Адам құқығы білім саласы ретінде туралы қазақша

0

Адам құқығын білім саласы ретінде оқып-үйрену үшін алдымен негізгі ұғымдарды анықтап алуымыз қажет. Адам құқығы саласындағы алғашқы маңызды ұғымдардың бірі — XX ғасырдан белгілі демократия ұғымы. Қазіргі кезде кез келген саяси қозғалыстар бағдарламаларына өз елдерінде демократияны орнатуды басты мақсат ретінде енгізеді. Әлем бойынша демократияның алуан түрлі анықтамасы кездеседі, қазіргі тілде «демократия» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Грек тілінен аударғанда бұл сөз «халық билігі» деген мағынаны береді, ал ежелгі гректер бұл ұғымды «халықтық билік» деп қабылдаған. Американдық мемлекет қайраткері А. Линкольн демократияны «халықпен сайланған және халық үшін халықтың басқаруы» деп санайды.

Көбінесе «демократия» ұғымы демократиялық ойларды жүзеге асырудағы халықтық билік үшін жүргізілген саяси қозғалыстар деп те ұғындырылады. Кең мағынада демократия басқару мен қабылдауда оның мүшелерінің тең құқылы көпшілік дауыспен шешімге келген кез келген ұйымдық құрылым нысаны ұғымын береді. Демократиялық мемлекет дегеніміз -жалпы танылған адам және азаматтың құқығы, бостандығының құрылымы мен әрекеті, халықтың еркін білдіретін мемлекет. Халық биліктің қайнар көзі болып табылады.

Қазіргі кездегі мемлекеттерде, соның ішінде өкілеттік демократия өмір сүреді, яғни халық өз өкілдерін мемлекетті басқару үшін (мысалы, Президент, Парламент, жергілікті өкілетті орган депутаттары), халықтың әділетті өкілеттілігін қамтамасыз ету үшін ерікті, ашық және әділ сайлауды қажет деп есептейді. Барлық азаматтардың сайлауға қатысу құқығы демократияның маңызды принципі болып табылады. Сонымен бірге көпшілік тұрғындардың нақты еркін білдіретін депутаттар сайланады.

Демократия ұғымы, көбінесе көпшіліктің билігі деп те түсіндіріледі. Көпшіліктің билігі азшылық және жеке адамдарға қатысты алғанда қатал болуы мүмкін. Демократия көпшілікке ғана қатысты емес, сонымен бірге азшылықтың ұлттық, діни, т.б. құқықтарын сақтайды.

Демократия көпшіліктің шектелген билігі, яғни адам құқығы мен бостандығының өзі көпшіліктің еркін шектейді. Сондықтан, демократиялық қоғамда адам құқығы мен бостандығы көпшілік билігінің шегін анықтайды.

«Адам құқығы», «тұлға құқығы», «жеке тұлға құқығы» ұғымдары бірсарынды болғанымен, мағыналары әр түрлі. Адам, бір жағынан алғанда, табиғаттың бөлігі, екінші жағынан алып қарасақ, әлеуметтік тұлға. С.И. Ожегов анықтамасы бойынша, «жеке тұлға» — жеке тұлғаиум сияқты жеке, тірі ағза». «Тұлға» ұғымы адамның әлеуметтік маңызын білдіреді. Адам табиғи «биологиялық» және қоғамдық «әлеуметтік» бірлік, яғни «адам құқығы» ұғымы «жеке тұлға құқығы» (табиғат бөлігі ретінде) және «тұлға құқығы» (қоғамның бөлігі ретінде) ұғымдарын қамтиды. «Тұлға» ұғымының «азамат» ұғымына қарағанда мәні кең, себебі кез келген тұлға азамат болып табылмайды. Сондықтан Қазақстан Республикасының Конституциясы осы екі ұғымды қабылдай отыра, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын белгілейді.

Азамат құқығы мен адам құқығының айырмашылығы адамның тек қана мемлекетпен өзара қарым-қатынасын бір жақты қарастырудағы «азаматтық қоғам» және «мемлекет» ұғымдарының айырмашылығынан туындайды. Адамның қозғаушы күші ретінде оның жекелеген мүдделері әрекет етеді, сондықтан адамның әрекет етуінің дербес саласы бөлініп шығады. Аталған мүдделердің таралуы азаматтық қоғамда жүзеге асырылады. Азаматтық қоғам — құқық және мемлекетпен қорғалатын, қоғам мен мемлекеттің және оларға әсерін тигізетін, мемлекет тарапынан құрылатын қоғамдық құрылымдардың өміріндегі мәселерді шешуге белсене қатысатын, жеке бостандыққа ие экономикалық тәуелсіз азаматтардың қоғамы. Азаматтық қоғам немен сипатталады? Азаматтық қоғамға тән белгілер:

  • жекеменшікке негізделген азаматтардың экономикалық еріктілігі;
  • азаматтардың жеке өміріне мемлекет тарапынан қол сұғылмаушылық;
  • азаматтардың құқықтары мен бостандығын мемлекеттік қорғау және құқықтық ресімдеу;
  • сот билігінің тәуелсіздігі;
  • заңды билік өкілділігінің болуы;
  • қоғамдағы әр түрлі топтар мен таптардың мүдделерін білдіретін және мемлекеттік органдар әрекеттеріне өз ықпалын тигізетін саналуан азаматтық әрі қоғамдық институттардың (партиялар, бірлестіктер және басқа да үкіметтік емес ұйымдар) дамуы;

Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет тығыз байланысты, себебі құқықтық мемлекет азаматтық қоғамның саяси құқықтық ресімделуі болып табылады. Құқықтық мемлекет — құқықтың, заңның үстемдігін, заң алдында барлығының теңдігін және сот тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, билікті ұйымдастыруда оның бөліну принципін негіз етіп алатын, адам құқығы мен бостандығын танып, кепілдік беретін демократиялық мемлекет. Құқықтық мемлекеттің белгісі болып не табылады? Құқықтық мемлекеттің белгілері:

  • мемлекет әрекетінің құқықпен шектелуі;
  • қоғамның барлық саласында заңның үстемдігі;
  • мемлекеттік әрекетті жүзеге асыруда биліктің бөліну принципі;
  • заңдарды қабылдауда халықтың еркі мен мүддесін білдіретін заң шығарушы биліктің өкілдік сипаты;
  • азаматтардың құқықтары мен бостандығын атқарушы билік органдары арқылы сатылық мемлекеттік қорғау;
  • сот билігінің тәуелсіздігі;
  • қоғамдағы құқықтық тәртіп пен заңдылық тұрақтылығы;
  • Конституция және алуан түрлі көзқарастар мен ойлардың, т.б. шеңберінде әрекет ететін партиялар, қозғалыстар, бірлестіктердің болуы, саяси және идеологиялық сан қырлылық;

Құқықтық мемлекет — барлығына белгілі нақты және тұрақты заңдар, яғни адам мен билік арасында «ойын ережесі» қалыптасқан мемлекет. ҚР Конституциясының бірінші бабы: «Қазақстан Республикасы өзін адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде белгілейді», — деп көрсетеді. Азаматтар әрекет ету барысында «заңмен тыйым салынбаған әрекеттердің бәріне рұқсат» принципін негізге алса, ал билік органдары мен лауазымды тұлғалар «заңда тура көрсетілгендерге ғана рұқсат» принципі бойынша әрекет етеді, яғни құқықтық мемлекет адамның мемлекеттік биліктің өзінің тәртібіне қаншалықты әсер ететінін нақты білетін мемлекет, себебі бұл мемлекетте тек қана заң үстемдігін жүргізеді.

Адам құқығы моральдық құқықтың санатына енеді, бірақ олар басқа моральдық құқықтардан бірнеше белгілері бойынша ерекшеленеді. Моральдық құқық тұлғаға оның жетістіктері немесе әлеуметтік мәртебесі арқылы берілуі мүмкін. Адам құқығы өте күрделі: олар барлық адамдарға барлық жағдайда оның әлеуметтік шығу тегіне қарамастан беріледі. Құқық адамға тумысынан беріледі. Адам құқығы адамнан бөлініп алынбайды, яғни адамды өзінің құқықтарынан айыруға болмайды, адам өз еркімен олардан бас тарта алмайды, бір мезгілде басқа моральдық құқықтарға қарағанда, адам өз еркімен уақытша немесе мәңгілік, толық немесе жартылай бас тарта алады, сонымен қатар басқа құқықтық нормаларға қарағанда, адам құқығы мемлекетке тән болып табылады. Адам құқығының негізгі екі тобы қалыптасқан:

  1. Материалдық құқықтар — адамға тиесілі нақты құқықтар мен бостандықтарды қамтиды: ар-ұят, сөз, тұрғылықты жерді таңдау бостандықтары, білім алу құқығы, т.б.;
  2. Іс жүргізу құқығы — адамды өзінің құқықтарын қорғау құралдарымен қамтамасыз ету және адамды мемлекет қабылдаған шешім арқылы әр түрлі құқық бұзушылық әрекеттерден қорғау.

Сонымен бірге адам құқығы бар жағдайда материалдық, ал екінші жағдайда іс жүргізу түрінде бейнеленуі мүмкін. Мысалы: соттағы қарау құқығы, оны жүзеге асыру барысында біз құқықтарымызды бұзуды ұйымдастыратын тұлға үстінен сотқа шағымданамыз, бұл іс жүргізу құқығы, ал басқа адамдармен туындаған дауды шешу үшін сотңа арбитр ретінде шағымдануымыз материалдық құқық болып табылады.

Материалдық құқық құқықтар мен бостандықтарды қамтиды. Адамға құқықтардың берілуі (кей кезде оларды ұстанымдық құқықтар деп атайды) мемлекеттің әрбір азаматқа қатысты міндеттерге ие болуымен сипатталады. Мысалы: денсаулық сақтау құқығы әркімнің дәрігерлік көмек алу мүмкіндігіне ие болатын емдеу мекемесін құру міндеттілігін мемлекетке жүктейді. Егер адам ауылда аурухананың болмауы салдарынан дәрігерлік көмек алу мүмкіндігінен айырылса, онда адамның денсаулық сақтау құқығының бұзылғаны.

Бостандықтар кей жағдайда қарсы (келеңсіз) құқықтар деп те аталады, бұл биліктің адамның жеке өміріне араласуына тыйым салуы, мысалы жеке адамның ар-ұят және сөз бостандығына мемлекет тарапынан қысымшылықтың болмауы.

Адам құқығы мен бостандығы туралы қазіргі кездегі көзқарастар мемлекет пен бостандықтың өзара байланысы ғана емес, сонымен бірге бостандық пен демократияның өзара байланысының маңыздылығын айтады. «Бостандық нақты демократияның басты алғышарттарының бірі болып, халық бостандықтың мәнін ұғынып, оны қажет етуі, оны бағалай алуы керек және оны орынды іске асыра отырып, ол үшін күресе алуы қажет», — дейді орыс философы И. Ильин. Осының барлығы бостандық өнері ретінде бейнеленуі қажет: егер аталғандардың ешқайсысы да болмаса — демократияның да болмағаны. Дұрыс ұғындырылмаған бостандықты іске асыру тәуелділікке, күштеуге, адамдардың құқығы мен бостандығының бұзылуына әкеледі. Б. Чичерин: «Егер халық бостандықтың ұзақ дәстүріне ие болмаған болса, онда бостандықты біртіндеп енгізу қажет, себебі оны дұрыс қолданбау маңызды қоғамдық қайшылықтарға әкеліп соғады», — деген пікірді айтады. Кеңестік кезеңдегі тарих (мысалы, 1917-1922 жж. оқиғалар) бостандықты дұрыс іске асырмаудың көрінісін анық бейнелеп берді.

«Адам құқығын қабылдау — мемлекеттің жеке тұлғаның өзіне қатысты теңқұқылы екенін тану, яғни жеке тұлғаның өзінің қоғамдық институттар арқылы өмірге бейімделу қабілетінің пайда болуы, өзін-өзі басқаруы, меншік, баспасөз, соттың болуының барлығы құқықтың құқыққа деген кепілдігін береді», — деп өз ойын тұжырымдайды А. Хованской. Шектеу, мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары бостандығы — адам мүддесінің алдындағы мемлекет мүддесінің қажеттілігін бекіту, азамат болу құқығының шектелуі. Адамның қадір-қасиеті мен бостандығы жеке және саяси (тәртіп, тәрбие және білім беру үрдісіндегі тұлғаның өзіндік санасы), сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарды анықтайды. Адамның қадір-қасиетін тану дегеніміз — адамды саяси субъект ретінде оның белсенділігін, қайта құру әрекеттеріне деген құқықтарын тану болып табылады. Азаматты бостандықтан айыру және мемлекеттің оның жеке өміріне араласуы адамның өзіндік даму үдерісіне, оның еңбек және шығармашылық әрекетіне, жалпы алғанда, тұтастай қоғамның дамуына, мемлекеттің тұрақтануына әсерін тигізеді. Г. Спенсер: «Өмір сүру жағдайын жақсарту ұсынысы оның өмір сүру жағдайын түпнұсқасымен бұзу арқылы іске асырылады», — дейді, яғни азаматтар белсенділігіне кез келген араласуды олардың бостандығын қамтамасыз ету үшін қажеттіліктен туындайтын жағдай деп түсіндіреді. Сондыңтан адам құқығы және демократия біздің көзқарасымыз бойынша өзара байланысты ғана емес, сонымен бірге өзара тәуелді де. Өз алдына жеке орта ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру демократизация жағдайында ғана болуы мүмкін. Оларды жүзеге асырудың бірыңғайлылығы өз кезеңінде қоғам мен мемлекеттің демократизациялану үдерісі болып табылуы керек.

«Теңдік» ұғымы әр түрлі мағынада түсіндіріледі. Мысалы, социалист теңдікті мүмкіндіктер, яғни әрбір адам өмірге келгенде тең дәрежедегі мүмкіндіктерге ие болуы керек деп ұғынады. Ал ары қарай қабілеттілік пен еңбексүйгіштікке байланысты болады. Міне, осы аталғандар болса, сәтті нәтиже шығады. Коммунистердің ұраны «барлығымызда бірдей асқазан», өмірлік жағдайлар барлығымызға бірдей тең. Либерал үшін құқықтық теңдік және заң алдындағы теңдік, яғни қанауға немесе кемсітуге тыйым салу деп ұғындырылады. Қанау немесе кемсіту ережелері жоқ құқықтық жүйені жеңіл құруға болатынын практика дәлелдеп отыр. Оған қарағанда заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ететін жүйені құру әлдеқайда күрделі. Осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекет бұл мәселені шеше алмай отыр.

Сонымен бірге біз «адам құқығы және бостандығы» ұғымының объективті және субъективті мағыналарын ажырата білуіміз қажет. Адам құқығының объективті мағынасы — адам және азамат қағидаларын, адамдар арасындағы өзара қатынас ережелерін, азамат пен мемлекеттің қатынасын бекітетін халықаралық және ұлттық құқықтық нормалар жүйесі. Адам құқығының субъективті мағынасы — құқықтық нормалармен қарастырылған және әрекеті, тәртібі, қимылдары мемлекетпен қорғалатын нақты бір субъектінің мүмкіндігі.

Ғылыми және оқу әдебиеттерінде «адамның негізгі, түпкі, сан қырлы құқықтары мен бостандықтары» деген ұғым жиі кездеседі, кейде олар конституциялық құқықтар мен бостандықтар деп те аталады, себебі олар конституция және адам құқығы туралы маңызды халықаралық актілерде бекітілген. Конституциядан басқа әр түрлі заңдар мен заңдылық актілерде адам және азаматтың басқа да көптеген құқықтары көрсетілген. Мысалы, білім алу үшін жоғары оқу орнын таңдау құқығы — әрбір талапкердің құқығы, бұл құқық адам құқығының түпкілікті құқықтарына жатпайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Искакова Г., Ғазизова Н., Сембаева А. — Қазақстан Республикасындағы адам құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, 2008. — 296 бет.
  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 2006.
  3. Бельгибаев С. Развитие гражданского общества в Казахстане // Саясат, — 2004., №11.

#Адам #құқығы #білім #саласы #ретінде

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз