Абайдың 44 қара сөзі

0

Қазақтын ұлы ақыны әрі философы Абайдың 44 қара сөзі талап, ар жайлы. Осы сөзінде Абай білімді болуға, ел үшін еңбектенуге шақырады. Және осы еңбегінде сол кездегі кейбір қазақтарды, атақ пен шен үшін арын сатқан жаман қазақтарды сынап отыр:


Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады.


Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Аның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.


Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына кәдір іздеп, сол талапта болады. Біреуі мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұның рас, қазақтың өз құлқына қарағанда, бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркендіретұғын іс.


Осыған орай біреу қажеке атанамын, біреу батыреке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп сол харакетте жүр. Әрқайсысы қазаққа бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппен қылып жүр.


Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды-дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес.


Аның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді.


Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабынды қыла бер, көкіректі дым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап қайдан оқып, ұмтылған талап екенін білерсің.

Пән: Қазақ әдебиеті