Әйгілі шизофрениктер: данышпандық есалаңдықпен шектесіп тұра ма? — Қызықты деректер / Пайдалы мәліметтер — Bilim

0

Исаак Ньютон, Фридрих Ницше, Винсент Ван Гог, Николай Гоголь… Бұл кісілерді не біріктіреді? Өзіңіз атауынан-ақ байқағаныңыздай, бұл мақала психикалық дертке — шизофренияға арналып отыр. Данышпандар үнемі есалаңдыққа жақын жүреді. Оған қоса — ой-өрісінің шексіздігіне жақын жүреді, бұл қоршаған ортаға деген ерекше қарым-қатынасы, айрықша қиялы мен шығармашылығы арқылы расталып жүр. Шизофрениктің бәрі данышпан бола қоймас, бірақ кез келген данышпанның аздап есалаңдығы бар.

Винсент Ван Гог (Vincent Willem van Gogh) — әйгілі суретші-шизофреник

Қарадүрсіндік аясына сыймайтын шығармашылық неге есалаңдықпен шектесіп жатыр? Ұлы испан көркем суретшісі Сальвадор Далидің: «Ұлы психологтардың өздері де данышпандықтың қай жерде аяқталып, қай жерде есалаңдық басталатынын түсіне алмай кетті» дегені бар. Ол да, бұл да талдап-сараптауға онша келе бермейді, екі жағдайда да олардың себептері жұмбақ күйінде қалып отыр.

Сонымен, жаңа бірегей өнер туындысын жасап шығару, гипотезелар құру, жаңалықтар ашу мүмкіндігі неге байланысты? 

Гарвард университетінің ғалымдары жақында ғана осыны анықтап көрмек ниетпен қызықты зерттеу жүргізді. Сынаққа қатысатын 163 адамды таңдап алған нейробиологтар оларға дивергенттік ойлау тестінен өтуді ұсынды. Тестте бір ғана проблеманы әр қилы жолдармен шешіп көруді ұсынды. Сынаққа қатысушыларға дағдылы заттарды беріп, оларды пайдаланудың әдеттегіден тыс форматын ойлап табуды өтінді.

Тестті тапсыру кезінде экспериментке қатысып отырғандарға МРТ-сканерлеу жүргізіліп, ол сынақ кезінде мыйдың мына бөлімдері айрықша белсенді болғанын анықтап берді: аңғару мен өзіндік сана-сезімге жауапты сол жақтық алдыңғы аралдық түйін; оң жақтық дорсал-латералдық префронталдық қыртыс (оның функциясы — өзін өзі бақылаушылық, оңтайлы ой-пайымдарды іріктеп алу); зейіннің ауысып отыруын басқаратын мый қатпарындағы белдік бөлігінің артқы жағы.

Неміс философы, астам адам идеясының авторы Фридрих Ницшеге «ядролық мозаикалы шизофрения» деген диагноз қойылған. Оның белгілерінің бірі ұлықтық маниясы.

Ғалымдар шығармашылық тұрғысында ойлаудың бір ерекшелігі бар — мыйдың аталған салалары бір уақытта әрекет ете алмайды деген ой түйіп отыр. Яғни, идеяларды талдамалап, жағдайды бағамдау кезінде мыйдың басқа салалары жаңа бір нәрсені елестетіп, жаңғырта алмай қалады.

Осы ерекшелігі арқылы жаңалықтар ашып немесе ұзақ уақыт тер төккен туындысын аяқтаған дарынды кісілердің бейәлеуметтік қимыл-әрекеттерін түсіндіруге болады.

Бұл жағдайда өзін өзі бақылау механизмі істен шығып қалады да, осы себепті бұндай адамдар өздерінің эмоцияларын еш қымсынбай көрсете беретін сияқты. Гидростатика заңын ашқан Архимед естеріңізде болар, ол тыр жалаңаш күйінде «Эврика!» деп айғайлап далаға жүгіріп шыққан.

Психикалық ауытқушылығы бар науқастың бұндай кездері өзі өзі бақылауы, тіпті әлеуметпен қатар тату-тәтті өмір сүруі мүмкін бе?

Маниакалды-депрессиялық психоз Сергей Есенинге бұндай мүмкіндікті бермегенімен — ақын өзіне өзі қол салды, нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэш оқытушылықпен айналысудың, дәрістер оқудың, ғылыми мақалалар жазудың жолын тапты. Ол жақсыны жаманнан ажыратып, яғни қияли идеяларын нақты шынайылықтан ажыратып және біріншілерін ерен санамай үйренген кезде ғана қолынан бірдеңе келе бастады.

Джон Нэш — америкалық математик, Нобель сыйлығының лауреаты. Шизофрениямен ауырған. Оның өмір баяны негізге алынып, Оскар сыйлығын жеңіп алған «A beautiful mind» фильмі түсірілді.

Ұсақ-түйектерге зейін қою — ғұламалықтың тағы бір жанама нышаны. Бір зерттеуге сәйкес сынақтан өтушінің IQ жоғары болған сайын ол ұсақ-түйектер мен детальдарға көбірек сәп салады. Дәл осы себепті «алаңғасар профессор» ұғымсөзі бәрімізге таныс.

Бір күні өзінің досымен жолығып қалған Альберт Эйнштейн алаңғасарлығына салынып: «Кешке үйге келіңіз, онда профессор Стимпсон да болады» деп досын қонаққа шақырыпты. Абдырап қалған досы: «Профессор Стимпсон дегеніңіз менмін ғой!» дейді. Эйнштейн: «Бұның еш мәні жоқ, сонда да келе беріңіз!» деген екен.

Қалай болғанда да, біздің психикалық ерекшеліктеріміз көбінесе өзіміздің қайталанбас жеке-даралығымызды (индивидуалдық), ол тіпті бейәдет қылықтарымыз болса да, паш етуге мүмкіндік беретін өзгешелігіміз болып табылады.

Николай Гоголь. Атақты жазушының бойынан шизофренияның әдеттегі белгілері көрінетін: көңіл-күйінің жиі-жиі өзгеріп отыруы, апатия мен психоз ұстамасы, клаустрафобия, галюцинациялар.

Алексей Гегер, әлеуметтік ғылымдар кандидаты: «Шынымен-ақ, көптеген дарынды адамдар Биполярлық аффективтік өзгеріске шалдыққан, немесе бұрын оны басқаша атағандай, маниакалды-депрессиялық психозбен ауырған.

Мый мүлдем басқаша жұмыс істейді — күн тәртібі бастан-аяқ өзгеріп кетеді. Бұндай кісілер жұмысын түнде істеп, күндіз не ұйықтап жатады, не көңілі жабырқап жүреді.

Расында да мый басқаша жұмыс істейді, ешқандай тұрақтылық жоқ. Осыдан келіп адамның «көңілі жайланған» кезде шығармашылығы тоқтайды деген қатып қалған пікір қалыптасқан болуы мүмкін. «Көңілдің жайлануы» деген не? Бұл тұрақтылық деген сөз — тұрақты жұмыс, тұрақты отбасы — бұл бір жағынан. Екінші жағынан — бұл мыйдың тұрақты жұмысы, мый енді «қиял-ғажайыптарын» шығармайды, шаттықтан қапа болуға дейінгі көңіл-күйдегі бірде көл, бірде шөл деген алмасу жоқ; осылайша шығармашылық оты біртіндеп өшеді» — деп санайды маман.

Өнерде өз ізін қалдырған психикалық дерті бар атақты өнерпаз тұлғалардың кейбірі: Федор Достоевский, Ханс Кристиан Андерсен, Франц Шуберт, Альфред Шнитке, Сальвадор Дали, Леонардо да Винчи, Николо Паганини, Иоганн Себастьян Бах, Исаак Левитан, Зигмунд Фрейд, Рудольф Дизель, Иоганн Вольфганг Гете, Клод Анри Сен-Симон, Иммануил Кант, Чарльз Диккенс, Альбрехт Дюрер, Сергей Рахманинов, Вольфганг Амадей Моцарт, Лопе де Вега, Жан Батист Мольер, Франсиско Гойя, Оноре де Бальзак, Фридрих Ницше, Вуди Аллен тағы басқалары… бұл тізімді ұзақ жалғастыра беруге болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Дереккөз: bilim-all.kz