Мұхтар Мағауин: «Шыңғыс ханда» мен көп дүниені өзгеше жаздым

0

– «Шыңғыс ханды» жазу әу баста жоспарда болған жоқ, өйткені ол жарияланбайтын еді. Жарияланбайтын шығарманы «үстелдің астына жасырып жазу» деген орыстарда болды, себебі олардың шетелде газет-журналдары, баспалары бар еді. Ал бізде ондай ештеңе жоқ, жазған дүниең өзіңмен бірге кетуі мүмкін. Сондықтан жарияға шығатын, қажетті нәрсені жазу керек болды. Тәуелсіздік алып, цензура жойылғаннан кейін «Шыңғыс ханды» жазу ойымда болды, бірақ ол кезде бүгінгі күннің тақырыбына арналған ең зәру, қажетті дүниелер анталап тұрды, соларды жазып болып, үш-төрт ай дайындық жасадым да, 2008 жылы «Шыңғыс ханға» кірістім. Бірінші кітапты екі жарым жыл жаздым, қалған кітаптар бір жылдан жазылды. Бұл жерде менің өмір бойы жинақтаған тарихи танымым, ұлттың тарихына көзқарасым айтылады. Төртінші кітапты 2015 жылы қараша айының соңында бітірдім, шаршап-шалдығып, сіңіріме ілініп әрең бітірдім. Сонан кейін бір айдай теңізге түсіп демалып, тынығып келдім де, бір ай үстінен қарап баспаға бердім. «Шыңғыс ханның» төрт кітабына тура 7 жыл уақыт кетті. ШЫҢҒЫС ХАНДА» МЕН КӨП ДҮНИЕНІ ӨЗГЕШЕ ЖАЗДЫМ

– «Шыңғыс ханды» оқығанда бір байқағанымыз, сіз «Қастерлі шежіредегі» («Моңғолдың құпия шежіресі») деректер мен мәліметтердің біразын жоққа шығарасыз…

– Егер ежелгі неміс тарихының тұтас бір кезеңі – Нибелунгтар, француз тарихы – Роланд, испан тарихы – Сид, ағылшын тарихы – король Артур жөніндегі аңыз-жырлармен айғақталса, қазақ тарихы «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары арқылы белгіленсе не болар еді? «Қастерлі шежіре» – ғажап мұра, бірақ нақты, тарихи деректі жәдігер емес. Бұл – Бартольдтың бағалауынша, қаһармандық эпос. Біз өз тарапымыздан айтар болсақ, мұны шежіре-эпос дер едік. Яғни, ата-баба шежіресі. Шыңғыс хан тарихының халықтық ұғым, ауыз әдебиеті үлгісімен қайыра қалыптанған жаңа бір нұсқасы. Ақиқат пен әсіре, шындық пен лақап, даналық таным мен балаңқы ұғым астасып, араласып жатқан әдеби-көркем туынды дер едік. Сондықтан да «Шыңғыс ханда» мен көп нәрсені басқаша жаздым. Абайдың айтатын сөзі бар емес пе: «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген. Сол сияқты, мұның бәрі білмегенге арзан болып көрінеді. Мәселен, «Қастерлі шежіреде» айтылатын дерек бойынша: «Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадұрға татарлар у беріп өлтіреді». Есугей жолай той үстіне түсіп, татарларға қонақ болады. Осы кезде олар сусынға у қосып береді. Біз бұл деректі мақұлдай алмадық. Жарайды, Есугей бахадұр ен далада мереке, сауық құрып жатқан азды-көпті татардың үстінен шықсын-ақ делік. Дала рәсімі бойынша Есугей – мейман. Ал мейманға у беру… Қандай жағдайда да ас иесі ортақ дастарқан үстінде қонағына құйылған сусынды (қымызды) ең алдымен өзі дәмін татып қана ұсынуға тиіс. Баяғыда менің тәтем (шешем) қымыз құйып бергенде өзі үнемі шетінен ұрттайтын. Бұл – Шыңғыс хан заманынан, көне түрік заманынан қалған дәстүр. Бұл – «асым адал» деген сөз. Енді таза тарих, нақты дерек, мағлұматқа құрылған Рәшид-әд-Дин еңбегіне жүгінейік. Мұнда Есугейдің төтенше өліміне қатысты ешқандай емеурін жоқ. Есугейдің жастай кеткені, мезгілсіз болса да өз ажалымен өлгені айтылады.

– Жошыға қатысты деректерді де пысықтап, қайсысының шын, қайсысының өтірік екеніне тоқтала кетіпсіз…

– Жошыға қатысты жала, өсек қайдан туған? Бұл – Батыс тарихшыларының қайткенде де Шыңғыс ханға көлеңке түсіру ниетінің кезекті бір көрінісі. Жауыз Шыңғыс ханның алғашқы, үлкен ұлы Жошы өзінен тумапты! Көлденеңнен жабысқан жолдыбай екен! Атының өзі айтып тұр! – деседі. Ал жолда тусын. Көшпенді жұртта аттың жалы, түйенің қомында кім тумаған?! Рәшид-әд-Дин атап көрсеткендей, ол кезде сапар, көш үстінде туған баланы Жошы деп атайтын ырым болған. Темужіннің туған інісінің толық аты – Жошы-Қасар. Кейінгі Жошы ханмен шатастырмас үшін көбіне-көп, үнемі дерлік есімнің екінші жартысы қабылданған. Рәшид-әд-Диннің еңбегін ақтарыстап қарасаңыз, тағы қаншама Жошы алдыңыздан шығады: Түмбине ханның ұлы Жошы, Құтұла ханның ұлы Жошы, Қадан бахадұрдың ұлы Жошы, Таудан-отшыгеннің ұлы Жошы, тайжуыттан, жалайырдан және басқа да рулардан шыққан тағы қаншама Жошы. Бұл – таңбалы қағазға түскен Жошылар ғана, соның бәрі некесіз туған ба сонда? Үлкен ұл Жошыны аз көрсеңіз, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төлені де шалағай-шата қылып қояды. Керек десеңіз, Шыңғыс ханның өзі күмәнді – Өгелін Есугей бахадұрдан бұрын ұрықтанып үлгерген… Әрине, мұндай қисынсыз, жолдан қосылған, ойдан шығарылған дерексымақтардың бәрін жоққа шығарып, нақты тарихи деректерді алдыға шығардық.

 

Сұхбаттасқандар Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Жақсылық ЫРЫСБАЙ 

«АҢЫЗ АДАМ» журналы №22, 2017 жыл

(Сұхбат  қысқартылып  алынды)


Тегтер:Шыңғыс хан