Абай қара сөздері негізінде оқыту методикасы

0

Қазіргі жаһандану заманында білім саласындағы оқыту технологиялар деңгейі әлеуметтік құрылымның негізгі бірліктерінің біріне айналып отыр. Егеменді елімізде орын алған түбірлі жаңарулар, білім жүйесіндегі жаңа технологиялар оқыту әдістемесін жетілдірудегі қоғамды ізгілендіруге талпынған беталыс деп білеміз. Ұлтының ұлы азаматы болуы үшін білім сапасы дәрежесінің маңызы зор. Алайда, оқушыға көлемдік теориядан бөлек, қоршаған ортамен байланысын, табиғат туралы түсінігін кеңейте отыра, шығармашылық бағытпен сабақтастыра түсіндіру – бүгінгі күндегі басты талаптардың бірі.

Оқыту технологиясын белгілі жүйеде қалыптастыру – қазіргі замандағы өзекті мәселелердің бірі. Оқу технологиясын белгілі бір жүйеге қалыптастыру арқылы оқушы режимін нақтылап, оқу және тану әрекеттерін дамыту мақсатында қолданады. «Ол сабақ арқылы көрініс табады» [2, 36].

Оқыту барысында өткізілген әр сабақ мұғалімнің шеберлігіне, өзіндік әдістемесіне тікелей байланысты. Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе – мұғалім оқытуы, екінші мәселе – оқушының оқуы [1,14]. Академик Ю.Н.Бабанский өзінің «Оқу-тәрбие процесін оптималдандыру» деген еңбегінде  оқу-таным қызметін мынадай жүйеде топшалайды: 1) оқу-таным қызметін ұйымдастыру; 2) көтермелеу; 3) тиімділігін бақылау. Абай бала оқытудың мына методикасын отыз сегізінші қара сөзінде көрсетеді: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады». Ақын баланың ғылымға деген қызығушылығы артпағанға дейін тынбай еңбек ету керек екендігін алға тартады.

Дара әдістемесімен ерекшеленетін Абай шығармашылығы ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін біртуар туындылардың бірі. Өз қоғамының жыршысы Абай Құнанбайұлы шығармалары баланың ойлау жүйесін дамытып, сол жағдайға өзіндік пікір қалыптастыруына өз әсерін тигізеді. Кез келген шығарманың өрлеу кезеңін, құрылымдық ерекшеліктерін анықтау кезінде ең басты назар аудару керек проблемалар:

а)Көркем туындыдағы авторлық көзқарас;

б)Көркем туындыдағы мазмұн мен форма;

с)Суреткердің көркем тәсілі, дүниетанымы, көзқарасы, олардың арасындағы сабақтастық [1,23]. Талдауда осы бағытты басшылыққа ала отырып, объективті түрде қабылдап, негізгі идеясы мен көтерген мәселесі ерекше назарға алынады.  Бұл талдауда көркем шығарма сюжеті, эпизодтары, мазмұн мен форма жүйесін сақтай отыра, талдауға аса назар аудару қажет. «Автор ізімен талдау бұл сыныптарда өте тиімді, себебі, балалар көркем туындының мазмұнымен таныса отырып, мұғалім көмегімен оның көтерген мәселесіне, автордың көзқарасына, кейіпкерлер іс-әрекеті мен туынды көркемдігіне бойлай бастайды» [1, 25].  Осы идеяны ашу барысында негізгі тәсілдер мен бағыттарға көз жүгіртсек:

Ең алдымен, Абай ізімен талдау жасап, ақынның басты мақсатын айқындау керек. Үшінші қара сөзінде: «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады». Бұл қара сөзіндегі бастапқы мағынаны ашып қарасақ, Абайдың ұстаз екенін дәлелдей түсетіндей. Абай әдістемесі бойынша сөздерді қайталау арқылы эмоционалды-экспрессивті мән беріп, жағымсыз қасиеттерге назар аудартып, адам бойына сіңген осыншама қарапайым мінездердің соңы үлкен мәселелі апаттарға ұшырататын көрсеткен. Оқушыны жеке субьект ретінде қарастырсақ, үшінші қара сөздегі сатылай бейнелеу шебер педагогикалық әрі психологиялық көзқараспен жазылған. «Көркем бейнелермен көмкерілген идея тәрбиелік тұрғыдан орасан зор ықпал етеді, көзін жеткізеді, қандай да бір сезімді санаға сіңіреді. Жаратылыстың заңдылықтары мен құбылыстардың мәнін ашу арқылы әдебиет оқырманның көзқарасын қалыптастырады, дүниетанымының негізін қалайды, идеал ой-мұраттарды өмірге енгізудің мақсаттары мен жолдарын нұсқайды»[3,75], – деген    К.Ахметов пікірінде әдебиеттің адам тәрбиелеудегі рөлінің зор екендігін, оларды қалыптастырудағы маңызын нақтылай түседі.

Әдебиет алыптарының бірі – Абай Құнанбайұлы бастау алған ағартушы-демократтық бағытта қазақ балалар поэзиясындағы негізгі қозғаған идеясы ғылым-білімге, мәдениетке үндеп, тағылымдық-танымдық, тәрбиелік бағытқа негізделген. Отыз екінші қара сөзі осы пікірдің дәлелі: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен  табылмас.

Әуелі — білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады». Абайдың педагогикалық, психологиялық тұжырымында білімді бала бойын сусындату үшін талаптың да қажетті екендігін алға тартады.

«Бала – баршаның байлығы мен бақыты. Бүгінгі бала ертеңгі ер азамат болғандықтан да, балаға қарап біз болашағымызды болжап, бағаламаймыз, бағдарлаймыз», [4, 102 бет] – деген Г.Пірәлиева пікірі бойынша бала тәрбиесіне ерекше зейін қою керектігін алға тартады. Мектеп жасындағы балалардың сезгіштік қабілеті, ойлау мен қабылдау жүйесі адамның формасына тән қалыптасу кезеңі болып саналады. Осы орайда, ақын Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». К.Д. Ушинский: «Тәрбие, егер ол адамға бақыт тілесе, оны бақыт үшін тәрбиелемей, еңбекке баулуы қажет. Тәрбие адам бойында еңбекке деген дағды мен сүйіспеншілікті дамытуы керек» [5,24], — дейді. Бұл бір жағынан оқушыға мотивация болса, бір жағынан ортаға деген қызығушылығын артады. Мұғалім әр адамның өмірге теңдей жағдайда дүниеге келетінің, алайда өз қабілетіңді орынды пайдалана алған кезде ғана, өз болашағыңның жарқын болуын қамтамасыз етесің деген мағынада жеткізу арқылы оқушының өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақын стиліне талдау жасау арқылы оның авторлық көзқарасы мен идеясын ашуға мүмкіндік береді. Ақын стилі — көркем тілі мен поэтикалық бейнелері. Абайдың қара сөзіндегі басты стильдік ерекшеліктердің бірі – лаконизм, яғни ойды қысқа да, анық жеткізуі. Әр детальға зер салмай, мазмұнына терең мән беріп, көлемі жағынан аз болуы – оқушыны қызықтырары хақ. Контраст (қарама-қарсы қою) әдісін  пайдалана отырып, көптеген афоризмдер жасай білді. «Көкірегі көкте, көзі аспанда» секілді көркем үлгілі сөздерді сабақ барысында айтар болсақ, оқушы мағынасын ашуда қызығушылық танытады.

Көркем туындыны тарихи шындықтармен байланыстыра суреттеу. Бұл талдауға шолу бағытындағы талдау кіреді. Проблемалық сұрақтар қою арқылы оқушы танымын арттырып, ой белсенділігін жетілдірумен қатар, жеке ізденістерге ықпал етеді. Бұл сұрақтар тізбегі кез келген жерге қашан? неге? деген сұрақтар қою емес, мәселе тудыратын жағдаяттар арқылы бағалау. Абай үшінші қара сөзінде көнеден келе жатқан мына афоризмді мәнісін ашады: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе». Қазақтың «Би екеу болса, дау төртеу болады» нақыл сөзі астарында қандай мән-мағына жатыр деп ойлайсыңдар? Абай атамыз бұл афоризмнің мағынасын қалай ашқан? Бұл нақыл сөздің бүгінгі қоғаммен байланысы қандай? деген сұрақтар қою арқылы қара сөзді оқуға деген бала қызығушылығын көре аламыз.

Қаламгер өзінің танығанын өзге қауымның игілігіне айналдыру жолында аянбай қызмет еткен. Ақынның бұл идеясы қаламынан туған шығармалардың қай-қайсысынан да анық білінеді. Осы орайда, бала тәрбиесі жөнінде ақынның отыз екінші қара сөзіндегі «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» сөздері бүгінгі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтпағаны нақты дәлел.

Абай Құнанбайұлының қара сөздері мектеп жасындағы балаларды патриоттық сезімге баулуда, алдына мақсат қоюына, оның білімге құштарлығын оятумен қатар, оқуға талпындыруда ерен еңбек еткен қаламгерлердің бірі. Абай шығармаларын талдау барысында екі түрлі мәселені есте сақтау керек: 1) Көркем шығармадағы мәселелерді қарап, ақын ойын, қандай талдауларды талап ететінін қарастыру; 2) Оқушы өзі оқып шыққан көркем шығармаларын талдауға машықтап, әдеби талдауға дағдыландыру қажет.

Отыз бірінші қара сөзде: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».

Қара сөздер мен Абайдың өзге де туындыларын салыстырудағы еске алу керек басты қағида:

а) Ортақ белгілерін анықтау;

ә) Өзіндік ерекшеліктерін қарастыру;

б) Шығарманы бүгінгі күнмен салыстыру.

Ендігі сөз қозғайтынымыз отыз бірінші қара сөзін Абайдың басқа да туындылармен салыстыру. Оқушы әр тақырыпты жеке қарастырғаннан бөлек, осыған дейін елемеген қасиеттерін салыстырмалы түрде көрсеткен тиімді әрі бала зейінін дамытады. Мысалы, адам қасиеттері туралы Абайдың пәлсапалық қырық төртінші қара сөзін алайық: «Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды». Қара сөздегі «талап» ұғымын әрі қарай нақтылау мақсатында «Ғылым таппай мақтанба» өлеңімен ұштастырсақ.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ —

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Оқушы өз бетінше «талап» сөзінің мағынасын түсіне ала ма? Абай неге талапты басты орындардың біріне қойған? Талаптың адам өміріне қажеттілігі қандай? Талап ұғымы естеріңе түскенде, көздерің не елестетесіңдер? Екі шығарманы қарай отыра, талап сөзінің мағынасына терең үңілуге тырысады. Осы салыстырулар Абайдың шығармашылығы незінде жатқан ойын, көзқарасын айқындауға жетелейді, қаламгердің қазақ поэзиясында еңгізген жаңалықтарын танауға бір табан жақындай түседі. Абайдың өлеңіне арқау болып отырған тән мен жанның таласы, сонымен бірге өз-өзін дамыту – күрделі мәселелердің бірі. Оқушы әр өлеңде адам болашағын қажетті азықтың барын, осы өмірдің ғұмыр кешу шарты екенін ұғынуы керек. Сонымен бірге, автор туындысы өмір шындығынан алынатындығын еске ала отыра, шындыққа байланысты белгілі бір тақырыптың өзі әр түрде жырланатынын көрсетеді. Бұл шығармалардан оқушы суреткердің өзіне тән стилі мен сөз мәнері болатынына көзі жетеді.

Оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуда көркем әдебиеттің берер көмегі мол.

Сабақ өткізу барысында қойылатын көрнекіліктің маңызы. Киносценарий, инсценировка құрастыру әдеби талдаудың ішіндегі бала танымын кеңейтудегі ең тиімді тәсілдердің бірі. Абайдың қара сөзі белгілі бір сюжетте құрылмаса да, берер тағылымын ашып көрсету үшін оқушылар ойдан оқиға ұйымдастырып, шағын көрініс ұйымдастырса да болады. Киносценарийде белгілі бір оқиғаның орны, көрініс, музыка болады. Абайдың жанына жақын бір қара сөзін алып, сахнаға әзірлейді. Бұл талдау үлгісі  шығарманы қабылдауына, түсінуіне, эстетикалық ләззат алуына зор үлесін тигізеді. «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол — менің ісім.

…ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын — мен, сенің сөзіңді ұғатұғын — мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» — депті.

…онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын — мен». Мәселен, мына он жетінші қара сөзді алып, әр оқушы адам бойындағы қасиеттерді алып, оларды өз қабілетінше сомдап беретін болса, өзге оқушылардың санасында ұзақ қалады. Ақыл, қайрат, жүректің айтысуындағы басты себеп не? Олардың арасында қандай байланыс бар? Қалай ойлайсыңдар, ақыл, қайрат, жүректің таласының соңы қалай бітеді? деген сұрақтарды қоя отырып, автордың поэтикалық тілі мен стиліне бағдар жасауға болады. Әңгімені оқытып, айту – баланы мезі қылдырып жібереді. Кейде оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі бейнероликтер, белгілі ғалымдардың Абайдың қара сөздері туралы тағылымдық ойларын сабақ үстінде қою да керемет дүние.

Қорытынды сабақта арнайы сағат бөліп, сабақ өткізілудің маңызды ерекшеліктері мен өзгешеліктерін атап өтуі керек. Диспут, айтыс сабақтары, әдеби ойындар, пікір таласына жетелейтін сұрақтарды әзірлеу арқылы жүзеге асыру да маңызды. Қара сөздің маңызды бөлімдеріне мұғалім тоқталып, қалған бөлімдерін оқушы жеке өзіне үй тапсырмасы ретінде беріп, келесі сабақта әр оқушының ойын, автор көзқарасын өзінше пайымдағанын сұрауы қажет.  Сондай-ақ жазбаша викторина жүргізуге болады. Оқушылар ең маңызды жерлерден сұрақ қойып, тақырыпты талдаудың арқасында сұрақ қоятын оқушы да, жауап беретін де оқушы дайындалады. Осындай сұрақтар қара сөздерді бір-бірінен ажыратып, ұқсас мәселелерін, үндестіктерін, өзіндік ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Қара сөзді меңгеру арқылы оқушы меңгереді:

  • Абайдың қара сөздеріне көз салып, олардың оқушы танымы мен

тәрбиесіне берер рөлін анықтау;

  • Көнеден келе жатқан Абай қара сөздері мен бүгінгі күндегі оқыту

методикасын дәстүр жалғастығы ретінде сабақтастыру;

  • Көркемдік, жанрлық, тақырыптық-идеяларын қарастыру арқылы

Абай қара сөздерінің маңыздылығын қарастыру.

Сонымен қорыта келгенде, Абайдың қара сөздері оқушылардың іскерлік дағдыларын, туындылардың әсерлігін анықтап, бірте-бірте өз пікірін нақты жеткізуіне, әдебиеттің тиімді жолдарын анықтауға, сондай-ақ оқушының ой-танымын жоғарлатуда, мұғалімнің оқыту технологиясын жетілдіруге, ақпараттар беруде негіз болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы: «Рауан», 1997. – 282 бет.
  2. Тасболатұлы Қ. Қазақ әдебиетін оқыту технологиясы. – Алматы, 2004
  3. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды: Арко ЖШС, 2004
  4. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. Алматы: ЖШС «Принт», 2001
  5. Ақыл кені. – Алматы: Көшпенділер,2003. – 244 бет
  6. Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. – Алматы, 1968. – 336 бет.
  7. Байсейітова С. Әдебиет сабағын модульдік технология негізінде оқыту. – Тараз, 2008.

Балкис ИЗТАЕВА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясының магистранты

Данат ЖАНАТАЕВ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент