Әдемі және ерекше қыздар есімдері мағынасы (А әрпі бойынша ат қою)
АҒИЛА — араб және иран тілдерінен алынған агиля — ақылды, парасатты сөзінен жасалған.
АҒЛИЯ — грек тілінен — сұлулық, көркемдік, салтанат.
АДЛИЯ — тәжік тілінен алынған адл — әділдік, ақиқаттық + ия қосымша.
АЖАР — көрікті, келбет, нұрлы; түр, өң.
АЖАРГҮЛ — гүл сияқты әдемі, сұлу, көрікті.
АЖАРХАН — көрікті, ажарлы, әрлі, нұрлы.
АЗА — тәжік тілінен алынған азза — қымбатты, сүйікті, сүйкімді.
АИДА — араб тілінен — пайда, сый.
АЙБАЛА — ай сияқты сұлу, көркем болсын деген тілекпей қойылған есім.
АЙБАРША — қазақ тілінен алынған ай және барша сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Бұның барша сыңары тіліміздегі «алтын мен күмістен безелген мата» деген сөз.
АЙБИКЕ — екі сөзден бірігіп жасалған есім, сыңарындағы бике сөзі араб тілінде әйел деген сөз. Яғни Айдай сұлу әдемі, көркем деген ұғымды білдіреді.
АЙБИБІ – қазақтың сөзі ай + тәжік тілінен алынған биби — әйел, ханша деген мағынаны білдіреді. Бұл есім қыз бала сұлу, көркем болсын деген тілекпен қойылады. Түрлері — Бүбіш, Бүбіхан, Айбүбі, Бүбі.
АЙГҮЛ – қазақтың сөзі ай — тәжіктің сөзі гул. Гүл сөзі тәжік тілінде роза деген мағынаны береді. Бұл есім қыз бала айдай сұлу, гүлдей жайнаған көрікті болсын деген тілекпен қойылған.
АЙҒАНША — қазақ тілінен алынған ай және ханша сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Айдай сұлу деген мәнді білдіреді.
АЙҒЫЗ — айдай сұлу, көркем қыз бала.
АЙДАЙ — айдай сұлу, көркем.
АЙДАНА – қазақтың сөзі ай + тәжік тілінен алынған дана — білгір, данышпан, ғалым.
АЙДАРИЯ – қазақтың сөзі ай + иран тілінен алынған дәриа — теңіз, үлкен өзен.
АЙЖАМАЛ – қазақтың сөзі ай + араб тілінен алынған жамал — әдемі, сұлу, яғни айдай сұлу, әдемі болсын деген мәндегі есім.
АЙЖАН – қазақтың сөзі ай + иран тілінен алынған жан. Айдай сұлу, әдемі.
АЙЗАДА — қазақтың сөзі ай + иран тілінен алынған зада — перзент, бала. Айдай перзент, бала.
АЙЗЕРЕ — қазақ тілінен алынған ай + зере иран тілінен зер — алтын. Алтынай есімінің синонимі.
АЙЗИБА — қазақтың сөзі ай + иран тілінен алынған зиба — сұлу, көркем. Ай сияқты сұлу.
АЙЗИЯ — қазақтың сөзі ай + зия — араб тілінен алынған зийна — жарық, сәуле, шұғыла, яғни ай сәулелі сұлу.
АЙКҮМІС — қазақтың сөзі ай + күміс — сұлу, әдемі, көркем.
АЙМАН – қазақ тілінен— белгілі, әйгілі, даңқты; араб тілінен — ант, серт. Біріккен тұлғалы есімдер — Айманай, Аймангүл.
АЙМИРА – жана есім ай + орыс тілінен мир — бейбітшілік, тыныштық. Бейбіт, тыныштық болсын деген тілекпен қойылған есім.
АЙНА — араб тілінен алынған аин — көз, қарақ, жүз көретін шыны, әйнек.
АЙНАГҮЛ — тәжік тілінен алынған айна — жүз көретін қалың шыныдан жасалған зат. Пәктіктің, тазалықтың, адалдықтың символы ретінде көбіне қыз балаларға қойылатын есім. Біріккен тұлғалы есімдер — Айнажан, Айнанұр, Айназия.
АЙНАША — айна сияқты жарқыраған, әдемі, сұлу.
АЙНҰР — қазақ тілінен алынған ай + араб тілінен алынған нур — жарық, шұғыла. Ай сипатты, ай келбетті.
АЙПАРА — қазақ тілінен алынған ай + иран тілінен алынған парә — пари — періште, сұлу; яғни Ай періштесі, Ай көрікті. Айрықша, ерекше, бөтенше.
АЙСӘУЛЕ — екі сөзден құралған қыз есімі. Айдың сәулесі сияқты жарық болсын деген үмітпен қойылған.
АЙСҰЛУ — екі сөзден құралған қыз есімі. Ай сияқты сұлу, көркем болсын деген тілекпен қойылған көне тұлғалы, дәстүрлі есім.
АЙТОЛДЫ — бақытым толды, бағым жанды, балам айдай көркем, сұлу болсын, деген тілекпен қойылған.
АЙША — араб тілінен алынған гайшә — көне еврей тілінен айше — ұзақ әмір сүруші, өмірге құмар, құштар. Түрлері — Ғайша, Қайша.
АЙШАЙЫМ — Айша және айым сөздерінен қысқарған есім.
АЙШОЛПАН — Ай мен Шолпан сияқты жарқыраған, жайнаған сұлу деген мағынада қойылған есім.
АЙЫМ — менің бақытым, ырысым, айдай сұлуым деген мәнде қойылған есім.
АЙЫМГҮЛ — менін ай мен гүлім деген мағынада қойылған есім.
АЙЫМЖАН — айымдай жаным деген мағынада қойылған есім.
АЙЫМША — ай сияқты жарык, ашық деген мағынада қойылған есім.
АҚАЙША — аппақ, жарық айдай деп айға балап қойылған есім.
АҚБАЛА — сұлу, әдемі қыз бала.
АҚАРУ – жаңа есім – аппақ, адал, жарық, сұлу, әдемі қыз болсын деп берілген есім.
АҚБӘТЕС — ақ және бәтес сөзінен қойылған кыз есімі, яғни аппақ, әдемі, сұлу.
АҚБОТА — бала аппақ бота сияқты болған соң ұқсату мақсатымен қойылған есім.
АҚЖІБЕК — Жібек есіміне ақ сөзін үстемелей қосып жасалған кыз есімі. Аппақ, әдемі, жібектей болсын деген мағынада қойылған.
АҚЗИЯ – қазақ сөзі ақ + араб тілінен алынған зия — жарық, сәуле, арай.
АҚҚАЛ — қазақ тілінен алынған ақ + тәжік тілінен алынған хол — бетке шыққан мен. Бетінде яки денесінде қалы бар балаларға осындай ат қойған. Түрлері — Қалбибі, Қалтұрған, т. б.
АҚҚЫЗ — аппақ, әдемі, сұлу қыз бала.
АҚМАРАЛ — бұл есім сұлу анды қасиет тұтумен байланысты қойылған.
АҚНӘЗІК – нәзік, мейрімді, әдемі қыз бала.
АҚТАМАҚ — бейнелеу түрінде қойылған есім.
АҚТОҚТЫ — төл аттарын балаға қою қазақ тұрмысында ертеден бар.
АҚЛИМА — араб тілінен алынған ғәклыя — ақыл, сана, ес, ақыл парасаты.
АЛҚА — асыл тастардан, маржаннан тізілген мойынға тағатын моншақ. Оған гүл сөзі қосылып жаңа есім жасалады. Мәселен, Алқагүл.
АЛМА — қыз балаларға есім ретінде қойылады. Біріккен тұлғалы есімдер — Алмагүл, Алмақан, Алмажан.
АЛТЫН — кобіне әйел адамдарға қойылатын есім. Бұған ай, гүл, бике, шаш, зер, т. б. сөздер қосылу арқылы біріккен тұлғалы есімдер жасалады — Алтынай, Алтынгүл, Алтыншаш т. б.
АЛУА – араб тілінен алынған халва — тәтті дәм, тағам. Бала балдай болсын деген тілекпен қойған. Дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі — Қалуан.
АМАН — сау, есен, саламат. Бұған гүл, ғайша, бала сияқты сөздер қосылып: Амангүл, Аманғайша, Аманбала сияқты біріккен тұлғалы есімдер жасалады.
АНАР — иран тілінен — қызыл түсті дәні бар алма тектес жеміс. Осы сөздің қосылуы арқылы жасалған есімдер .— Анаргүл, Анархан, Анаржан, Гүлнәр және т. б.
АНИСА — араб тілінен алынған — жолдас, дос, жора.
АРАЙША — арай сөзіне ша қосымшасының қосылуы арқылы жасалған есім.
АРДАҚ — құрмет, қадір.
АРНА — бір адамға бағыштау, арнайы қою.
АРУ — сұлу, көркем.
АРШАТ — араб тілінен — адал, таза, батыл, сенімді, қайырымды.
АСИЯ — иран тілінен — қайырымды, мейірімді (әйел).
АСЛИ — араб тілінен — нағыз, шын. Түрі — Аслия.
АСПАЗИЯ — грек тілінен — қалаулы, әдемі, сүйкімді.
АСЫЛ — араб тілінен алынған әсил — негіз, түбір, түп нұсқасы; шынайы, нағыз; қымбатты, ардақты.
АСЫЛЖАН — асыл және жан сөздерінен — мәртебелі, иігі жанды қыз болсын деген мағынасын білдіреді.
АСЫЛША — асыл және шахзада сөздерінен жасалған есімнің қысқарған түрі.
АСЫЛТАС — қымбат бағалы тас.
АЯНАТ – араб тілінен ийан – өз көзімен көру, айқындылық, анықтық, ақиқат, шындық.