Ізгілік ілімінің әлемдік абызы

0
41
Advertisement

Адамзат  нәсілінде  Алланың жамалына шомылған айтулы тұлғалар баршылық. Олар жаратылыс пен  ондағы адам баласының  рөлін толыққанды  түсіндіріп бергендігі  үшін де қария тарихтан кемеңгер есімін иеленді. Осындай данышпанның бірі Тұран топырағының тумасы – Әбунасыр әл-Фараби. Ерте замандарда жазылған араб тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектерін тереңінен қарастырған Ақжан Әл-Машани Шығыстың екінші ұстазы Әл-Фарабидің туған жері қазіргі Қазақ елі екенін былай дәлел келтіріп: «Әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген – арабтың атақты ғалымгеографы ибн-Хаукал. Ол өзінің «Китап Масалик уа мамалик» деп аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын беріп, қалаларын картаға түсірген. Ол Отырарды жазғанда, картаға түсіргенде әдейі, арнайы тоқталып: «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері», – деп көрсетіп кеткен. Ибн Хаукал мен әл-Фараби бірін- бірі жақсы таныған, сол кездегі Дамаск шаһарының билеушісі Сайф ад-Дауланың сарайында бірге болған» деп жазады. Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала) қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби.Зерттеуші ғалым, профессор С.Сыздықов: «Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен Шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің реалийлеріне сәйкес, «Мәңгілік Ел» идеясының саяси-философиялық, теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» шығармаларында баяндайды», – деп ежелгі түркілерден бері келе жатқан Мәңгілік Ел мемлекеттік идеологиясының теориялық-методологиялық негізінің әл-Фараби еңбектерінде жарияланғанын тұжырымдайды.

Әбу Насыр сонау ІХ ғасырларда-ақ, 948 жылы Мысыр шәрінде «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы»  атты трактат жазған.  Және сол ойларын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп-шегелеген. Қайырымды қалада кімдер тұруы керектігі, оларға қойылатын талап-тілектер жайынан терең қозғап сөз еткен. Жазып қалдырған ойлары осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатыр.Қайнар бастауы  Аристотель мен Платон хакімдерден  таған тартқан  «мінсіз мемлекет» идеясын  әл-Фараби одан ары  дамытып, ғылыми тұрғыдан толыққанды дәлелдеп берген. «…Толық қоғам үш түрлі болады: үлкен, орта және шағын.Үлкен қоғам – жер бетін мекендеп отырған барлық қоғамдардың жиынтығы, орта қоғам – қандай да бір халықтың, ал шағын қоғам – белгілі бір халық мекендеп отырған қала тұрғындарының қоғамы…Адамдарын ең биік бақытқа жеткізу үшін бір-біріне өзара көмек көрсету мақсатымен біріккен қала – ізгілік қаласы. Адамдары бақытқа жетелеу үшін бір-біріне көмектесетін қоғам – ізгі қоғам. Қалаларының бәрі бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін халық – ізгі халық. Дәл осылайша, бақытқа жету үшін тұтас халық бір-біріне көм-ектесер болса, күллі жер шары ізгіліктің мекеніне айналады.»  Ғұлама мұндай пайымға сөзсіз, адам-дағы  ар мен ұят, сана мен жүрек  атты танымдық құндылықтарды етене зерделеу арқылы келгендігі анық. Әл-Фараби: «Әрбір адам екінші адамның өмір сүруіне қажетті үлесін беретін, бір-біріне көмектесетін адамдарды біріктіру арқылы ғана табиғатына сай жетілу дәрежесіне ие бола алады . Бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық.  Егер  халық-тар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» ,  – дейді.  Ол қала-мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін бере отырып, ізгі қалалардың жетілдірілген әлеуметтік құрылымының анықтамасын берді. Кейбір мәселелерге түсінік берген кезде ақыл-ой мен терең философиялық білімге ие болған әл-Фараби өз дәуірінен асып түсті. Әл-Фарабидің мемлекеттік басқарудың механизмдерін жетілдіріп, билікті ізгілендіру үшін ұжымдық, топтық басқарудың үлгілі идеясын, демократиялық әділетті, ақылды басшы туралы идеясын ұсынды.Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек, ал мұны ол жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандайда бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы адамдардың әрқайсысы оған қажетті нәрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Сондықтан да бір – біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселерінің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар   бірлестігінде ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәре-жесіне жете алады. Міне, сондықтан да, адамзат индивидтері көбейе түсіп, жер жүзіндегі әр түрлі мекендерге қоныс тепті, осының нәтижесінде адам қоғамдары пайда болды…

Ғұлама ғалым анықтаған адамның адамгершілік құндылықтарына басымдық берілуі ізгі қоғамның неғұрлым орнықты сипаттамасы болып саналады, бұл қағида қазіргі заманғы таным үшін маңызды да өзекті болып отыр. Данышпан билеуші бейнесінде көрініс тапқан кемел адам идеясы оның шыңы болды. Қарашаның  обалы мен сауабын білетін парасатты патша билеп,  халқы әділ низамға бағынған кез келген елдімекен  «Жерұйық» болуға әбден лайық екен. Данышпан бұл идеяның  орнығуына  ел басқарған басшының (патшаның, имамның) атқарар  еңбегінің  қыруар екендігін айтады.  Рас, бағзыдан келе жатқан бұлжымас бір қағида бар ғой. Қараша халық қашанда ханға қарап бойын түзеп, хан қалай болса қалғандары да соны қайталайды емес пе?!  «Патшаң түзік болса, жердің беті,- патшаң бұзық болса, жердің асты қызық» дейтін бабалар танымы да осы ғой. Демек, барлық төмендегі атқарушы атаулы сол елді билеген  патшаның кішкентай көшірмесі деуге болады. Ел басқаруды «қайырымды» және «қайырымсыз» деп екіге бөліп қараған ғұлама қарашаны қайырымды басқару дегеніміздің өзі  сол халықтың ерік-жігері мен әдетін мәдениетке тәрбиелеу, ал қайырымсыз хан (басшы) басқарған  елдің бойынан ең бірінші көрініс беретіні  әділетсіздік пен озбырлық дейді. Біз бұдан қайырымдылық идеясының сән-салтанат құрып, жер үстінің мамыражай  ғұмыр кешуіне аталған қауымды басқарған басшының тікелей қатысы бар  екендігін  бағамдауымызға болады. Ең бастысы, оның қолында телі мен тентекті тезге салар  жоғары билік  бар.  Осылайша бабамыз Әл-Фараби өнегелі, әділ билеушіге тән қасиеттерге мән беріп: жұртты аузына қаратқан даналық, заң мен әдеп-ғұрыптарға жетістік, іс-әрекеті осыларға сәйкес келуін атап көрсетеді. Сондай-ақ ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама. Өйткені адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс.  «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады»/3, 12-б/-дейді данышпан. Мәртебелі биліктің қолынан  келер құзырет пен адам ақыл-ой қабаттарындағы дәргейді терең пайымдаған кемеңгер, таным баспалдағындағы мынадай «ғақли» және «жаһли» деген екі белдеуді ашалап көрсетеді. Бұл әл-Фараби идеясының ең басты кредосы десек те болады. Данышпанның ойынша, қараша халықтың қайырымды немесе қайырымсызға айналуы, сондай-ақ жер бетінің  «жұмаққа» я болмаса «тозаққа» ұласуы дегеніңіз тек адам танымына ғана қатысты екен.. «Ғақли көзбен қарасаң. Дүние ғажап сән есім.  Жаһли көзбен қарасаң, Дүние қоқыс, сен мешін», – дейді  әл-Фараби. Ғұламаның бұл жердегі «ғақыл» деп отырғаны «нұрлы ақылға» жеткен өркениетті қоғамның парасатты адамы. Осы парасатты адамның ТАНЫМ ТЕРЕЗЕСІНЕН дүниеге қарасақ, өмірдің мәні мүлде басқаша. Мәселен, «ғақли көз», «ояу жүрек» үшін  жап-жасыл желек жамылған орман ағашы  Құдайдың тіл жетпес, ғажайып хикметі болса, «жаһли көз» үшін ол отқа жағатын тек тамыздық қана. Ендеше «жаһли көзбен» қалған қоғамның адамы тұрмақ  ұшқан құсы мен жүгірген аңы да бақытсыз екен.  Неге десеңіз, мұның бәрі де адам танымының тұралап,  артта қалуымен тікелей байланысып  жатыр.

Әл-Фарабидің бұл ілімінің түп-төркіні қайда жатыр?«Адамзат ойшылдарының әр кезең, дәуірлерде айтылып жүрген тұжырымдарының түпкі түйіні, темірқазығы-Аристотель жасаған қорытынды. Аристотельдің пікірінше, ең басты мәселе, ең биік игілік, қасиетті құндылық –ізгілік пен қайырымдылық. Бұлар-кісіліктің өзегі мен өзі. Өзінің ғана қамын жеу өзімшіл, қайырымсыз адамдар мен жан-жануар, жәндік, құс атаулыларға тән болса, өзгеге жақсылық, қайырым жасай білу– адамдықтың белгісі. Яғни адам өзінің мәні, қасиеті-адамгершілігімен, қайырымдылығымен қадірлі әрі абзал  болмақ.

Сол сияқты Әл-Фараби философиясында зерделенген қайырымдылық, ізгілік мәселелері адамзат баласына ортақ, оның табиғатының мәнін ашатын, адамның тұлғалық қасиеттерін тарих қатпарынан аршып алатын құндылық. Адамды қадірлейтін, өзінің төл құндылық-тарын дәріптейтін, сақтай алатын, кейінгі ұрпаққа дінді, адамды, табиғатты құрметтеуді үйрете білетін, құндылықтарын табыстай алатын ел ғана қайырымды мемлекетті құра алады.Мемлекеттің қайырымдылығы адамының рухани байлығында, барлық қоғамдық сана түрлерін (дін, білім, тарих, мәдениет, өнер, ғылым, заң және т.б.) сақтай алған, оның қызметін ұқыпты пайдалана білген  қоғам өзінің өкілі жеке адамның бойындағы қайырым-дылықты оята біледі, адамының кісілігі арқылы мемлекетті қайырымды мемлекет (қала) деңгейіне шығарады. Әл-Фараби былай деген: «Діни сенімдері кейбір ескі теріс көзқарас-тарға негізделген реттерде қала надан немесе адасқан қала болып шығады» [2. 178 б]. Шыныменде қоғамдық ортадан оқшауланбайтын, білімі, сенімі, көзқарасы арқылы өгейленбейтін, мемлекетінің болашағын өз болашағымен ұштастыра білген елінің өмірін, дінін, тарихы мен дәстүрін, құндылықтарын сақтаудағы ата бабасының, яғни елдің тәжірибесін құрметтеп, рухани өміріне, болашағына пайдалана білетін адам қайырымды адам, қазіргі сөзбен айтқанда заманынан қалмайтын өркениетті адам.

Аристотелден кейінгі Ұлы ұстаз мұрасында адам тәрбиесіне де қатысты құнды дүниелер жетерлік.Оның құзар шыңы- Туран топырағына ІЗГІЛІК ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ  дәнін сеуіп,оның ғылыми негізін салып,практикалық бағытын көрсетіп бергендігі болып табылады.Осы тұрғыдан оның Әлемдік Ұстаз мәртбесіне сай тарихи ролі  жоғары бағаланғаны белгілі. Сондықтан да,ол ойшыл ғұлама ғана емес ғұламалардың әлемдіқ ұстазы,әлемдік абызы атанды. Ғаламның Екінші ұстазы Әл Фараби ұлтты мәдениеттендіріп оны кемелдендіру үшін, халыққа білім беруді уағыздайды. Ал, тәрбиесіз жалаң білім мәдениеттіліктің негізі бола алмайды деп көрсетеді ұлы ғұлама. “Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауына айналады” дейді.“Ғылымды үйрену үшін адамның арының тазалығы қажет”. Ал, арлылық – мәдениеттіліктің белгісі. “Тәрбиелеу жеке адамның кісілігін қалыптастыру…Ал, кісілік – жеке адамның әдептілігі, мәдениеттілігі болып табылады” – деп көрсетеді ұстаз. “Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық (әдептілік) игіліктер мен өнерлерді дарыту” деген сөз деп ұлы дана тәрбиені халықты мәдениеттендірудің қуатты құралы ретінде жоғары бағалады. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлқына байланысты Қайрымды қоғамда ғана адам бақытты өмір сүреді.Өмір ізгі игілікке тәуелді.Кісілігі жоқ қоғам мемлекетке, оның болашағы ұрпаққа қажетті құндылықтарды бере алмайды, бұндай орта тарихтың бойындағы рухани дүниелерді кейінгі уақытқа жеткізуге, мемлекет мүддесін қорғауға қабілетсіз келеді. Сондықтанда өркениетті мемлекеттің бет-бейнесі оның мәдениеті, әлеуметтік ортада адам бойында кісілік қасиеттердің орын алуымен көрінеді. Әл-Фараби жазып кеткендей, мемлекеттің рухын қоғамдағы адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді, рухани құндылықтары ғана сақтай алады. Адамды қадірлейтін, өзінің төл құндылықтарын дәріптейтін, сақтай алатын, кейінгі ұрпаққа дінді, адамды, табиғатты құрметтеуді үйрете білетін, құндылықтарын табыстай алатын ел ғана қайырымды мемлекетті құра алады.Мемлекеттің қайырымдылығы адамының рухани байлығында, барлық қоғамдық сана түрлерін (дін, білім, тарих, мәдениет, өнер, ғылым, заң және т.б.) сақтай алған, оның қызметін ұқыпты пайдалана білген  қоғам өзінің өкілі жеке адамның бойындағы қайырымдылықты оята біледі, адамының кісілігі арқылы мемлекетті қайырымды мемлекет (қала) деңгейіне шығарады.Ол еңбектерінде  адам әрекетінің  түпкі мақсаттарының бірі—Бақытқа жету деп айта келе, сол бақытқа тек білім мен игілік нәтижесінде ғана жетуге болады дейді.Әл Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиенің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби сонымен бірге оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігін үйретеді.Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады деген болатын Фараби.Оның адам еңбегі туралы бұл тұжырымдамалар қазіргі жаңа мыңжылдықта да актуальды екені айдан анық. Сөйтіп, Фараби адамның өмірлік  іс әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Демек, ол қандай да болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын «өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды»/1, 11-б/ деп тұжырымдайды.Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ бұл тұжырым оқушыларға сапалы тәртіп, саналы білім беру пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің, адамның жан-жақты дамуы үшін  маңызы зор екенін атап көрсетеді. Фараби «Еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрету үшін алдын-ала не білу керек» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбесі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену, реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады. Әл Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды(ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) «мәңгі нұрдың қызметшісі»/2, 12-б/

Әл – Фараби тәрбиеге гумандылық бағыт берді,ол барша адам баласын достыққа, адамгершілікке шақыра отырып, адамзат баласын мұрат – мақсатына жеткізуді көздеді. Фараби ағартушылық пен парасаттылықты жақтаған үлкен гуманист. Ол халықтарды бейбіт өмір сүруге шақыра отырып, адам баласын білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер.  Фараби түсінігіде, ғылым, өнер, музыка атаулының  бәрі – бәрі зор дарын, арнаулы қабілет, өлшеусіз еңбек етудің жемісі. Дарындылық ақыл – парасат, қиял қиылыса келіп отырса ғана нағыз өнер туындайды, ол адамды  ақиқатқа жетелейді. Ән мен музыка үшін туыстан болатын қасиеттермен қатар оқып – үйрену, жаттығудың  маңызы зор. Музыка  шығарушылық жан – жақты  ізденіп жаттығау, оның  түрлерін ( жанрларын)  бір – бірімен салыстыра, мелодияларды талдап ажыратып, әрбір тонның (саздың, үннің), дыбыстың әсерін мұқият бағалай, зерттей  білу қажет.  Шәкірт өз бетінше жаңа мелодия шығару дәрежесіне жеткенше мұндай жаттығуды үздіксіз жүргізе беруі тиіс.

Ол ,«Музыканың  үлкен кітабында» әуездің адам сезімдеріне қалайша  әсер еткендігі, оның жағымды-жағымсыз  көңіл – күйлерін  қалайша туғызатындығы, адамның  сұлулық талғамы, яғни  әсемдік  пен ұсқынсыздықты, көріксіздікті бағалай  алуы,  музыканың адам организмін бір қалыпты  күйге келтіруі жайлы сөз қозғайды, эстетикалық  талғам мен этикалық  түсініктің тығыз байланыстылығын айтады. «Бұл ғылым (музыка,ән) ,- деп жазды ол,-  өзінің байсалдылығынан айырылыған адамды түзеуге, қызба адамды бірқалыпты ұстауға  құдіреті әбден жетеді.»  Музыканың негізгі  мақсаты –  адамның эстетикалық  қажеттерін қанағаттандыру. Бұл поэзияға  да ортақ  қасиет, өйткені поэтикалық  тіл мен музыка тілі бір – біріне  етене қабысқан кезде ғана музыканың әсерлігі  арта түседі. «… Өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани  нәр алу, нәзік сезімдерді образдар арқылы паш ету  адамға  тән қасиет. Тән ауырғанда  көңілдің күрт төмен түсуі табиғи құбылыс. Сондай кездерде  сазды әуеннің әсерімен көңіл сергиді де,  адам жаны да  жай тауып, өзінің ауру халін ұмыта бастайтын болады. Музыка адамды  қиындыққа шыдауға, ауыр еңбекке  төзуге көмек береді,  шаршап – шалдығуды  ұмыту үшін, көңілді  жұбату  үшін  ән салу қажет, ал ән  және оған  қатысты нәрселер сезіммен, қиялмен және санамен бірдей  байланысты болады.», – деп түйіндейді ұлы ойшыл.  Ән салудың  түрлері  сан алуан. «Музыка үлкен кітабында» Фараби   оның үш түрі бар екенін айтады. Біріншісі адамда  жай ғана рақат  сезімін тудырады. Екінші түрі –  құмарлық пен іңкәрлікті  тудырады. үшіншісі – қиялды оятып, санада  небір ғажайып бейнелердің  тоғысуына  жағдай жасайды. Осы үш  жәйтке ие  болған  музыка кемеліне  келген музыка болады, мұндайда ол бізге әсер етеді. Музыканы қабылдауға  қатысатын  түйсіктер табиғи және табиғи емес болып екіге бөлінеді. Табиғи жағдайда түйсік жанға рақат таптырады. Табиғи  емес (жасанды) жағдайда  музыкалық түйсік көңіл құмарлығын онша  қандыра алмайды.

Ұстаз өнегісінің, озат үлгісі жөнінде ғұлама ғалым Әл-Фараби:- нағыз ұстаз  айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей – теңіздей, ақыл-ой парасаты да, ерік- жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң-мұқтажын, талап- тілегін орындай алады.Әл-Фараби түсінігінде, ұстаз да қала басшысы сияқты елжетекші, халық қадірлісі. Медресе балаларды оқытып, тәрбиелесе, қала бастығы олардың ата-анасына өнеге көрсетеді, халықты ізгі қасиеттерге баулиды. Олай болса мұның екеуі де “сегіз қырлы, бір сырлы” қай жағынан да болса барша халықтан қөш ілгері тұрған кісілер. Сондықтан бұл екеуіне де мынадай 12 түрлі қасиет сәтті қабысып келсе нұр үстіне нұр болған болар еді деген:-Тән ерекше жетілген түрлі іс-әрекетті нәтижелі етіп орындауға ыңғайлы бейім болуы;-Нені болса да жақсы айырып, тез тұжырымға келе алатын;-Өзінің түсініп, сезгенін көріп, білгенін есіне  жақсы сақтай алатын;-Көреген ойлы, талғампаз, ақылды адам болуы;-Ойын анық, дәл бере алатын, көркем сөйлей алатын шешен;-Ілім-білімді, оқу-ғылымды жан тәнімен, ұңғыл-шұңғылын  ақыл-ой жұмысының үлкен бейнетін тек ләззат санайтын адам;-Қайда жүрсе де өте ұстамды;-Өтірік-өсекті, мылжыңдықты жек көріп,  шындықты,  әділдікті бар ынтасымен сүйе білу;-Өр кеуделі, жан мен арын бірдей кіршіксіз ұстайтын адам;-Мал-мүліккке, дүние-жиһазға, мәнсіз ұсақ тіршілікке қызықпау;-Табиғатынан әділ, шынайы, шыншыл;-Басқаға дау, өзіне де қиянат қыңыр-қиқар болмай, әркез шешімге келе алатын байсалдығы мен батылдығы қатар жүре алатын, қорқыныш пен үрейге жол бермейтін адам; Ал нағыз ұстаз бейнесін Әбу Насыр Әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді»- деп жазды өзінің “Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет?” деген еңбегінде.Ғаламның Екінші ұстазы Әл Фараби: адамның мәдениеттілігі оның мінез мәдениетінен көрінетінін ғалым: “адамның адал, шыншыл болуы өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізетті болуынан ғана туады”, – деп, дәлелдеді.

«Ұстаз ескерер тағы бір жәйт,-дейді Фараби,-бұл шәкірттің мінез-құлқындағы  жағымсыз мінезді, ұнамсыз қылықты болдыртпау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру». Мінезділік-бақытты болудың шарттарының бірі. Кейбір адамдар қолдағы бақытынан оп- оңай айырылып қалады, тіпті кейде бақытсыздыққа ұшырайды. Оны мұндай күйге түсіретін-сол адамның  нашар мінезі.  Фараби де Аристотель сияқты адамды қоғамдық жан деп қарап, өзінің бүкіл педагогикалық- этикалық және баска гуманитарлық көзқарас-тарында осы қағиданы басшылыққа алады. Әл-Фараби: «Әлемді жаратқан құдай. Бәле-жаладан аман сақтаушы, жарылқаушыға шүкірлік» – дей отырып, жанның адам мен жануар-ларда ғана болатынын ескертеді. Ал, адамның жануардан айырмашылығы қоршаған орта-ның сырын тани білетіндігінде. Табиғат сырын білу – ол ғалымдар үлесіне тиісті» [4. 27]. Әл-Фарабидің түсінігі бойынша «Жан мен тән бірге дамиды, тәнсіз жан жоқ, жан – тәннің тірлік қасиеті. Адамның тәні мен өмірі өткінші уақытша. Тән жанның дамуына, оның біртіндеп қалыптасып жетуіне үнемі әсер етіп отырады. Жанның дамуы үшін тәннің саулығы қажет. Шыққан жан адамға еш уақытта қайтып келмейді, адамның көңілі мен рухы-жаны мәңгі өмір сүреді де, надан, залым, зымиян адамның жаны өшіп отырады» – деген. Фарабидің ізгілік ілімінде басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады,танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді  саралады.Ол ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ деді. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Ол «Адамның кемелдігі неде?»  деген сұраққа жауап іздейді.«Балық су үшін жаралған, құс ұшу үшін, ал, адам  бақыт үшін жаралған» дейді. «Бақытқа қалай қол жеткізуге болады?» деген сұраққа «Білім мен мінез- құлық арқылы» дейді. «Ол білімнің мәні қандай? Бақытқа апаратын мінез- құлық қандай?» деген сұраққа «ізгілікті мінез-құлық, рухани білім» дейді. «Оған қалай қол жеткізуге болады?» деген сұраққа « Оған: ізденіс, тәрбиелеу өнері және оқу арқылы жетуге болады»-деп түйіндеді. » Біз жақсы мінез-құлық пен ақыл-парасатқа ие болған кезде солардың арқасында міндетті түрде бақытқа жетеміз… Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз және іс-әрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мәнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз».Бұл,Фарабидің адамтануда ұстанған негізгі қағидасы.Бүгінгі біздің «жан-жақты дамыған жас», «бәсекеге қабылетті ұрпақ» деп жүрген ұғымды, ол,сол заманда тиянақтай білген.Әл–Фараби Адам дамуындағы басты мақсаты интеллектуальды–рухани жетілу арқылы бақытқа жету деп көрсетеді. “Бақытқа жету жолын көрсету” деген трактатында:“Бақыт-ол әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол қандайда бір жетілу болып табылады”.Әл–Фарабидің пікірінше,адамның жан–жақты жетіліп, бақытқа жетуі  үшін жағымды іс–әрекет, ізгі мінез, дұрыс ақыл қажет. Адамның.жан-жақты дамуын,ол адам әдебінің жетілуімен сәйкестендіреді. Адамның жан-жақты дамуы, әл–Фараби бойынша, практикалық ақылдың міндетіне жатады.  Практикалық ақыл адамның кәміл дамуы үшін мүмкіндік жасайды. Әл–Фарабидің адамның жан-жақты дамуы ілімінен шығатын түйіндер: адам барлық заттың өлшемі, ол-басты құндылық, адам ақылы табиғат құбылыстарын танудағы басты құрал, адамзат қоғамының прогресіне кәміл сенім, адам дамып кемелденуі арқылы көркемділік, сұлулық, үйлесімділік ұғымдарының кеңеюі. Әл–Фараби үшін жан–жақты  жетіліп, кемелденген адам-өз күш–қуатын адамдардың игілігіне жұмсайтын тұлға. Ондай адам ақыл мен әдептілікті,ізеттілікті үйлесімді тоғыстырады.  Фараби ең әуелі ұстаз, ағартушы, оның бүкіл философиялық, ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру,дамыту мақсатына арналған.Ол-адамдарды  шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтады.Осы мұратқа жету үшін ғұлама адамдарды дұрыс танып,тәрбиелеу жолын жеке-жеке көрсетеді. Ұстаздың айтуы бойынша адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жетеді.Ол шартты түрде адамды нағыз бақытқа, мұратқа бастайтын негізгі кредосы –  адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық,бейбітшілік қатынаста өмір  сүруі.

(Сүрет,сайттан  алынды    https://24smi.org/)

 

 

Әдебиет:

  1. Машанов А. Әл Фараби. Алматы, 1970. 11-бет.
  2. Григорян С.Н Великий мыслители Средней Азий. Москва, 1958. 12-бет.

3 . Хайрулаев М. Мировозрение Фараби и его значение в истории философии. Ташкент, 1967. 38-бет.

4.Ұлы Даланың Ұлық ұстаздары. Қаарағанды,2014,74-бет.

  1. ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» – Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.

 

Қобдабай  Қабдыразақұлы. 22  қаңтар   2020

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз