Әлемдегі кредит жүйесінің қазіргі даму тенденциясы – Ақша, кредит және банктер – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0

 

Қазіргі кездегі кредит жүйесі соңғы жылдары едәуір өзгерістерге ұшырады. Әлемдік экономикадағы құрылымдық қайта құрулар нәтижесіндегі өзгерістерге байланысты банк жүйесінің барлық компоненттері жаңғыртылуда. Ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) дамуы әсерінен өндірістің шоғырлануы капиталдың шоғырлануымен орталықтануын талап етті, сәйкесінше банктер өз операцияларын кредиттік ресурстарды ұлғайтуға қарай модификациялайды, яғни қазіргі кездегі банк жүйесінің экономика дамуының өзгермелі жағдайларына бейімделуі жүзеге асады; банктік жүйенің құрылымдық қайта құрылуы айқын; белгіленген мамандануды сақтай отырып, банктер қызметінің шоғырлануы және әмбебаптануы орын алады; банктік емес кредиттік мекемелердің динамизмі байқалады. Банктердің жекелеген типтері, банктер және банктік емес мекемелер арасындағы айырмашылықтардың жедел жойылуы немесе кедергілердің жойылуы — соңғы жылдардағы кредит жүйесінің құрылымдық қайта құрылуының маңызды тенденцияларының бірі.

Ірі әмбебап банк өз клиенттері үшін депозиттік шоттарды жүргізу, қолма-қолсыз есеп айырысу, жинақтарды қабылдау, әр алуан кредиттерді беру, құнды қағаздарды сатып алу, сенімхат бойынша мүлікті басқару және басқа көптеген банктік және «банк маңындағы» қызметтерді көрсету бойынша операциялардың көптеген түрлерін (кейбір бағалаулар бойынша 200-ге жуық) жүзеге асырады. Кредиттік мекемелер қызметінің көп жақты сипаты қазіргі кездегі қаржылық капиталға толық жауап береді.

Кредиттік мекемелердің әмбебаптануы екі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – дәстүрлі емес банктік операциялардың кеңеюі арқылы. Коммерциялық банктер сақтандыру бизнесіне, факторингке, ақпараттық – кеңестік бизнеске және т.б. енуге тырысады. Олар қаржылық қызмет көрсету, атап айтқанда жылжымайтын мүлікпен мәмілелер, бухгалтерлік және компьютерлік қызмет көрсету, лизингтік іс салаларына қатыса отырып, кредиттік мекемелердің басқа топтарымен тікелей тайталасқа (конфронтацияға) шығады.

Екіншісі – банктік емес мекемелердің (сақтандыру, брокерлік, жинақ, сенімгерлік компаниялар, зейнетақы қорлары және т.б.) банктік нарықтарға енуі арқылы. Банктік емес мекемелер қазіргі таңда банктермен инвестициялық салада, ақпараттық – кеңестік қызметтерді көрсетуде, сонымен бірге банктік салада — депозиттік – ссудалық операцияларда барынша бәсекелесіп келеді.

Соңғы жылдары банктік және басқа арнайыланған қаржы-кредит мекемелері арасында халықтың жинақ ақшалары және фирмалар мен компаниялардың жинақтары үшін күрес өткір сипат алды.

Бұрын коммерциялық банктер депозиттер бойынша пайыздың мөлшерлемесін көтеру сияқты халықтың жинақ ақшаларын тартудың тиімді құралын еркін қолдана алмады. Оларға пайыздық мөлшерлемесінің максималды шегін белгіледі, оны жедел және сақтандыру салымдарын салушыларға төлеу рұқсат етілді, ал басқа арнайыланған кредиттік мекемелерде шектеулер болмады. Әрине, бұл жағдайда соңғылары бәсекелік күресте артықшылыққа ие болды. Банктер ақша нарығы сертификаттарын шығаруға рұқсат алды, олар бойынша пайыздар конъюнктураның жағдайына байланысты белгіленді. Сонымен қатар, АҚШ-та 1980 жылы депозиттік мекемелерді реттеу және ақша айналымын қадағалау жөніндегі заң салымдар бойынша пайыздарды төлеудің барлық шектеулерін алып тастады.

Ірі банктік мекемелерге арналған әмбебаптануға қатысты жалпы тенденция олардың мамандануының сақталуымен сәйкес келеді. Әмбебаптанудың өзі мекемелердің жекелеген түрлерінде бірдей емес және ерекше дамиды. Мұнда әмбебап типтегі мекемелердің қайта мамандануы жөнінде сөз болады. Сол сәтте бұл тенденция қызмет сапасының жоғарылауына ықпал етеді және ең алдымен ұсақ және орташа банктерді қамтиды, олар «нарықтық нишаларды», яғни әмбебап немесе ірі банктердің көңілін тарта алмаған қызметтердің бұл түрлерін іздестіруге тырысады. Қайта мамандануға қатысты тенденцияны банктік бизнестегі бәсекеде қолдайды.

Мынаны атап өту керек, экономиканың өзгермелі жағдайларына сәйкес банктік қызметтің өзінде, дәстүрлі банктік операцияларда қайта құру жүзеге асты. Оған банктік қызметті реттеуші әкімшілік ережелерді алып тастауға, яғни қайта реттеуге ықпал етті. Қайта реттеудің мақсаты – бәсекенің өте кең құралдарын қолдануға, банктік қызметтердің нарығын жандандыруға банктерді итермелеу.

Банктік қызметті қайта реттеу активті операцияларды да, пассивті операцияларды да қамтыды. Коммерциялық банктердің активті операциялары едәуір өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңда олар фирмаларды және корпорацияларды жанама кредиттеуден (вексельдерді кепілге беру және есепке алу) тікелей кредиттеуге толығымен көшті. Бағалы қағаздарды қолдана отырып рәсімделетін кредиттік мәмілелер кең тараған, солардың арқасында кредиттік міндеттемелері нарықта сатылады, ал кредиттік мекемелер тәуекелдіктерді белсенді орналастыру мүмкіндігін алады. Бұл тенденция нақты түрде банктердің өз кредиттерін нарықтық бағалы қағаздарға айырбастау ұмтылысынан байқалады.

Кредиттеу объектілерін ірілендіру жүзеге асып жатыр. Коммерциялық банктер өз активтерінің сапасына мұқият көңіл аудара бастады, өйткені активтердің сапасын дәл және дер кезінде бағалау — банктердің өркендеуінің кепілі.

Банк жетекшілері өз активтерінің сапасын, жаңа кредиттерді ұсынуды, кредиттеу технологиясын (құжаттарды жүргізу, контрактар, қамтамасыз ету), қарыз алушының кредит шарттарын сақтауын қадағалайды.

Ұзақ мерзімдік кредиттеу кең өріс жаюда. Коммерциялық банктердің қаржыларды тарту жөніндегі пассивті операциялары өзгерістерге ұшырады. Оларды үкімет белсенді түрде қолдайды. Бұны 80-жылдары АҚШ-тағы қайта реттеу процесі дәлелдейді, яғни 1933 жылы енгізілген әр түрлі салымдар бойынша банктік пайызға арналған «шектер» алынып тасталды. Бұл жайт банктердің депозиттік базасының нығаюына ықпал етті, олар енді талап етілгенге дейінгі салымдар бойынша да пайыздарды ұсына алды, оның өзі жаңа клиенттерді тартуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде тартылған қаржылардың құрылымы күрт өзгерді: егер де 1950 жылы АҚШ-тың коммерциялық банктердің балансындағы пассивтің құрылымында банктік шоттардағы қалдықтар 70 пайыздан астам болса, ал жедел және жинақ салымдар – бар-жоғы 24—26 пайызды құрады, бұл көрсеткіш 80-жылдары 60 пайыздан астам болған еді.

Банктердің пассивті операцияларының инновациясы қосымша ақша көздерін тартудың жаңа құралдарын құрудан көрініс тапты. Салымдардың жаңа типтері ашылды, олар бойынша пайыз мөлшері нарықтық мөлшерге жетті. Мұндай шоттарға ақша нарығындағы депозиттік шоттар жатады. Көптеген коммерциялық банктер депозиттік сертификатты (бағалы қағаз тектес) шығара бастады, ол ақша нарығында еркін айналды.

Банктік операциялардың дамуында ақпарат пен коммуникацияның қазіргі кездегі техникалық құралдары айрықша рольді атқарды. Банк ісі ақпаратты дер кезінде беру, оны жедел өндеу және мәліметтердің ақиқаттылығы, экономикалық жағдайды талдау және ақша нарығының даму болашағын дұрыс бағалау сияқты жағдайларға тәуелді болды. Қаржы нарықтарының қатысушылары өз істерін жүргізу үшін ақпараттың өте үлкен көлемін талап етеді. Сондықтан да банк ісіне ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) соңғы жетістіктерін енгізбей, компьютерлік техниканы игермей банк қызметін жаңарту мүмкін емес.

Банк жүйесінің дамуындағы елеулі құбылыс ретінде мынаны атап өтуге болады, яғни кредиттік мекемелердің «көтерме» операциялардан «бөлшек» операцияларға өтуі оның клиенттері шеңберінің кеңеюіне әкеледі. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін банкирлер сақтампаздық пен байыптылық көрсетті, таңдаулы, «айрықша сенімді» клиентураға ғана қызмет етті, қазір көптеген банктер өз стратегияларын өзгертті. Кәсіпкерліктің барлық салаларына белсенді түрде ене отырып және шағын бизнесті қамти отырып, олар жаппай клиентураға, яғни халықтың әл-ауқаты нашар тобына бағдарланады. Ол қазіргі кездегі ірі банктің келбетін, оның саясатын өзгертеді.

Соғыстан кейінгі жылдар дамыған нарықтық қатынастары бар елдер экономикасындағы өндірістің шоғырлануының жоғары деңгейімен сипатталады, ол банк капиталының шоғырлануы мен орталықтануына, осы процестердің жаңа формаларының туындауына әкеледі, сонымен бірге ел ішінде де, әлемдік қаржы нарықтарында да күшті позицияларды алатын алып банктер тобының жедел өсуін туындатты. Мұндай алып банктер ең алдымен Жапония, Германия, Канада, АҚШ және араб әлемі елдерінде пайда болды, олардың активтері 100 млрд доллардан астам болды.

Біз дамыған нарықтық экономикасы бар елдердің қазіргі кездегі кредит жүйесін сипаттаушы кейбір маңызды мәселелерге ғана тоқталдық. Өз экономикасын нарықтық жолға қайта құрушы Қазақстан үшін әлемдік банк жүйесінің қазіргі кездегі даму тенденциялары үлкен қызығушылық туғызады, өйткені нарықтық экономикаға өгу өзіндік нарықтық кредит жүйесін құруды талап етеді. Республикамыз үшін шет ел тәжірибесін толығымен меңгерген тиімді болады, өйткені экономика нарыққа өтудің ең басында түр, ал Батыс болса мұнда бұрыннан қызмет етуде, бірақ осы тәжірибеден барлық жағымды жайттарды алған дұрыс болады, өйткені ол өтпелі кезең жағдайында өз қолданысын табары сөзсіз.

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз