, білім, мәдениет, ғылым салаларында тығыз өзара байланыс орнатуға қол жеткізіп отыр. Осы орайда, ресми және бейресми түрде әлемдік өлшемдерді бекіту мен орнықтыру белең ала бастауда. Барлық елдер тарапынан қабылданған нормалар информатизация, өнеркәсіптік өндіріс, технологияларды дамыту тәрізді салаларда кең таралуда. Қазіргі күнде тіпті адам қүқығының өзі жалпыға ортақ нормативтермен реттеле бастауда
— адамзаттың ғаламдық мәселелерінің шешімін таппауы. Бұл мәселелерді жекелеген мемлекеттердің, оның ішінде дамыған елдердің күшімен де еңсеру мүмкін емес. Әлемдегі барлық халықтардың ынтымақтастығы ғана осы мәселелердің өткірлігін күн тәртібінен алуға мүмкіндік береді. Осы орайда, ғаламдық мәселелер ретінде бейбітшілікті сақтауды, қоршаған ортаны қалпына келтіруді, дамушы елдердің артта қалушылығы мен кедейшілігін жоюды, жұқпалы аурулармен күресуді көрсете кетуге болады.
— Халықаралық қатынастарды демократияландыру және зорлық-зомбылықтан бас тарту. Әскери күшті қолдану — кез-келген мемлекетаралық мәселелерді шешудегі ең сәтсіз жолдардың бірі екендігі туралы ой бірте-бірте адамзат санасында орныға бастауда. Күш қолдану көп жағдайда пәрменді бола алмайды, өйткені ол қақтығыстың көңіл толмаушылықтардың жасырын жинақталуына алып келеді. Егесті тудыратын қарама-қайшылықтар зорлық-зомбылық нәтижесінде тереңдей және шиеленісе түседі, ал жаңа құрбандықтар көңіл толмаушылықтардың жаңа толқынын тудырады. Қақтығыстың созылуы және одан шығар жолдың қиындай түсуі — әскери теке-тірестің нәтижесіне айналуы мүмкін. Осы ретте, жалпыға ортақ мойындалған демократиялық әдістер -яғни әрбір тараптың ерік-қалауларын қүрметтеу, барлық мемлекеттердің суверенитеттілігі мен тәуелсіздігін мойындау, келісімге қол жеткізу жолдарын іздестіру, егесті мәселелерде төзімділік таныту және бірқатар шегіністер жасауға дайын болу — кез келген қайшылықтарды шешудің негізіне айналуы тиіс.
Мемлекет басшылары өздерінің күнделікті қызметтерінде өз мемлекетінің мүдделерін басқа елдердің мүдделерімен байланыстырып отырады. Әрине, бұл жерде ұлттық мүддені саналы және байыппен түсінудің орны ерекше екенін түсіну керек. Бұл ұғым нені білдіреді? Ұлттық мүдде — оның басшысының саясатында көрініс табатын мемлекеттің түбірлі қажеттіліктері. Кез келген саясат үшін ең маңызды міндет — ішкі даму үшін оңтайлы жағдайды орнату. Одан бөлек, мемлекет әлемнің басқа елдерімен сыртқы және ішкі жаулардан қорғануға мүмкіндік беретін, қоғамның жан-жақты даму прогресіне кепілдік беретін қатынастарды қолдауға ұмтылады. Осы мақсатта саяси басшылық тек саяси, экономикалық және әскери шараларды қабылдауға ғана емес, сонымен қатар мемлекетте өмір сүріп отырған құндылықтарды, адамгершілік қағидаттары, мәдени жетістіктерді қолдауға ұмтылады. Бұл мәселеде ішкі үлттық ерекшелік пен әлемдік үрдістер арасында дұрыс және толыққанды тепе-теңдікті сақтау маңызды. Өйткені әлем кез-келген халықты, ең біріншіден, оның рухани мәдениетінің өзіндік ерекше болмысына және адамзат мәдениетіне қосқан қайталанбас мұрасына сәйкес бағалайды.
Ұлттық мүдде тұжырымдамасы. Саяси теорияда ұлттық мүддені түсінудің көптеген үлгілері қалыптасты. Оларды шартты түрде либералидеалистік және раелистік тұжырымдалар деп бөліп қарастыруға болады. Либерал идеалистер бүкіл әлем либералдық құндылықтар мен нарықтық экономиканың орнауының, демократиялық режимдердің, бостандық пен теңдік қағидаттарының жеңісіне қарай қозғалып бара жатыр деп санайды. Олардың пікірінше, осынау қағидаттарының жеңісі жалпыға ортақ тыныштықтың орнауына, соғыс қаупінің аяқталуына және идеологиялық күрестердің бітуіне алып келеді. Агрессивті сипаттағы тоталитарлық режимдер жақын орналасқан халықтарды бағындыруға ұмтылады. Олардың мақсаты — тоталитарлық құндылықтарды қаншалықты кең түрде тарата түсуге негізделеді. Ал демократиялық елдер онда күш қолдану арқылы өз қүндылықтары мен құрылысын таңуға, әскери қымыс көрсетуге, бір халықтарды басқа халықтарға қарсы қоюға орын жоқ теңқұқықты ынтымақтастық орнатады. Тоталитарлық және авторитарлық режимдердің жойылуымен өз дамуының ең дұрыс жолын ерікті түрде қабылдайтын адамзат өмірінде жаңа кезең басталады. Жалпы, идеалистік түжырымдама жақтаушыларын идеологияға тым беріліп кетушілікпен және саяси шынайылықты елемеушілікпен айыптайды.
Реалистік тұжырымдаманы жақтаушылар этикалық қағидаттардан гөрі билік терминдерін пайдалануды дұрыс деп санайды. Олар өздерін қияли қағидаттардың емес, керісінше саяси мүдделердің ұстанушылары деп жариялайды. Осы ретте, мемлекет пен оның билігін күшейту — олардың мүдделері ішінде ең басты орынды алады. Демек, олар идеялық сенімдер мен ағартушылықты емес, қатаң бақылау орнатуды мүдделерді қорғаудың басты тетігі ретінде басты назарға қояды. Реалистік ұстаным Макиавелли мен Гоббс теорияларынан бастау алады. Қазіргі күндегі заманауи реализм келесідей принциптерге негізделеді: күш қолдануды немесе оны қолданамын деп қорқытуды халықаралық қатынастарда бірден-бір пәрменді тетік ретінде мойындау; саясатта әрбір мемлекеттің заңды мүдделеріне сүйену, басқа мүдделерге қатынаста ұлттық мүдденің басымдығына назар аудару; әрбір мемлекеттің қолында бар артықшылықтарды пайдалана отырып, өз ықпалын күшейту құқығына жол беру.
Геосаясат және геостратегия. Соңғы уақытта геосаясат мәселелеріне қатынаста қызығушылықтың артуы байқалып отыр. Геосаясатты ұлттық мүддені реалистік немесе күш көрсету түжырымдамасымен іске асыратын саяси тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Жер аумағының ауқымы, стратегиялық ресурстарды иелену, әлемдік мұхиттарға шығу жолдары, маңызды көлік-логистикалық дәліздерге бақылау орнату — міне осы алғышарттар мемлекеттің әлемдік аренадағы мәртебесін айқындайтын саясаттың географиялық қүрамдас сипаттары болып табылады. Бұрынғы кезеңдерде саясаткерлер мұхиттар мен теңіздерге бақылау жасаудың құрылықта үстемдік құрудан маңызды ма әлде жоқ па деген мәселе төңірегінде егесетін болса, қазіргі күнде мемлекеттердің аумақтық артықшылықтары екінші қатарға ығысуда деп айтуға болады.
Геосаяси тәсілді әсіресе Америка Құрама Штаттарының әлемдегі бірдең-бір супердержава ретінде орнығуы мысалымен көрсетуге болады. Құрама Штаттардың гегемониясын дәйектейтін теоретиктердің бірі ретіндегі З.Бжезинский өзінің осы қатардағы бір еңбегінде Наполеонның «өз мемлекетіңнің географиясын білу — өзіңнің сыртқы саясатыңды білу деген сөз» деген ойын бекерден-бекер айтып отырмағаны анық.
Заманауи Американың бірден-бір үстем держава ретіндегі жағдайы оның төрт саладағы — әскери, экономикалық, технологиялық және мәдени салалардағы үстемдігімен қамтамасыз етіледі, АҚШ-тың әскери күшіне әлемдегі бірде-бір елдің мүмкіндігі теңесе алмайтын болса, бұл елдің экономикалық әлеуеті Еуропа және Жапония тарапынан бәсекелестікті сезіп отырғанымен әлемдік дамудың жетекші күші ретінде қалып отыр. Американың ақпараттық және компьютерлік технологиялар саласында алғашқы орында екендігі талас тудырмайтын болса, бұл елдің мәдениет саласындағы ықпалын әлемнің кез келген елінен сезінуге болады. Осы ретте, Америкаға мәдениеттің төмен деңгейі туралы қаншама сың айтылып жатқанымен, ондай пікірлер бүл елдің басқа елдің азаматтары үшін, әсіресе жастар үшін тартымды болуына бөгет бола алмауда.
Геостратегия — геосаяси мүдделерді стратегиялық басқару. Бжезинский геостратегияны онымен бір мезгілде теңдей мүмкіндікке ие және әртарапты мүдделері бар бірнеше ойыншы ойнайтын шахмат тақтасымен салыстырады. Бұл ойында барлық тәсілдерді жетік меңгерген және оқиғалардың даму барысын бірнеше қадам бұрын алдын ала біле алатын ойыншы ғана өзін сенімді сезіне алады (Бжезинский 3. Великая шахматная доска. Господство Америки и его геостратегические императивы. -М., 1999. 36, 44-46-беттер).
Бір державаның әлемдік үстемдігі басқа елдердің үстінен қатаң әскери-саяси бақылау жасауын қажет етпейді. Мәселен, Құрама Штаттардың заманауи әлемдегі жетекші орынды иеленуі оның экономикалық қуатына, технологиялар мен ақпараттар саласындағы жетекші позициясына тұғырланады. Мемлекет әскери, экономикалық және саяси қатынастарда қаншалықты қуатты болса, оның өмірлік мүдделері де соншалықты ауқымды болады. Сондықтан Құрама Штаттардың Корей түбегінде, Парсы шығанағында, Балканда немесе Каспии аймағында өз мүдделерін қорғауға дайын екендігін мәлімдеуіне таңғалудың қажеті жоқ.
#Әлемдік #саясат #Халықаралық #қатынастар
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз