Ағашты көркемдеп өңдеу технологиясы. Ағаш бетіне ою-өрнек түсіру
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға ағашты көркемдеп ою тәсілдерін меңгерту.
Білімділігі: Ағашты көркемдеп өңдеу технологиясын меңгеру, тақтай бетіне өрнек түсіруді үйрену.
Дамытушылығы: Оқушылардың қауіпсіздік ережесін тиімді пайдалану арқылы пышақпен жұмыс жасау қабілетін дамыту.
Тәрбиелілігі: Оқушыларды шеберлікке, ұқыптылыққа, іскерлікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас.
Сабақтың әдісі: Баяндау, сарамандық.
Сабақтың көрнекілігі: Проектор, слайдтар, ағаштан жасалған бұйымдар, плакат, оқулық, ою — өрнек түрлері.
Пәнаралық байланыс: Тарих, биология, сызу, сурет.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Класқа кіру, оқушылармен сәлемдесу, сабаққа дайындықтарын тексеру, кезекші арқылы оқушыларды түгендеу.
ІІ. Өткен материалдарды қайталау.
А) Ағаштың қандай түрлерін білесіңдер?
Ә) Ағаш өңдеу құралдарын атап шығыңдар.
Б) Ағаштан бұйымдар жасайтын адамды қалай атайды?
В) Ою — өрнек түрлерін ата.
Слайд арқылы ою — өрнек түрлерін көрсету.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Ағаш — табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш көп өскен жерді халық орман, тоғай деп атаған. Тоғай ертеден адамдардың негізгі тұрақ жайы болған. Ерте заманнан — ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланған. Олар ағаштан аң аулауға қажетті аша таяқ, найза, қада, жебе т. б. заттар жасаған. Адам ағаш өңдеуді тез үйренген. Өйткені ағаш өңдеуге оңай көнетін материал. Пышақ, балта сияқты қарапайым құралдардың көмегімен адамдар үйлерді, көпірлерді, жел диірмендерін, қамалдар мен ыдыс — аяқтар жасаған.
Қазіргі уақытта да біздер ағашсыз өз өмірімізді елестете алмаймыз. Тұрған үйіміз, үй жиһаздары, басқа да тұрмыста жиі қолданылатын заттардың көбі ағаштан жасалған.
Қолөнердің ең көп тараған түрлерінің бірі — бұл ағашты көркемдеп, өңдеу. Ертеден — ақ көшпелі халық тұрмысына қажетті заттарды өздері жасап отырған. Ағаштан түйін түйген шеберлер атқа салатын ерді, тамақ сақтайтын кебеже, киім салатын сандық, әбдіре, киім ілетін — адалбақан, тостаған, саптаяқ, шара, отау, табақ пен тегештерді аса шеберлікпен жасаған.
Ағаштан жасалған бұйымдардың ішіндегі ең көп тараған түрлері жұкаяқ, күбі, ағаштан бүтіндей ойылған астау, келі — келсап, асадал. Бұл бұйымдарды шеберлер күмістен, сүйектен жасалған ою — өрнектермен әрлеген.
Көркемдеп өңдеуге қажетті ағашты дұрыс таңдау істің нәтижелі болуына септігін тигізеді. Оған май қарағай, терек, үйеңкі секілді жұмсақ ағаш қажет, нәзік ойықша, үшбұрыш және басқа өрнектерді салу, әрлеу жұмыстары оңай жүргізіледі. Жұмысқа бұтақсыз жұмсақ ағаш түрін таңдап, қажетті өлшеммен кесіп, сүргілеп, әрлеп болған соң, тегіс бетіне өрнек бейнесін көшіреді.
Өрнек дегеніміз — кез келген бұйымның сыртына түсірілетін біртұтас байланысты әшекей.
Ал ою дегеніміз, бұйымға түсірілген өрнекті пышақпен кесу арқылы өңдеу немесе шабу кезіндегі ойып өңдеу жұмыстары.
ШҚО, Аягөз ауданы, Ақши ауылы,
«Ақши жалпы білім беретін орта мектеп жанындағы
интернатпен» КММ технология пәні мұғалімі
Жарылкасынов Шалкар Агзамович
Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.