Тағдырым екінші рет сынға түсіп тұр: Сайрагүл елбасы мен құзырлы органдардан көмек сұрады (видео)

0
1834

Қытай шекарасын заңсыз кесіп өтіп Қазақстанға келгені үшін істі болған қандасымыз Сайрагүл Сауытбайқызы елбасы мен құзырлы органдардан көмек сұрады. Ол видеоүндеу жазып, желіге жариялады.

«Қара орманай әз халқым! Елдігі мен ерлігі біте қайнасқан қазақ елі, тағдыры тағы да сынға түскен Сайрагүл Сауытбайдан жалынды сәлем! Тағдыры екінші рет сынға түскен бүгінгідей қиын сәттерде халқымның бір ниет, бір мақсатпен мені қолдап-қуаттаулары менің өшкелі тұрған үміт отымды қайта жандырды. Тек бір пайыз үміт болады, мен жүз пайыз күресуге дайынмын. Әуелі Алла, одан соң өздеріңіздің шексіз ықыластарыңыз, қолдауларыңыз тұрғанда неге күреспеймін. Алла мені сіздердің осындай қолдау-қуаттарыңыздан айырмаса екен. Тағдырыма алаңдап отырған халқыма алғысым шексіз. Мен босқын мәртебесін алғанша, өз елімнің азаматтығын алғанша, күресім бір минут та тоқтамайды. Құрметті елбасы және барлық құзырлы органдар, қоғам қайраткерлері! Мен секілді балапандарын сағынып әрең жеткен, өз елінен пана іздеп келген бір ананың қасіретті күйінішін ет жүректеріңізбен түсініп, халқымның үмітін ақтап, тарихи отанымда екінші рет өмір сүретін мүмкіндік берулеріңізді, балапандарымнан айырмауларыңызды сұраймын», – деді Сайрагүл Сауытбайқызы.

Видео 2018 жылдың 17 қазанында түсірілген. Оны тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы парақшасыгда жариялады.

«Қазақ деген халықтың назарына! Қазақстан деген мемлекеттің тізгінін ұстаған Елбасының және Ел ағаларының назарына! Алматы облысы ІІД КҚБ-ның бастығы – полиция полковнигі Е.Н.Алтаев мырзаның назарына! Өміріне бүкіл қазақ екі ай бойы күндіз-түні араша сұраған Сайрагүл Сауытбайдың Елге сәлемі.Тағы да “Араша, Елбасы!” дейміз!», – деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.

Айта кетейік, 4 қазан күні шыққан сот шешіміне сәйкес, Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруге, саяси баспана беруге бас тартылды. 

Естеріңізге салсақ, Сайрагүл Сауытбай – Қытай еліндегі этникалық қазақ. Екі жыл бұрын оның күйеуі мен екі баласы Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған. Сайрагүлдің өзі Қытайда мемлекеттік қызметкер болғандықтан азаматтығын ауыстырмауды жөн көрген. Ол Қытай Коммунистік партия мүшесі болып, этникалық қазақтарға арналған мемлекеттік «саяси лагерде» жұмыс істеген. Биылғы көктемде отбасымен қауышу үшін шекара асып кеткен, алайда мамыр айында ұсталған. Қытай мемлекеті тарабы оны қайтаруды сұрап отыр.

Тамыздың 1-де болған сотта оны Қытайға қайтармау туралы шешім қабылданып, алты ай жаза мерзімі берілген.

Сайрагүл бұған дейін сотта соңғы сөзін айтып, көмек сұраған еді. Екі баласы Қазақстанда анасыз тірі жетімнің күйін кешіп, әркімге жаутаңдаумен жүргенін, өзінің Қытайда құпия органына жұмыс істегенін айтты. Сайрагүл Сауытбай сот залынан босатылды. Сайрагүл үкіметтен босқын мен азаматтық алу үшін көмек сұрады.

Источник: Stan.kz