Әлемдік ақшалар. Ақшаның экономикадағы рөлі – Ақша, кредит және банктер – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0

 

Ақша формасының дамуындағы сапалы жаңа кезең әлемдік ақша арқылы өрнектелді.

Әлемдік ақшалар ақшаның барлық қасиеттерін өзіне жұмылдыра отырып, ол қазыналық және төлем құралы қызметінің тұтастығы арқылы ақша формасының тікелей логикалық жалғасы болып табылады. К. Маркс былай жазған: «Өзінің түсінігі ғана емес, сонымен катар әрекет әдісімен ақшалар қазына және жаппай төлемі құралы ретінде әлемдік нарықта жалпы айырбас құралы, жалпыға ортақ тауар болып табылады». Осыған байланысты әлемдік ақшалардың табиғаты, экономикалық категория ретіндегі маңызы олардың қызметінде айқын көрініс табады, мұндағы ақшаның өзіндік ерекшелігі жаппай интернационалды тауар ретінде көрінеді. Халықаралық төлем құралы қызметі жөнінде айтсақ, онда ол құнның ұлттық белгілері арқылы және ішкі ақша айналымына ұқсас қалыптасатын құнның айрықша интернационалдық белгілері бойынша жүзеге асырылады.

Егер ол ішінде ақша мемлекет тарапынан заңдастырылған ұлттық ақша формасында әрекет етсе, онда оның шекарасынан тыс жерде К. Маркстің пікірінше «ақша өзінен ұлттық киімін шешеді де, өзінің бастапқы формасы – бағалы металл құймалары түрінде әрекет етеді».

Алтын монометаллизмнің әрекет етуі кезеңінде, яғни алтын монета және алтынға айырбасталатын кредиттік ақшалар айналымда жүрген кезде, әлемдік ақша нарығына ақшаның шығуы және әлемдік ақша ретінде әрекет етуі кедергісіз жүзеге асты.

Қазіргі таңда айналымда алтын монетаның жоқ болуына байланысты, кредиттік ақшалар (банкноттар) алтынға айырбасталмайды, әлемдік ақша ретінде алтын құймалар және еркін айырбасталымды валюта түрінде қолданылды. Бірақ та XX ғасырдың бірінші жартысынан бастап олар төлем құралы ретінде еркін айырбасталатын валюта мен ығыстырыла бастады, яғни ондай шет елдік валюталарды барлық басқа мемлекеттер тарапынан еш тоқтаусыз қабылдайды. Мұндай валюталарға американдық доллар, евро және фунт стерлинг жатады. АҚШ доллары қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік нарығында (тауар айналымының 70 пайызға жуығы) кең қолданылатын төлем құралы болып табылады. Барлық төлемдердің 20 пайызға жуығы евро, басқа валюталар арқылы жүзеге асырылады. Барлық мұнай, металл долларға экспортқа шығарылады.

Әлемдік ақша кызметін валюталық – қаржылық институттардың арнайы есептік бірліктері, атап айтқанда Халықаралық валюталық қор (ХВҚ) тарапынан айналысқа ақша шығару, қарыз берудің арнайы құқықтары (СДР); Ортақ нарық елдерінің есептік бірлігі (ЭКЮ), ол XX ғасырдың 90-жылдарыныц соңында евроға ауысты; Варшава Келісімі елдері арасында ауыстырылған рубль қолданылды, олар социализмнің күйреуі нәтижесінде жоғалды.

Жаппай сатып алушылық құралы ретінде толыққұнды әлемдік ақшалар (алтын) елдер арасында өзара қарым-қатынастар және есеп айырысулардың қалыпты режимі бұзылған кезде немесе жоқ болған жағдайда әрекет етеді (астықтың шықпауы, берекесіздік апаттар және т.б). Мысалы, XX ғасырдың 60-жыл-дарында Қазақстанда астық өнімдері шықпай қалған кезде КСРО астықты алтынға сатып алды.

Ақшаны қоғамдық байлықтың абстрактылық заттанған формасында пайдалану мына жағдайда жүзеге асады: елдің алтын және валюталық қорын толтыру кезінде, алтын немесе еркін айырбасталымды валюта түрінде басқа елдерге кредит ұсыну.

Егер елдің төлем балансы активті болса, яғни экспорт импорттан басым болса, онда еркін айырбасталымды валюта валюталық резервтерді толтыруға бағытталады, егер төлем балансы теріс болса, онда керісінше, резервтердегі айырма жабылады.

Біз қарастырған ақша қызметтері бір-бірімен өзара байланысқан, бір-бірін толықтырады және жаппай балама ретінде ақшаның біртұтас мәнісі айқындалады. Олар тығыз байланыста және бірлікте болады. Логикалық және тарихи тұрғыда әрбір келесі қызмет алдыңғылардың танымал дамуын алдын ала көрсетеді. Ақша қызметтерінің өзара байланысының негізі болып құн өлшемі ретіндегі ақша қызметі есептеледі. Бұл өте орынды, өйткені ақшаның бұл қызметі анықтауыш болып саналады. Ақшаларда бұл қызмет болмаған жағдайда барлық басқа қызметтер өз рөлін іс жүзінде толыққұнды атқара алмайды.

 

Ақшаның экономикадағы рөлі

 

Қазіргі замандағы қоғамда ақша өте үлкен және алуан түрлі рөлді атқарады. Ақшаның ролі жалпы балама түріндегі маңызымен анықталады, өйткені бұл ролге айрықша арнайы тауарды бөліп шығару тауар өндірісі мен айналысының заңы болып табылады. Ақша тауарларды айырбастау құралы ретінде әрекет етеді, ол тауар өндірісімен үздіксіз байланыста болады. Осы бастапқы тұғырға сүйене отырып, мынаны сеніммен атап өтуге болады, яғни ақша дамыған тауарлық шаруашылықтың ажырамас бөлігі болып табылады, ол шаруашылық өмірдің жағдайына және қоғамда болып жатқан экономикалық үрдістерге маңызды түрде және үнемі ықпал етеді. Ақша тауарлар мен қызметтердің үлкен массасының қозғалысын, сонымен бірге қаржы-кредит жүйесі арқылы жеткізушілер мен тұтынушылар арасында ақша құралдарының қозғалысын туындатады.

Ақшаның нарықтық экономикадағы ролі ақша жинақтарын қалыптастырудың механизмдерін құру және кеңейтуде, барлық қаржылық ресурстарды жұмылдыруда (мобилизация) және оларды ұдайы өндірісте тиімді қолдану үшін инвесторларға беруде жатыр. Осылайша, ақшаның экономикалық жүйедегі қоғамдық рөлі мынада, яғни олар нарықтық экономикадағы тәуелсіз субъектілер арасында байланыстырушы буын болып табылады.

Ақша тауарларды, қызметтерді, тауарлық-материалдық құндылықтарды шаруашылық – қаржылық қызмет нәтижелерін құндық есепке алу және бақылау құралы ретінде қолданылады.

Ақшаның нарықтық экономикадағы рөлі еңбекақы, сыйақы түрінде еңбек шығындарын құндық өлшеу және бақылау ретінде, яғни еңбек өлшемі мен тұтыну өлшемін, еңбектің саны мен сапасын бақылау құралы ретінде, сонымен бірге еңбек өнімділігін ынталандыру және арттыру құралы ретінде айқындалады.

Ақшаның экономикадағы рөлі тауарларды, қызметтерді сату – сатып алу бойынша экономикалық қарым-қатынастар субъектілері арасында келісімдік міндеттемелердің орындалуын бақылау құралы ретінде айқындалады, яғни ақша арқылы өндірістік және саудалық қызметті жақсы ұйымдастыруға қатысты жабдықтаушылар мен сатып алушылардың материалдық жауапкершілігі артады.

Мемлекеттер экономикасын ақшалай – кредиттік реттеудегі ақшаның рөлі жоғары, онда бұл реттеу ақшаның монетаристік теориясына негізделеді. Әрбір елде жыл сайын орталық банк тарапынан ақша массасын өлшеудің ақшалай бағыт-бағдары белгіленеді, соған сәйкес ақша-кредит құралдары көмегімен оны реттеу жүзеге асады.

Мұндай ақша-кредиттік реттеудің мақсаты – ақша массасының өсуін тежеу, инфляцияны болдырмау, елдегі ЖІӨ-нің өсуін ынталандыру.

Осылайша, ақша экономикада өте маңызды ролді атқарады: «ол трансакциялық шығындарды төмендету, еңбектің мамандануы мен бөлісін ынталандыру арқылы экономиканың жеңіл қозғалысын жүзеге асыратын жағармай».

 

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз