Түркістан һәм Түймебаев

0

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың басқа облыс әкімдерінен бірінші ерекшелігі, оның әрине, қазақ тілінің кәсіби маманы екендігі. Әкімдер арасында доктор, профессорлар  да, көпбалалы, қарапайым да қазақы отбасында  туғандар аз емес болар,  бірақ дәл қазақ тілін теориялық тұрғыдан пістеше шағатын жалғыз әкім осы Жансейіт Қансейітұлы екені анық.

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар атты ауыл бар. Қаратаудың  бұйрат-бұйрат белдер ораған баурайы. Атақты Арыстанды-Қарабас желі өтінде орналасқан бұл ауылда кейде апталап жел соққанда, елдің есін шығарып, апшыңды қуырып, ұшырып әкете жаздайды. Әсіресе қысы қатты, бір қары, бір бораны артық. Адам табиғатқа тартып туады. Сондықтан бұл ауылдың адамдары да қайсар, еңсегей, бір сөзді, ірі мінезді болып келеді.  Аталмыш қасиет осы Қайнар ауылында шыр етіп дүниеге келген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың да бойында бар.

Жансейіт Қансейітұлының туып өскен ортасына келсек, әкесі Қансейіт ақсақал  өмірінің соңында осы Қайнар ауылында  өзінің атында зәулім мешіт тұрғызған, Меккеге қажылыққа барған аузы дуалы, еңбекпен көзін ашқан, иман байлығы мол адам еді. Жарықтық ауырып жүргеніне қарамай, туған ауылының қалыптасу тарихы, ілгері-кейінді өмір сүрген ізгілікті адамдары, ішінде ишан-молдасы бар  ұлағатты із қалдырған тұлғалары,  өзінің өткен  еңбек жолы жөнінде екі кітап жазып кетті. Бұдан өткен ғибратты іс болар ма. Өкінішке қарай,  ол кітаптардың жарық көргенін өнегелі ақсақал көзі тірісінде көре алған жоқ.

Қансейіт ақсақал кезінде Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданы мен көршілес Созақ ауданы совхоздарында  партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған. Сол кезде оқушы жасындағы Жансейіт Созақ мектебінде де білім алады.  Кейін Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернатта оқып, оны алтын медалмен бітірген.

Жансейіттің анасы Ұлмекен Жаманқұлқызының құдайға шүкір, көзі тірі, ауыл анасы ретінде көпке сыйлы, берекелі жан. Он үш құрсақ көтерген, отағасымен бірге 4 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана.  Осындай көпбалалы отбасында өскен Жансейіттің бойындағы көпшілдік, бауырмалдық  атаның қаны, ананың сүтімен сіңген  қасиеттер.

Жансейіт Түймебаев Қазақ Мемлекеттік университетін,  Мәскеу Мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін  бітірген. Филология ғылымының докторы, профессор.  1-сыныпты Төтенше және Өкілетті елші. 30-дан астам ғылыми-танымдық кітаптардың авторы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медалдармен марапатталған.

Жансейіт Қансейітұлы  1980-1993 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінде ассисент, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарған.  Қазақ Мемлекеттік университетінде қызмет еткен. 1993-94 жылдары  Сыртқы істер министрлігінде бірінші хатшы, бөлім бастығы болды.  Қазақстанның Стамбул қаласындағы консулдығын, Қазақстан Президентінің Протоколын басқарған.  Елбасының кеңесшісі болған. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды. Сол тұста Мәскеуде «Абай институты» ашылып,  Кремльден онша қашық емес  маңайда Абай ескерткіші тұрғызылды. Мұның бәрі бірінші Елбасының, сосын осы Жансейіт Қансейітұлының табанды тірлігінің арқасында жүзеге асқаны мәлім.   2007 жылы Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Сол кезде «Жүз мектеп», «Жүз аурухана» бағдарламасымен бүкіл елді аралап шыққаны есімізде. 2010 -1016 жылдары  Түркиядағы, қосымша Албаниядағы Төтенше және Өкілетті елші қызметтерін атқарды. Жансейіт Түймебаев түрік елінде елші болып тұрғанда Абылай хан ескерткіші, Абылай хан мен Сүйінбай атындағы атындағы саябақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың монументі, бірнеше қалада Назарбаев атындағы даңғыл  ашылғанын жақсы білеміз. Бұдан өзге түрік елі мен Қазақстанды жақындастыруда, екі жақты инвестиция тартуда қыруар шаруа атқарылғанын тәптіштемей-ақ қоялық.

Жансейіт Қансейітұлы 2016 жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Түркияның тәлімінен көп нәрсе үйренген Жансейіт мырза жұмыртқадан жүн қырыққан түріктердің іскерлігін жерлестерінің бойына егуге тырысты, сол жолда көп еңбектеніп, Шымкент шаһарын шырайландырды, облыс елдімекендерін түгел аралап шығуға тырысты, ең бастысы жұртты жұмысқа жұмылдырды. Кезінде өзі шыр етіп туған ауылда мешіт ашып, бала оқытқан Тұрсын Ишан Ташкенттен көшет алдырып, Мыңбұлақтың бойын тоғайға айналдырғанын үлкендер айтып отыратыны есінде. Сол Ишан талы күні бүгінге дейін жайқалып тұр. Сол айтқандай, Жансейіт әкім тал-дарақ егуді өзі бастап беріп, қала, кент, ауыл-аймақтарды гүлдендіріп, тау бөктеріне дейін көгалдандырып, елсіз жұртарды саябаққа айналдырды.  Жүз мың адам қатысқан «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты мерекелік шара мен Бәйдібек ауданындағы Бөген өзені бойында  өткен «Қымызмұрындық», Ақсу-Жабағылыда өткен республикалық қызғалдақ фестивалі  әлі күнге жұрттың аузында.  Сарығаш пен Мақтарал аудандарының бөлініп, Жетісай мен Келес аудандары болып құрылуы да елдің көптен күткен оңды шешімі еді. Енді осы тарихи және әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты үш негізгі мәселе шешілмек. Оның біріншісі – Түркістан облысы халқының әл-ауқатын арттыратын экономикалық жүйенің даму бағытын анықтау, әл-ауқатты арттырып, тұрғындарға қызмет ететін инфрақұрылымды дамыту, үшіншісі – Түркістан облысында адам капиталын заманға сай қалыптастыру.

Жансейіт Қансейітұлының тұсында Шымкент үшінші ірі мегаполиске айналып, республикалық мәртебе алды. Ал өзі  2018 жылы  жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалды.  Яғни Түркістан облысының тұңғыш әкімі.

Түркістан облысының құрылуы Рухани жаңғырудағы басты, құнды шешімдердің бірі болғаны күмәнсіз. Жансейіт Қансейітұлының текті Түркістанда, қасиетті Әзірет Сұлтан тыныс тапқан шаһарда тындырып жатқан қат-қабат шаруасы мен тірліктері күнделікті теледидар қарап, ақпаратқа құлақ түріп отыратын қалың жұрттың көз алдында. Түркістан қайта түлеу үстінде!  Еркін экономикалық аймақ болып жарияланды. Жалғыз өңір орталығы емес, Түркістан түркі әлемінің рухани-мәдени астанасына айналмақ. Сол үшін түгел түркінің рухын биіктетер іргелі іс атқарылуда. Түркі әлемінің орталығы бой көтермек. Мұнда бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағатушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.  Облыстың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізу қолға алынбақ.  Түркістанның Бас жоспары жасалуда. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілмек. Бірінші бағыт Әзірет Сұлтан кесенесі маңындағы «Тарихи аймақтағы» 18 нысанды қайта жаңғырту жоспарланған. Екіншісі «Рухани-мәдени орталық» аймағында 98 гектар жерге «Ұлы дала елі» кешенін, «Қожа Ахмет Ясауи мұражайы», «Амфитеатр», «Шығыс моншасын», «Су бұрқақ», «Қабылдау Орталығы» мен «Түркі халықтарының ғылыми кітапханасын» салынбақ. Үшінші 700 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығының аймағында облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттер ғимараттарының және тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталып, Медиа орталығы мен Оқушылар сарайының, спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс Холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланған. Осылайша жәдігер қаламыз өзінің тарихи құндылығын сақтай отырып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылмақ. Түркістанда бағзыда болған төрт қақпасы түгелденуде. Яссауи музейі қолға алынды. Болашақта киелі қалаға бес миллионға дейін турист келеді деп жоспарлануда. Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойлануы жолға қойылды.  Тіпті, Түймебаевтың ұсынысымен «Түркістан» атты шоколад шығару қолға алыныпты. Базарлыққа тәтті алып қайтатын күн алыс емес.  Әкімнің айтуынша, Түркістан облысыэкономикасын төрт сала алға сүйремек: өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм.  Қаратаудың асты мен үсті кенге толы екенін ескерсек, өнеркәсіпті жаңаша өркендетудің жолдары көп.  Халқы ежелден еңбекқор өлкеде кәсіпкерлікті дамыту да алынбас қамал емес. Судан таршылық көрмесе, ауыл щаруашылығын да дамыту  даңғыл жолға қойылады.  Ал туризмге онсыз да қойнауы құт мекен сұранып тұр.Тек ынта мен жігер болса болғаны.

200 жыл Қазақ хандығының астанасы болған, Ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекенде күні-түні тынымсыз тер төгіп жатқан Түймебаевқа деген елдің  сенімі нық. Жоғарыдағы шаруалардың бәрі оңынан шешілсе, болашақта Түркістан мен Түймебаевтың егіз ұғымға айналары хақ.

 

«KzNew.kz»

«Түркістанды  бірге  түлетейік»