Ақтөбенің екі тұрғыны «терроризм» айыбын ішінара мойындады

0

28 желтоқсанда Ақтөбе қалалық сотында терроризм айыбы тағылған ақтөбелік Қуанышбек Жайлаубаев пен Азамат Баймурзиннің соты басталды. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен құрылыс нысандарын күзеткен бұл екі азаматқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі («Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру») бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушы Эльдар Әбиевтің айтуынша, сотталушылар өздерінің жұмыс орны — күзетшілер үйінде отырып, «бірнеше адамның ой-санасын өзгертуге тырысқан». «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының идеяларын насихаттаған.

Судья Теміржан Алдановтың сөзіне қарағанда, тергеу материалдарында 2018 жылғы 5 мамыр күні жазылған сегіз сағаттық, 8 мамыр күні жазылған екі сағаттық бейнетаспа бар. Онда 30 жастағы сотталушы Азамат Баймурзин Қазақстан жері жазық дала екеніне өкініш білдіреді. «Егер біздің еліміз таулы аймақта орналасқанда қазақстандықтардың 70 пайызы муджахид болар еді, шариғат заңдарымен өмір сүрер еді» деген.

Судья мен прокурор стенограммаға сүйене отыра, сотталушылардан осындай ой-пікірлерінің неден туындағанын сұрады. Азамат Баймурзин «жай айтыла салған сөз, өзгелерді қарулы қақтығыс пен жамандыққа шақыратындай ниетім болған жоқ» деп жауап берді.

Тергеу материалдарында сотталушы Азамат Баймурзиннің діни ортада «Юсуп» деген атпен танымал екені көрсетілген. Сотталушы мұның да себебін түсіндіріп бере алмады. Өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.

Ал 27 жастағы Қуанышбек Жайлаубаев 2014 жылы «терроризмді насихаттады» деген айыппен сотталып, жазасын өтеп шыққан. «Түрмеден шыққан соң жұмыс та, өз ортамды да таба алмай қатты қиналдым» деген Жайлаубаев бірнеше жыл бұрын намазға жығылғанын, Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатынын айтты. Қуанышбек Жайлаубаев та өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап отыр.

Қуанышбек Жайлаубаев пен Азамат Баймурзин 2018 жылы 5 қыркүйек күні тергеу изоляторына қамалған. Оларға қатысты сот процесі 4 қаңтар күні жалғасады.

Дереккөз: Азаттық