Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі «лагерьлерге» барған

0

«МАМАНДЫҚ ИГЕРУГЕ МҮМКІНДІК ЖАСАП ЖАТЫР»

Пекин Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарындағы өмірді көрсету үшін» өткен жылы 28-30 желтоқсанда 12 елдің дипломаттарын шақырған. Шыңжаңға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Малайзия, Ауғанстан, Таиланд және Кувейт дипломаттары барған.

Бұл туралы Қытайдың CCTV арнасына сілтеме жасаған Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Шыңжаңға барған Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев «саяси тәрбиелеу орталығында оқып жатқандардан» сый ретінде майлы бояумен салынған сурет алған.

«Қытай билігі [саяси тәрбиелеу орталығындағы] студенттерге жақсы жағдай жасаған. Демек, Қытай билігі өз азаматтарының қамын ойлайды деп айтуға болады. Менің ойымша, Қытай билігі мен Шыңжаң өңірінің билігі өз азаматтарына жаңа мамандық игеруге мүмкіндік жасап жатыр» деді ол.

Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев CCTV арнасына сұхбат беріп тұр.

Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев CCTV арнасына сұхбат беріп тұр.

Малайзияның Қытайдағы елшілігінің өкілі Мохаммед Хосни Шахиран Исмаил «бұрын ақпарат құралдарында жазғандарды оқып орталық туралы басқаша ойлайтынмын. Қазір орталықтың шынайы өмірін көрдім» деді.

Ал Қытайдың Ауғанстандағы елшілігінің қызметкері Саид Хабибурахман Хусинпур де «Шыңжаңға барған соң орталықтар туралы ойын өзгерткен».

«Осыған дейін [орталықтар туралы] түрлі есептерді көрдім. Бірақ мұндағы жағдай есепте айтылғандай емес екен. Орталықта шынымен бәрі жақсы. Тәрбиеленушілер көп нәрсені үйреніп, көп жағынан өзгереді» деді ол.

Манарбек Қабазиев Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарының" бірінде жүр.

Манарбек Қабазиев Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарының» бірінде жүр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Шыңжаңға барған 12 елдің дипломаттары Қытай билігінің өкілдерімен бірге Шыңжаңдағы базарларды, мешіттерді, оқу орындарын, мектептерді де аралаған.

Қазақстан дипломаттарының Қытайдағы «кәсіптік үйрету орталықтарына» барғанын Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де растады. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, «дипломаттар Үрімші, Қашғар және Хотанға барған. Олар провинция басшылығымен атап айтқанда, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің халықтық үкіметінің төрағасы Шохрат Закирмен де кездескен». Министрлік лагерьге барған дипломаттардың сұхбат бермейтінін айтты.

БАТЫС ЕЛДЕРІНІҢ ДИПЛОМАТТАРЫН ШАҚЫРМАҒАН

Қытай шақырған дипломаттар арасында батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жоқ.

Reuters ақпарат агенттігі Қытай билігі қаңтардың басында бірнеше шетел басылымын арнайы шақырып, Хотан, Қашқар, Қарақаштағы саяси тәрбиелеу орталықтарына апарғанын хабарлаған. Журналистермен тілдескендер орталыққа өз еркімен келгенін айтқан. Олар тілшілермен тілдескен сәтте ресми өкілдер қатаң бақылап тұрған.

HRW САПАР ТУРАЛЫ

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы дипломаттардың Шыңжаңға сапарына қатысты арнайы мәлімдеме жасап, басым бөлігі Ислам әріптестігі ұйымының мүшесі болып саналатын және бұған дейін Батыс Қытайдағы адам құқығының бұзылуы жайлы мәлімдемеген елдердің сапардан кейін оған реакция білдіруі неғайбыл дейді. Ұйым дипломаттардың сапары «аймақтағы жағдайды тәуелсіз бағаладық» деуге негіз бола алмайды деп санайды.

«Қытай БҰҰ сарапшыларының да аймаққа баруына қарсы еместей көрінді» деген ұйым билік сарапшыларға аймақтағы жағдайды тәуелсіз бақылау үшін кедергі келтірмеуі тиіс дейді.

«Билік дипломаттар мен тәуелсіз сарапшыларға олар зерттегісі келген кез-келген лагерь немесе өзге нысандарға еш кедергісіз жол ашуы керек еді. Аймақтағы кез-келген адаммен жеке әңгімелесуіне жағдай жасап, оның ел ішінде немесе басқа елде қудаланбайтына кепіл беруі керек. БҰҰ сарапшылары жасаған қорытындысы мен проблемаларды БҰҰ-ға мүше елдерге хабарлауы тиіс. Дипломаттарын жіберген үкіметтер қолындағы ақпаратты мүмкіндігінше ашық қылуы керек. Барлығы да Пекинге түркітілді мұсылмандарды қорлауға жол беруге болмайтынын және оның заңсыз екенін, тоқтату керектігін ұқтыруы керек» деп жазды ұйым.

2017 ЖЫЛДАН БЕРГІ ҮРЕЙЛІ АҚПАРАТТАР

Қытайдағы «саяси тәрбиелеу орталықтары» туралы алғашқы ақпараттар 2017 жылы сәуірде шыға бастады. Этникалық қазақтар мен ұйғырлар жақындарының қамалып, олармен хабар үзілгенін айтқан. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар мен батыс елдері де айта бастаған.

БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар мен батыс елдері Пекиннен Шыңжаңға кіргізуге рұқсат сұраған. Ал қаңтардың 7-cі күні Қытай сыртқы істер министрлігі БҰҰ өкілдері «Пекин қойған шарттарды орындаса, Шыңжаңға кіргізетіндерін» айтқан.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтты.

Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

Өткен жылы Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайда «қамауда отырған» қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері Пекин екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергенін мәлімдеген. Министрлік Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққаны туралы да хабарлаған.

«Орталықта болып шыққан» қазақтар ондағы «адам төзгісіз жағдайларды» сипаттаған. Мәселен, Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталығында болдым» деген этникалық қазақ Назгүл Мұрат Азаттыққа «қара су мен шай, капуста қосылған дәмсіз сорпа» ішкенін айтқан.

«Ішке кіргенімде шаш буғышымды, сырға, сақина-жүзіктерімді түгел алып, басқа киім кигізді де, қолыма кісен, басыма қара қап салып, жетектеп алып жүрді» деген ол.

Былтыр қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталықтарын «лагерь» деп атаған. Орталықтардағы адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен «лагерьлерде» қамауда отырғандарды босатуды талап еткен.

Дереккөз: Азаттық