9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні шығарма — Шығарма
Кіріспе
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Шүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, аға-бабамыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Жеңдік жауды күресте
Жасалсын той-мереке.
(Т. Жароков)
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз — өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды…
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?!
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан
еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Оқырмандармен Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты шаралар өткізу барысында балалар кітапханашылары төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алулары керек:
ü Соғыс «саясатының” негізінде қандай мақсат болғанын талқылаудың қажеті жоқ. Біздің міндетіміз балаларға сол жылдардағы адамдар мен тарихи оқиғалар туралы әңгімелеу;
ü Кешегі немесе бүгінгі соғыстың зұлымдық екенін, онымен адамзаттың келіспейтіндігін жеткізу;
ü Ұлы Отан соғысының халықтық екенін, ол үлкен зұлмат пен қиыншылық екенін түсіндіру;
ü Оқырмандарды соғыс тақырыбына жазылған көркем әдебиеттермен жете таныстыру қажет. Әсіресе, қазақстандық жазушылар мен қазақ батырлары туралы;
ü Бұл тақырыппен жұмыс істеу барысында оның ауқымдылығын ескере отырып, әр жастағы балалардың жас ерекшелігіне қарай шара ұйымдастыру керек.
Қазіргі кезде әрбір кітапхана соғыс тақырыбын қамтитын баспа, аудио-бейне басылымдарға өте бай. Біздің міндетіміз оларды оқырманға насихаттау және жеткізу.
Балалар кітапханаларында Жеңістің 60 жылдығын лайықты атап өту барынша үлкен дайындықты қажет етеді.
Наурыз-сәуір айларында кітапханаларда «Кітап оқып, өткенді еске алу…» атты шығармалар байқауы ұйымдастырылуы керек. Байқаудың мақсаты балаларды Ұлы Отан соғысы жайлы жазылған поэзия мен прозаларды оқуға тарту. Сондай-ақ тақырыпқа байланысты плакат, газет немесе балалардың шығармашылық жұмыстарынан да әртүрлі байқау, сайыстар ұйымдастырған жөн. Бұл шаралардың тақырыбын «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады”, «Біз бейбітшілікті қалаймыз” немесе «Соғыс және балалық” деп алуға болады.
Ұлы Отан соғысы тақырыбын оқырмандарға толық және дұрыс түсіндіру мақсатында кітапханашы үлкен шайқастар мен соғыс операцияларының маңыздылығын ашатын «Ұлы Отан соғысының күнтізбесін» жасауына болады:
« 1941-1945 жалынды жылдары:
1. Соғыстың басталуы- 22 маусым 1941 жыл
2. Брест қамалын қорғау- маусым 1941 жыл
3. Ленинградты қорғау- 1941- 1944 жылдар
4. Москва үшін шайқас — 30 қыркүйек 1941- 20 сәуір 1942 жыл
5. Сталинград үшін шайқас- 17 шілде 1942- 2 ақпан 1943 жыл
6. Курск шайқасы- 5 шілде- 23 тамыз 1943 жыл
7. Днепр үшін шайқас- тамыз- желтоқсан 1943 жыл
8. Берлин операциясы — 16 сәуір- 8 мамыр 1945 жыл
9. Жеңіс күні- 9 мамыр 1945 жыл».
Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, таныстыру кітапхана қызметкерлерінің міндеті.
Ұлы Жеңістің 60жылдығына арналған мейрамға орай, ашық суретті кітап көрмесін ұйымдастыру керек. Көрме балаларды құжаттық, мемуарлық, көркем-әдебиеттермен толыққанды таныстырады. Көрмені «Отты жылдар елесін, кітаптан оқып білесің…”, «Тарих беттері”, «Ел мен ердің жемісі”, «Қаһарман ұрпаққа тағзым”, «Ұлы Оан соғысы – халық соғысы”, «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында” т.б. атауға болады.
Көрменің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ірі шайқастарына арналған бөлімдері болу керек. Бұл жерде біз әрине, қазақстандықтардың үлесі, олардың батырлық ерліктері туралы материалдарды мүмкіндігінше мол қамтуымыз қажет.
Бұл үлкен атаулы күнге байланысты өткізілетін шараларды ауқымды өткізу қажет және алдын-ала дайындық керек. Сондықтан осы тақырыпты жан-жақты қамтитын «Еске алу” апталығын ұйымдастырған дұрыс. Апталық барысында балалардың жас ерекшеліктеріне орай «Бұл қалай болған еді”, «Халықтың жадында”, «Отты жылдар өрендері” атты әдеби-музыкалық кеш, сауалнамалар, әңгіме, сұрапыл жылдары елін жаудан қорғаған ақын-жазушыларымыздың өлең-жырлары бойынша «Қаруын қаламға айырбастап» поэзия сағатын т.б. ұйымдастыруға болады.
Екінші дүние жүзілік соғыстағы әйелдердің ерлігі ерекше. Олардың ішінде қазақ әйелдерінің ерлігі туралы «Арулар отты жылдарда”, «Соғыстың қатыгез бейнесі” деген атпен батыр қыздардың ерліктерін паш ететін шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.
Соғыс жылдарындағы балалар тағдырына, жауынгер-бала, партизан-бала туралы немесе мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің тылдағы еңбегі, олардың ауыр тағдырлары туралы айтылуы керек. Кіші мектеп жасындағы балалармен әңгіме өткізу барысында «Кеңес Одағы”, «Одақтас республика”, «Кеңес Одағының астанасы” деген сөздер түсініксіз болуы мүмкін, сондықтан әңгімені алдымен Кеңес Одағының тарихынан бастаған жөн.
Жұмыс барысында Республикалық балалар кітапханасының Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арнап шығарған биобиблиографиялық «Қаламдарын қаруға айырбастап”:Қазақстан жазушылары Ұлы Отан соғысы жылдарында, «Отты жылдар елесің, кітаптан оқып білесің…: әдебиеттер тізімін және бұрындары шыққан әдістемелік құралдарын пайдаланыңыздар. Сіздердің назарларыңызға «Ерлікпен жеткен жеңіске тағзым ет, парызың” атты әдістемелік құралды ұсынады.
…Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер
Әңгіме
Ежелден ер тілегі-ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса-ел тірегі.
Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.
Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді…
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды… Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен …
Фашистік Германия тізе бүкті… Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 60 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 60 жыл өте шықты.
Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында сапында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді.