Айша бибі кесенесі — Тарих — Bilim
Халық аңызы бойынша, Айша Бибінің көркіне ақылы сай сұлу болған. Қарахан елінің батыры Айшаға ғашық болады. Қыз да жігітті ұнатып жүреді. Тойға жақын қалғанда шығыстан шапқан жауға батыр аттанып кетеді. Сол соғыстан қайтып келе жатқан жігітті Айша күтіп алмақшы болып, қарсы шығады. Асы өзеніне келіп, Айша бибі суға шомылмақшы болады. Судан шығып, киімін киіп жатқанда сәукеле ішіне кіріп кеткен жылан қызды шағып алады. Өлер алдында батыр екеуі жолығып, некелеседі. Батыр жігіт сүйген жары Айшаға арнап зәулім күмбез орнатыпты. Осы күмбез Тараз қаласының маңында орналасқан.
Ғимараттың сақталған жалғыз қабырғасының өзін зерттеу барысында XI — XII ғасырларға тән құрылыстың ою-өрнектерінің әсемдігіне, құрылысшылардың шеберлігіне таң қаларлықтай. Ғимараттың төрт қабырғасы да әшекейлі етіп оймышталған кірпіштермен бір-біріне үшкілдеп, қиыстыра қаланған. Есік-терезелерінің маңдайшалары шығыс үлгісінде текшелене өріліп, шатыр арқалығымен байланыстырылған. Бұлардың барлығы да өрнекті тақташалармен көмкерілген. Айша бибі мазарындағы қолданылған ою-өрнектер бүкіл қазақ даласына тән құрылыстарды безендірудің жиынтығы деуге де болады. Мазар қабырғасының сырт бетіне қаланған төрт бұрышты кірпіштерге ойылып салынған ою-өрнектер үлгі-бітімі жағынан бірдей болғанмен, көлемінде ептеп те болса ауытқу бар. Мұның өзі әрбір кірпіштің қалыпта құйылмай, қолдан ойылғанын көрсетеді. Бүгінде туған өлкеміздегі сәулет өнерінің інжу-маржандарының бірі — Айша бибі мазарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: bilim-all.kz