Назарбаев: алдымызда президент сайлауы бар

0

Қазақстан президенті «Нұр Отан» партиясының съезін қорытындылай келе, алдағы болатын сайлау туралы сөз қозғады

АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезін қорытындылау кезінде президент сайлауы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Алдымыздағы мақсат белгілі, мемлекеттің экономиканың әр саласында жариялаған бағдарламасы бар. Қаражат жағы айтылды. Елдің күтіп отырғанын естіді. Депутаттар мен делегаттардың сөйлеген сөздері мен ұсыныстарына қолдау бар екенін көрдік. Сондықтан біздің партиямыз, менің ойымша, өте үлкен күш», — деді президент сьезді қорытындылап жатып.

Бірақ ол партия мүшелері «біз көппіз деп отыра бермей, нақты жұмыс істеуі» керектігін атап өтті.

«Партияның өкілеттігі барлық жерде бар. Егер тек қана партияға мүше болып отырмыз демей, міндеттерімізді орындап жүрсек, елге қызмет істейміз, абыройлы партия атанамыз. Ал ондай дәреже партияға керек», — деген Назарбаев алдағы сайлау туралы бірер ауыз сөз айтты.

«Алдымызда сайлау келе жатыр. Парламент сайлауы да бар, президент сайлауы да бар. Ондай сынақтан өту үшін партия алдын ала еңбегін сіңіріп, халықтың сеніміне ие болуы керек», — деп президент сөзін түйіндеді.

sputniknews.kz