Құрт пен айран зиян ба?

99
- Жарнаманы баса кетіңіз -

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан тұзды ең көп тұтынатын елдердің бірі екенін мәлімдеді.  Мамандардың айтуынша, елде әрбір адам күніне 17 г тұз тұтынады. бұл ДДСҰ ұсынған нормадан төрт еседей артық көрінеді.

«Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейінің жоғары болуына тарихи және заманауи үрдістер себеп болып отыр. Ет пен шұжықты, сондай-ақ құрт, айран сияқты ашытқы сүт өнімдерін көбірек тұтыну денсаулыққа зиян», – деп жазылған ДДСҰ хабарламасында.

Зерттеу көрсеткендей, Орталық Азияда дәстүрлі тұзды тағамдарды өндіру үрдісі әлі де жалғасып келеді, ал өңделген азық-түліктердің пайда болуы жағдайды одан сайын нашарлатып жіберген.

ДДСҰ азық-түліктің бұл зиянды бөліктері созылмалы аурулардың көбеюіне әкелетінін ескертті.

«Дәрігерлер Қазақстан халқы дұрыс тамақтану, әсіресе тұзды тұтынуға қатысты ұсынымдарды ескермейтін болса, бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік, екінші типті қант диабеті мен онкологиялық аурулардың артуына әкелетінін ескертеді», – деп атап өтті ДДҰ мамандары.

Бұл ретте отандық мамандар да ДДҰ мамандарының пікірімен келісіп отыр. Мәселен, химия ғылымының докторы, профессор Қорлан Абсалықованың айтуынша, қазіргі уақытта құрт пен айран ең көп химиялық өңдеуден өтетін өнімдердің бірі. Ал мұндай тағамдарды химиялық синтездеуге түсіру шынымен де ағзаға зиян.

«Бұрын ата-балаларымыз құрт пен айранды табиғи жолмен алды. Ал қазір бізде мұндай өнімдердің химиялық өңдеуден өткізу арқылы алынып жататыны жасырып емес. Мәселен, қазір дүкендерде Ресейдің ашып кеткен айранын, қаймақ ретінде тұтынып жүрміз. Біздің табиғи кілегеймен салыстырғанда сапасы өте төмен Ресей, Беларус өнімдері самсап тұр. Сондықтан бұл арада табиғи экологиялық ас дегенге қатты мән беру керек. Сүрленген ет, табиғи қатық, тағбиғи айран дегенді қазір қала жұртшылығы аса қолдана бермейді. Өңдеуден өткен өнімнің проблемасы да көп болатыны даусыз. Мысалы, ет өнімдеріне қатысты біз қазір жас етті көбірек пайлансақ, ертеректе қазақтар сүр етті молынан пайдаланған. Мәселен, салыстырып көрсек, сүрленген етте жас етке қарағанда холестерин мөлшері 2-2,5 есе аз болады. Есесіне сүр етте белок, кальций, фосфор, мырыш тәрізді адам ағзасына қажетті минералды заттар өте көп. Мамандар бұған қатысты «сүр етте болатын дәрумендер адам ағзасына өте зор күш-қуат береді. Қазірде етті сүрлеу дегенді қала қазақтары мүлде ұмытты. Ал кептірілместен, сүрленбестен бірден тоңазытқышқа салынған еттің дәрумендерінің күші азаяды да, тағам құнарлылығын жояды. Сондықтан сүрленген етті пайдаланған дұрыс»,- дейді химик ғалым Қорлан Абсалықова.
Ал енді құрт пен айран жөнінде ғалым Қорлан Әбсалықова былай дейді:
«Айран мен құрттың құрамына сүт қосылып ашытылатындықтан бұл тағамның құрамында В1, В2, В6 дәрумендері бар. В1 дәрумені ағзада зат алмасу үшін қажет. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда ағза шаршағандық күйде болып, асқорыту процесі бұзылады. Бұл дәруменнің ой және дене еңбегімен көп шұғылданғанда қажеттілігі мол. В2 дәруменінің жарақаттардың тез жазылуына, ағзаның бірқалыпты өсуіне қажеттілігі зор. Сондықтан бұл дәруменнің де денсаулыққа берері – сол. В6 дәрумендері ағзада азайғанда балалардың бойының өсуі тежеліп, қаназдыққа апарып соқтырады. Міне, осы үш дәруменді табиғи айран мен құрт тағамынан кезіктіруге болады. Химиялық зерттеулер барысында түсінгеніміз – бұл тағамның құрамында осы үш дәрумен бірдей қамтылады да, адамның ағзасына күш-қуат құйылады. Сондай-ақ бұл дәм құрамында 73-77 пайыз су; 81-82 пайыз ақуыз: 1-2 пайыз май, 0,8-1 пайыз минералды тұздар, 1,7-2 пайыз экстративтік заттар және жоғарыдағы дәрумендер болады. Ендеше, ғылыми тұрғыда айран мен құрттың адамның қан айналымын жақсартуға, ақыл-ойды жетілдіруге, күш-қуатты арттыруға септігі бар екенін айтқым келеді. Бірақ аталмыш өнімдерді химиялық өңдеуге жиі түсіру расымен де ағзаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан бұл арада Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесінің жаны бар»,-дейді маман.

Жалпы, дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, қазір сүт және сүт өнімдерінде кездесетін  транс май қышқылы ағзада түрлі  аурудың туындауына себепкер болады. Транс май қышқылы  кез келген өнім химиялық өңдеуден өткенде тіптен көбейе түседі. Осы транс май қышқылы түрді дерттердің туындауына өз әсерін тигізеді. Әсіресе қатерлі ісік дертінің өршуіне бірден-бір жол беретін осы тарнс май қышқылы екен.

«Қазірде біздің халқымыздың 99 пайызы рецептсіз дәріханалардан дәрі-дәрмек алып өзін-өзі емдеуге бейім. Тіпті түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішіп денсаулығын құртып алып жүрген жандар да баршылық. Сол биологиялық белсенді қоспалардың орнын осы қымыз, қымыран, айран, құрт саумал іспетті ағзаға пайдалы табиға қоспалар арқылы алмастырар болсақ талай дертке дауа табылар еді. Қазірде Малайзия, Израиль, Германия елдерінде айранның, құртты, қымыздың құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге ықылас білдіруде. Демек, болашақта сұраныс артып, бұл ұлттық тағамдарымызды тұтынушылардың саны арта түсуі де әбден мүмкін. Ендеше келешекте біз үшін агроөнімдерімізідң насихатын арттырып, жасалу технологиясына мән беру, сапалы өнім шығаруды қолға алу маңызды бола түспек»,-деді Қорлан Апсалықова…

Қарлығаш Сайлаубаева

 

Загрузка...