Қазақстан КСРО құрамынан неге соңғы болып шықты?

0

1991 жылы 8 желтоқсанда үш славян республикасы: Ресей, Беларусь және Украина КСРО-ның енді жоқ екенін мәлімдеді. Сегіз күн өткеннен кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Арада 27 жыл өтсе де, кей азаматтардың көкейіне «Қазақстан КСРО-дан неге соңғы болып шықты?» деген күпті ой келеді. Осыған байланысты тарихшылар мен саясаттанушылардың пікірін білдік.

Беловежье келісімі және Қазақстан тәуелсіздігі

1991 жылғы тамыз бүлігі КСРО-ның ыдырау процесін тездетті. Бүлік сол жылдың қазанына қарай көптеген республиканың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. Тәуелсіздіктерін жариялаған бұрынғы одақтас республикалардың кейбірі (Литва, Латвия, Эстония, Грузия) КСРО құрамынан шығатынын мәлімдеді. Орталықтың билігі күннен күнге әлсіреп, елде саяси толқулар күшейді. Осындай жағдайда үш республика басшылары Минскінің маңайындағы Беловежье орманында келіссөз өткізді.

Беловеж келісімі
Леонид Кравчук, Станислав Шушкевич және Борис Ельцин (солдан оңға қарай) Беловежье келісіміне қол қойғаннан кейін.
Фото: Дмитрий Соколов/ТАСС

Келіссөзде “КСРО-ны құру туралы” 1922 жылғы келісімшартты жою, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру мәселесі талқыланды. Басқосуда осы мәселелер туралы құжаттарға қол қойылды. Бұл кездесуге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, Орталық Азияның басқа республикаларының басшылары да шақырылмады.

Осылайша КСРО-ның тынысы тоқтады. Бұған жауап ретінде 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабадта Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан басшылары кездесу өткізді. Кездесуде олар одақтастық жөніндегі шартқа қол қойып, Беловежье келісімімен толық келісетінін мәлімдеді. Бұған қоса, олар Беловежье келісіміне қатысушы елдерге және басқа да бұрынғы одақтас республикаларға жаңа одақтық шарт жасасу жөнінде үндеу жолдады.

Кеңестік жүйенің ауқымынан босап шыққан республикалар “кеңестік”, “социалистік” деген атаулардан бас тарта бастады. 1991 жылы 10 желтоқсанда республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында “Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы” атауы “Қазақстан Республикасы” деп өзгертілді.

14 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” конституциялық заңның жобасын талқылауға кіріседі. Алайда талқылау желтоқсанның 16-сында таңертеңгілік мәжіліске қалдырылады. Жарыссөзде депутаттар сөз сөйлейді. Заң жобасын пысықтау үшін редакциялық комиссия құрылады. Содан кейін депутаттар “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” заңның пысықталған жобасына баптар бойынша дауыс беруді бастайды. Заң сол сессияда тұтас қабылданады. Сөйтіп Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланады.

“Күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал қолды байлады”

Қазақстанның тәуелсіздікке дейінгі ресми хронологиясы осылай тізбектелді. Бірақ одақтан неге соңғы болып шықтық? Ол үшін КСРО-ның ыдырауын не себепті күту керек болды? Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың пікірінше, тәуелсіздікті бірден алып кетуге елдің әлеуметтік, экономикалық және демографиялық жағдайының нашарлығы тосқауыл болды.

Берекет Кәрібаев
Фото ашық дереккөзден.

“Қазақстан кешегі КСРО-ның экономикасымен 93%-ға байланысты еді. Қазақстанда бұрынғы одақтық министрліктер болды. Зауыт, комбинат, өндірістік орындардың барлығы одақтық министрліктердің жанынан салынған. Біздің өз өнімдеріміз бар болғаны 7% еді. Олар – нан, сүт, ет тәрізді тамақ өнімдері. Қалған өнімдердің барлығы Ресейден және басқа республикалардан келіп отырды. Бұл – экономикалық фактор. Екіншіден, елде демография мен этникалық жағдай өте қиын болды. Мемлекет саясатының басым бөлігі қалада шешіледі. Ал қалалардағы қазақ халқының үлес салмағы өте аз еді. 90-жылдары Алматының 13-17%-ы ғана қазақтар болды. Мұндай кезде тәуелсіздікті алып кету оңай болған жоқ. Дегенмен сол кездегі жағдайды қарай отырып, 90-жылдардың басында ұлттық идеяны ұлтжанды азаматтар көтере бастады. “Азат” тәрізді ұйымдар құрылды. Оларды, әрине, президент бақылап отырды. Халықтың жағдайынан хабардар болды”, – дейді тарихшы Берекет Кәрібаев.

“Басшылық сепаратизмнен қорықты”

Берекет Кәрібаевтың пікірін оның әріптесі, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали да қолдады. Оның айтуынша, саяси элита “әліптің артын бағып”, жұмсақ нұсқаны таңдады.

Әзімбай Ғали
Фото ашық дереккөзден.

“Қазақстанның саяси басшылығы өте сақ болды, сепаратизмнен қорықты. Сондықтан жұмсақ нұсқаны таңдады. Саяси дербес басқарғысы келді. Бірақ қазақтың үлес салмағы сол кезде басқа этностарға қарағанда өте аз болды. Қандай да бір дүрбелең болса, қазақтардың парша-паршасын шығаруы мүмкін еді. Бірақ Қазақстан басшылығының саясаты әсерлі болды. Әкімшілік жолмен түрлі технологияны пайдаланып, Қазақстанның тұстастығын сақтады. 1990 жылы Қазақстанның ішкі жиынтық өнімі Өзбекстаннан төмен болды. Сол кезде үкіметті басқарған Әкежан Қажыгелдиннің қатысуымен реформа жасалды. Ол ауыр болса да, табысты, позитив реформа болды. Қазақстан нарыққа сәтті кірді. Уақыт өте экономикамыз түзелді. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, қазір ішкі жиынтық өнім Өзбекстаннан 4,2 есе артық”, – дейді саясаттанушы.

“Әбілқайыр ханның мемлекетінен Қазақ хандығы да соңғы болып шықты”

Берекет Кәрібаев осы сұраққа байланысты тарихи фактілердің қайталанғанын айтты. Қазақстанның КСРО-дан соңғы болып шығуы – кезінде Әбілқайыр мемлекетінен бөлініп шыққан Қазақ хандығының позициясымен сай.

Қазақ хандығы құрылған кезде де дәл осындай жағдай болған. Хандық құрылар кезде Қазақстанның аумағында Әбілқайыр ханның “Көшпелі өзбектер” деген мемлекеті болды. Бұл хандықтан әуелі маңғыттар, ноғайлар бөлініп шықты. Екінші болып шайбан ұлысы өз ішінде екіге бөлінді. Осы кезде бірде-бір адам шығынынсыз, бейбіт түрде Керей мен Жәнібек хандық құрып алды. Уақыты, форматы бөлек болса да, өткен тарих жаңғырды. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы тамызда басталған жағдайды жіті бақылап отырып, бір қазақстандықтың қолын сындырмай-ақ тәуелсіздікті қабылдау туралы заңға қол қойды. Оны Жоғарғы Kеңес қабылдады. Сөйтіп тарих қайталанды, – дейді профессор Берекет Кәрібаев.

60-жылдарда тәуелсіздік алған Африка елдерінде соғыс болды. Азаттық қантөгіспен келді. КСРО-дан да жантүршігерлік азаппен бөлініп шыққандар болды, ал Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі бейбіт жағдайда тарихта қалды. Бұл дербес елдің ең әуелгі жетістігі болса керек.