Ринат Зайытов: Димаштың әндерін түсінуге ойым жетпейтін шығар

0

Танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне бүгінгі қоғамдағы өзекті проблеманы, шоу-бизнес туралы не ойлайтынын, неліктен жүргізуші болу туралы шешім қабылдағанын, неге Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдай алмайтынын айтып берді

 

Ринат,бағдарламаның  тележүргізушісі атанып жатырсыз. Қандай жоба? Несімен сізді қызықтырды?

Көп жылдар бойы аса үлкен, ірі жобаларға қатысқан жоқпын. Қатысатындай мүмкіншілік те болмады. Биыл жүргізуші болуға ұсыныс түсті. Ток-шоу бағытындағы “Бір сұрақ” атты бағдарламаның мақсаты, бағыты қатты ұнады. Оның үстіне, бұл бағдарламаның шығармашылық тобы өте еңбекқор, ізденімпаз адамдардан құралған. Олармен жұмыс істеудің өзі рухани ләззат, үлкен тәжірибе және шығармашылық өсім береді. Бұйыртса бағдарлама көпшіліктің жүрегіне жол табады деген сенімдеміз. Көпшіліктің “не істесем болады?”, “қалай болады?” деген сұрақтарына жауап беретін бағдарламаны жасап жатырмын деп ойлаймын. Соған сенемін. Барынша еңбек етуге тырысып жатырмыз.

Әншілер журналистердің нанын тартып жеп жатыр деп айтып жатады. Сіз де тартып алып жатқан жоқсыз ба? Негізгі табыс көзіңіз қандай?

“Менің нанымды тартып алып жатыр” деп айтатын адам алдымен сол нанды жеуге лайық екенін дәлелдеу керек. Қазіргі журналистер екі сөйлемнің басын құрай алмайды не олардың ң-ға тілі келмейді. Сіз енді ойлаңыз, ондай адамнан қандай журналист шығады. Маған десе журналистика факультетін бітірмек түгілі Американың журналистикасын бітіріп келсін, маған бәрібір. Міндетті түрде 100 бала өнер академиясын бітірсе, оның жүзі де актер болып кетпейді. Дәл солай журналистика факультетін 100 адам бітірсе, оның жүзі емес, ары кетсе бір екеуі болар. Иә, қолынан келмейтін іске кірісіп кететін кейбір әншілер, актерлар бар. Бірақ сынайтын журналистің өзі сол істі істей алатынын ең алдымен дәлелдеу керек.

Басқа ақындардың қайдан алатынын білмеймін. Өзім тойдан, авторлық қоғамнан аламын. Әнге сөз жазамын. Авторлық қоғам әркімнің өзінің еңбегіне қарай бөледі ақшаны. Өзім тіркелген “Абырой” қоғамында үлкен өзгерістер орын алып жатыр.

Қазіргі қоғамға қауіп төндіртіп тұрған проблеманы айта аласыз ба?

Үштілділік. Қазіргі балалар бір тілде сөйлей алмайды.  Үш тілде оқығанның кесірінен қай тілде сөйлеу керектігін білмейді. Бала бір-ақ тілде оқуы керек. Адамның тілі қай тілде қалыптасады, ол сол тілде ойланады. Алты жасынан бастап үш тілде оқыған бала қай тілде ойланады деп ойлайсыз?
Ал шоу-бизнесте орын алып жатқан өзгерістерге не айта аласыз?

Менсіз де бәрі сахнаның саунаға айналдырып алғанын көріп жатыр. Мынау, анау мынандай болу керек дегеннен аулақпын. Бірақ бір нәрседен сақ болу керек. Кез келген өнер иесі, кез келген көпшіліктің алдында өзінің болмысын көрсететін адам ертең ұрпақтың алдында, одан кейін Құдайдың алында жауап беретінін ұмытпау қажет.

Қазір Айжан Байзакова, Шырын Нарчаева сынды кейіпкерлер көбейіп кетті. Оларға көзқарасыңыз қандай?

Өмірге не үшін келгенін, не істеп жүргенін білмейтін адамдар үшін қазір басымды ауыртқым келмейді. Әрине, егер Байзақова шыныменде екі ауыз сөздің басын құрай алмай сөйлейтін, айналасына үгіт насихат жүргізе алатын қоғамдық қаупі бар адам болса, онда оны тоқтатуға болады.

Өкініштісі, кішкентай 14-15 жастағы қыздар солардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді…

Ол қыздардың енді альтернативасы жоқ, басқа кімге еліктейді? Неге біздің қазақтың қыздары өздерінің қазақи болмысын көрсетіп көпшілік алдына шықпайды? Неге білімімен, талантымен өзін дәлелдемейді? Жеткіншек ұрпақты солай-ақ тәрбиелеп алуға болады. Қазақ қыздарының болашағы үшін жүрегі ауыратын қазақ арулары болса, олар ұрпақтың, қоғамның, ізбасарлардың да тәрбиесінде әрекет жасауы керек. Себебі, біз мың жерден барып қыздарға “былай болмаңдар” деп айқайласақ та, олардың ішкі жандүниесіне жететін ойды еркек адам айта алмайды. Себебі, қыз бала бәрібір басқаша ойланады.

Қазақтың атын әлемге паш етіп жүрген Димаш Құдайбергенге көзқарасаңыз қандай?

Мен оның шығармашылығын аса қатты түсініп, талқылай алмайтын шығармын. Себебі, опера бағыты маған мүлдем қызық емес. Өтірік айтпай-ақ өлеңдерін тыңдамаймын. Жаман болған соң емес, көңіліме жақпайды. Мүмкін менің Димаштың әндерін түсінуге ойым жетпейтін шығар. Мүмкін менің қанымда жоқ шығар. Жақпайтын нәрсені тыңдай алмаймын. Оның да өзінің тыңдарманы бар, оны түсінетін, тыңдайтын, тұрып қол соғатын адамдар бар. Мархаббат. Әркімнің өзінің талғамы өзінде. Мысалы, дәл осы сұрақты Димашқа қойыңызшы. Айтыскер ақындардан танитын болған соң мені айтатын шығар. Бірақ Димаш айтыс көрмейді екен деп оған не істейміз. Дәл солай әркімнің өзінің өнерінің саласы бар, әркімнің өзінің көңіліне жағатын өнері бар.

Қытайлықтар біздің ұлымызды тартып алады деп айтып жататындар да бар…

Одан біздің қазақтың еш жері кеміп қалмайды. Әрбір адам құқылы қайда барса да.

Екінші әйел алуды қалайтын ер адамдарға қандай ақыл айта аласыз? 

Шамаң келсе төрт әйел ал. Абай неше әйел алды үшеу ме? Құнанбайдың неше әйелі болды? Абайдыкі сонда дұрыс емес пе?

Ол тұлғалардың заманы басқа болды емес пе?

Онда біздің заманымыз басқа деп қытайша, ағылшынша сөйлейік.  Қазақша сөйлемейік, шапан кимейік, ет жемейік заманымыз басқа болатын болса.

 

Источник: Stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз