Мұхтар Мағауин: Қадыр Есенберлинге тоғыз айып тақты…

0

– Қадыр Мырза-Әлі Есенберлин туралы мақала жазды. Сонда Есенберлинді шыр-пыр болып қорғадыңыз ғой. Есенберлинді өте жақсы көретініңізді сол кезде білдік.

– Бір адам жөнінде әртүрлі пікір бола береді. Өйткені бір адамның бойында жақсы мінез де, жағымсыз мінез де болады. Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ өтірік айтпау керек. Қадырдың мақаласын «Жас Алаш» газетінен оқыдым да, қатты ренжідім. Оған жауапты кезекті кітабы шыққаннан кейін жазамын деп шештім. Кітабы шықты, оны дүкеннен 500 теңгеге сатып алдым, қарасам «Жазмыш» деген тағы бір кітабы тұр екен, оны да алдым. Бір кеш отырып, кітабын оқып едім, қаным көтеріліп кетті, ыза болдым. Қателеспесем, Есенберлинге тоғыз айып таққан. Тоғызы да өтірік, ойдан шығарылған жала. Содан оның мақаласына жауап жазуға отырдым. Бұл жердегі мәселе оның Есенберлинді жамандағанында емес, мәселе оның жазғанының түгел өтірік екендігінде. Оның мақсаты Есенберлинді сорлы, өтірікші, алдамшы, жалтақ, қорқақ етіп көрсету болды. Ал сол Мырза-Әлі Есенберлин баспада директор болып отырғанда өзінің 7 кітабын шығарды. Алты кітабын сол «Жазушы» баспасынан, бір кітабын Мәскеуден шығарды. «Советский писатель» баспасынан. Ілекең бұл баспаның коллегия мүшесі, ол кісінің жолдамасынсыз бұл кітап басылмайтын еді. Ілияс Есенберлин ешкімнің басынуына көнбейтін. Өмірімде ештеңеден қорықпайтын екі адам көрсем, соның біреуі – Есенберлин болатын.

– Есенберлин ұлтшыл адам еді ғой. Сіз де ұлтшылсыз. Осы жағынан екеуіңіз жақынсыздар ма деп ойлаушы едік…

– Есенберлин «Жазушы» баспасына 1967 жылдың 30 сәуір күні директор болып келді. Мен ол кісінің келетінін алдын ала білетінмін, келісім беріп, дайындалып отырғанмын. Таңертең жұрт абыр-сабыр болып жатты. Ол кісінің келетінін ешкім күтпеген еді ғой. Жұрттың бәрі кабинетіне құттықтап кіріп жатты. Ол кезде бұл жалғыз баспа, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдыры Жазушылар одағында да, басқа жерде де емес, сол баспада шешіледі. Сағат он бір жарымда мен де төменгі қабатқа түстім. Бірінші қабатта түгел «Жазушы» баспасының қызметкерлері отыратын. Ілекең баспаны аралап келе жатыр екен. Екеуміз бетпе-бет кездестік. Амандасып едім, иығымнан құшақтады да: «Бүгін үлгермейміз, мамыр мейрамынан кейін сөйлесейік», – деді. Бар әңгімеміз сол болды. Мейрам күндеріндегі демалыстан кейін таңертең мені кабинетіне шақырды. Бас редактордың орынбасары етіп тағайындады. Қысқасы, Есенберлин баспаға директор боп келгеннен бастап, қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі басталды. Өйткені бұрын қамалып жатқан, тіреліп тұрған, жол таппаған қолжазбалардың бәрінің жолы ашылды. Өз естелігімде ол кісінің кімдердің алғашқы кітаптарын шығарғанын, кімдерді қандай дәрежеге жеткізгенін бәрін жаздым. Ол кісі төңкеріс жасады. Жұрттың бәрі Ілекеңнің тарихи романдарын айта береді. Бұл кісінің баспагерлік қызметі де ерекше, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын басқа арнаға бұрды.

(Сұхбаттан  қысқартылып алынды)

Дерек көз.  «АҢЫЗ АДАМ» журналы №22, 2017 жыл

Сұхбаттасқандар Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Жақсылық ЫРЫСБАЙ 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз