Біздің басты сорымыз неде?

0

Бұл посттың жазылуына Сингапур басшысы Ли Куан Ю дің еңбектерінің бір бөлімі арқау болды. Ол кісінің өз халқына қатысты «мен, я бұл халықты ұшпаққа шығарамын, я өлемін» деген ұстанымда болған кісі екендігі белгілі, сол мақсатпен бұл адам Азия халықтарын терең зерттеген екен. Оның сол жазбаларынан жапон халқы туралы деректерін мен айналып өте алмадым.
60 — 70 жылдары Жапония күрт даму жолына түсіп, бәрінен оқ бойы озып шығып даму көрсеткіші бойынша алдыға шыққасын, Сингапур басшысы Ли, өз еліне жапоннан мамандар әкеліп, «уа халқым, мына жапоннан кәсіп, ғылым — білім үйренейік» деп ұран тастайды. Жапониядан еліне компаниялар тартады. Халқын жапонмен қатар қойып жұмыс істетеді. Сонда ол өз халқының еңбек өнімділігі, жалпы көрсеткіштері жапоннан отыз пайызға төмен екендігін аңғарып дал болады. Бұдан соң ол жапон мамандарын жағалап, «бұның себебі неде, біз неге сендерден кембіз, қашан сендерге сапамыз жетеді» деп сұрақтармен төпелеп соңдарынан қалмапты. Оған жапондық инженер басында, «оған он — он бес жыл уақыт бар» деп жұбатса, оған Ли сеніңкіремепті. Сосын жапон инженері ашығына көшіп, «Ли мырза, сіздер ешқашан біздей бола алмайсыздар, оның бір себебі, әне қараңыз, біздің қатарлас жұмыс істеп тұрған екі жапон жұмыскерінің бірі қазір кете қалса, екіншісі оны жоқтатпай жұмысын жалғастыра береді, яғни, біздің жапон мамандары, жұмысты жән — тәнімен беріліп істейтін бесаспап жан жақты мамандар, бұл бір. Екіншіден, сіздерде оқу орынын бітіріп келген диплом құшақтаған мамандар шеттерінен бай — мырза, бастық боп отырады. Ал бізде күллі жапон әдетте еңбек жолын қаражұмыстан, төменнен бастайды. Өйткені бұндай тәжірибе оның кейінгі өміріне тым қажет. Сіздердің әуел бастан жүйелеріңіз дұрыс емес» деп кесіп айтыпты.
Жапондардың расында өз кәсібіне адал жұмыскер халық екендігіне оның көзі кейін жетеді. Ол Сингапурдегі бір компанияда істейтін жапон инженерінің жұмысында ағаттық жасап алып, сол қателігіне қатты өкініп асылып өлгенін естіп, Ли тіпті аң — таң боп таңғалады. Кейін жапонның портты қалаларының бірінде болған Ли, онда бір жапондық компанияның білдей бір вице президентінің портты аралау үшін әдейілеп барып кәстүмін шешіп, жұмыскер киімін киіп, жұмыс орынын аралап, ондағы жұмыскерлермен өзін тым қарапайым ұстағанына куә болады. Сондай — ақ ол тап сондай деңгейдегі батыс компания басшыларының құдды байбатшалардай «ролс ройс» мініп, үлкен сән салтанатпен жүретінін мысал ретінде келтіріп кетеді. Жапонның мәдениеті, мінезі, тәрбиесі бұлардан оқшау, бұларда бір тектілік бар.
Жалпы жапондар осы адалдық деген қасиетті бәрінен жоғары қояды ол рас, ана біз көріп жүрген «Хатико» фильмінде де жапон иті өз қожайынына деген адалдығымен күллі әлемді жылатты, кейде мен жапондар осы қасиетті итіне шейін үйрете ме деп ойлаймын.
Жапон компанияларының өздеріне жұмысқа келген жастарына қатысты саясаты — бізде айтылатын «еті сенікі, сүйегі менікі» деген ұғыммен саймасай екен. Яғни, олар кез келген жұмыскердің өздерінде өмір бойы қызмет еткенін қалайды. Сосын ол жұмыскерге бұл компания жақсы жалақы мен керемет әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз етуді өз мойнына алатын көрінеді. Жапон компанияларының өз жұмыскеріне төлейтін жоғары жалақысы бір бөлек, олар өз маманын оқытып тоқытуға, оның кәсіби біліктілігін шыңдауға миллиардтаған қаражат аямайды екен. Демек, қарапайым жапон жұмыскері дегеніміз — ол пәлен кәсіби курстарды, өз саласы бойынша түген тәжірибе алмасуды басынан өткерген бесаспап білікті және дәулетті маман. Тағы осы маманның компаниялары, оның жанұясына шейін кететін шығындарды (туристік жолдама, медицина қызметі т.б) өз мойындарына алатын көрінеді. Яғни, бұларда адамды еңбекке ынталандыру жұмыстары жоғарғы деңгейде атқарылады. (Бұндай жұмыс беруші үшін жан құрбан деуші еді бізде). Ал сол жұмыскерлер арасынан шыққан өнертапқыштар майға бөгіп керемет дәурен сүреді, «ақылды милы бастарға» бұларда сұраныс үлкен, сен тек ойлап тап та жұмыс істесең бопты. Ұзын сөздің қысқасы, жапон өкіметі мен жұмыс беруші компаниялары, өз халқының кәсіби — интелектуалдық деңгейіне, яғни сапасына сұмдық қаржы шашады екен. Бұлар бәрін адамға салады екен адамға, себебі басты байлық адамда. Бұндай қамқорлықтан кейін, адам түгел маймылдың да білікті маман, еңбекқор маймыл боп шығатыны анық. «Жапон феноменінің» бір құпиясы осында болса керек.
Өкінішке орай бізде, бұқара халық 100 мың теңге жалақыға байланып отырған елде бұндайдың біреуі де жоқ. Бізде тек «қазақ жалқау, біліксіз, надан және осы қалпымен кетеді, өзгермейді» деген берік көзқарастағы миллиондаған «сарапшы мамандар» бар. Меніңше бұл біздің басты сорымыз.
Жалпы жапондар халық ретінде ұяң, ибалы, әдепті, ұйымшыл халық (осы жері бізге ұқсайды) және бұлар өте ұлтшыл, мемлекетшіл,салт дәстүріне тым берік болады. Оны бәрі айтады. Бұл халықты сан мәрте табиғи апаттар (цунами, жер сілкіну, тайфун жиі болады) шайқап жатса да, бұлар апаттан соң ың — шыңсыз, сондай өлермендік танытып, таудай талабымен, асқан жігерімен сол қалаларын қайта тұрғызып әлек, сонда бұлар қол қусырып бір мұңаюды білмейді екен. 1992 жылы, Америкада, Лос Анжелесте су басып апат болғанда қалада хаос басталып, ұрлық пен тонау өршіп кетсе керек. Ал 1995 жылы жапон Кобе қаласында болған апатқа жапон халқы бір жұдырық боп жұмылып, халқын құтқаруға бір кісідей ат салысыпты. Сонда бірде бір тонаушылық — ұрлық факті тіркелмепті, тек қана жан жақтан жәрдем берген. Тіпті жапонның әйгілі «Якудза» қылмыстық ұйымы да апатқа көмек қолын созыпты. Тектілік пе, әрине текті халық.
Халықаралық психологтардың пайымдауынша, қарапайым жапондардың білім деңгейі, яғни IQ қабілеті, американдықтар мен еуропалықтардан да жоғары болады мыс. Себебі жапондар өз оқу орындарында математика, химия, физика пәндеріне баса мән беріп осы пәндерді қатты оқытады екен. Ал біз әлі ақындар мен физиктердің қайсысын таңдарын білмей жүрміз.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, егер осы әлемде қазақтың бір үйренбегі бар болса, ол өнеге осы азия суперхалықтарының бірегейі жапандағы жапоннан болмақ.

(Олжас Әбілдің Фейсбуктағы  парақшасынан  алынды)