Адал сүт емген қазақтың арда ұланы – Әміржан
(ӘМІРЖАННЫҢ ӘНІ)
«Социалистік Қазақстан» газетінің секретариатын шаңдатып жүрген кез. Ол кезде «СҚ»-ның атынан ат үркеді. Бұл редакция табалдырығын аттау екеудің бірін былай қойғанда, қаламының желі бар маңдайалды журналистердің өзіне бұйыра бермейтін бақыт. Ал біз сияқты өзге ауладан келген «филфактықтар» армандамаса да болады. Солай бола тұра «СҚ»-ға корректор керек болып қалған бір кезде біз сол жерден бой көрсетіп, ойда-жоқта дөй газет қызметкері санатына ілініп қалғанбыз. Одан әрі тіршілік өз ағымымен алып кетті ғой.
Өткенді еске алып, тәптіштеп жатқаным, сол екінің бірі маңайлай алмайтын, негізінде тек «Лениншіл жас» газетінде тәжірибе жинақтап, пісіп-жетілгендер ғана ілінетін «СҚ»-ға бірде: «ҚазГУ-дің бесінші курсында оқитын бір бала қабылданатын болыпты» деген әңгіме ұжым арасында гу ете қалды. «Маңдайының жұлдызы жанған ол кім екен?» деп баршамыз әлгі баланы көргенше алаңдап жүрдік. Көп күттірмей ол бала да бой көрсетті. Бала емес екен. Оны көре сала білдік. Кісі деуге де келмес. Бірақ өзі құралпыластардан анағұрлым биік тұрғандығы бірден көзге ұрып тұрды. Өзі құралпыластар ғана емес, өзге «қозықарындар» да ол жігітпен бой теңестіре алмайтынын ә дегеннен түйсінді. Алайда оның бойында да қазақы ауылда өскен балаларға тән биязылық бар еді. Аты-жөні — Әміржан Қосанов. Өзі бірден «Партия тұрмысы» бөліміне қабылданды. Алғашқы мақаласын да Талдықорған облстық партия комитетін сынаудан бастады. Өзінің жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттері қаламгерден гөрі, партия қызметкерлеріне көбірек келетін. Алайда түр-сипаты кино жұлдызы болатын адамға ұқсаңқырайтын. Әдетте біреуді мақтағанда: «Бой десең бой бар…» деп жатамыз ғой. Бойды қойшы, ол бой бізде де бар. Ол кезде толқынды қара шашпен де шендесе аламыз. Енді мұртына таласымыз жоқ. Көркіне де. Осы жерде қазақтың «Сегіз қырлы» деген тіркесі еріксіз тілге оралады. Иә, Әміржан Қосанов сондай «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт екендігін тез арада-ақ баршамызға танытып үлгерген еді. Оның гитарамен салған әнін алғаш тыңдағанда: «Шебер Құдай бір адамға барлық арда қасиеттерді үйіп-төгіп бере салады екен-ау» деген ойда болғанмын.
Содан не керек, Әміржандай жұлдызы жанып туған жігіттке көп ұзамай биліктің де назары түсті. Ол Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетіне бірінші xатшы болып шыға келді. Одан министрдің орынбасары қызметіне көтерілді. Сол кезде біздің жолымыз қайта тоғысты. Бұл — 1993 жыл болатын. Тәжікстанның бүлініп тұрған кезі. Ауғанды ауыздықтап тұрған тәліптермен жиі жанжалдасады. Содан бір келісімдерге орай Ауған-Тәжік шекарасын күзетуге біздің де 500 сарбазымыз сол жаққа аттанған. Солардың жай-күйін білуге бір топ журналист Тәжікстанға сапарға шықтық. Бағытымыз — Памир тауы етегіндегі Бадаxшон аймағы. Бір қауым елміз. Арамызда әскерилер де бар. Айтпағым, бізді сол сапарға Әміржан Қосанов бастап барған еді. Бұл — екі жақты мемлекетаралық шара болатын. Соған орай бізді Душанбе әуежайында үкімет адамдары қарсы алды. Сол кезде Әміржан өзін іскер басшы, білікті саясаткер ретінде таныта алған еді. Болмаса ол уақытта оның әлі 30-ға да толмаған кезі ғой. Бұл сапар туралы біз кезінде «Бағы тайған Бадақшон» деген көлемді мақала жазғанбыз.
Кейін Әміржан Үкіметтің Баспасөз қызметі жетекшілігіне ауысты. Оның алмастай жарқыраған уақыты осы кез. Біз Үкіметті Әміржан Қосанов деп білетінбіз. Ешқандай министр онымен абырой, танымалдық жағынан шендесе алмайтын. Тіпті «Президенттің газетіміз» деп шалқақтайтын біздің өзіміздің Әміржан шаңымызды қағып алатын. Одан желкесі күжірейген талай мықтылар аяғын тартатын.
Сол Қосанов, биліктің жоғары лауазымды орынтақтарында ғана бой көрсетуі тиіс Қосанов, бір күнде бәрінен өз еркімен бас тартып, қарсы жағалауға кетті. Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Ол адал сүт емген қазақтың арда ұланы еді. Сондықтан екіжүзділікке бара алмады. Содан бері өзінің саф, таза, адал қалпын сақтап келеді. Сақтап қана қойған жоқ, сол дегдарлықты қазақ билігі бойынан да көргісі келіп, осы жолда аяусыз күрес ашты. Нәтижесі, ағарған шашты айтпай-ақ қоялық. Оның ең басты жетістігі — xалқы оған сенім артты. 22 жыл бойы жүргізілген толассыз күрес Әміржан Қосановты Президент орынтағына үміткер ретінде алып келді.
Рас, одан өзге де алты үміткер бар. Осы жерде біздің ойымызға Әміржан салған ән еріксіз орала береді дә. Себебі… Кейінгі кезде осы президенттер ән салғыш болып кетті ғой. Елбасыда да әуезді қоңыр дауыс болатын. Ана Түркімен президентінің қолынан гитара түспейтін болды. Бұл өнерден Путин де құралақан емес. Соған қарағанда президент болатын адам ән сала білуі керек-ау демін дә. Ал Әміржанның әні… Оны тек тыңдау керек.
Құдияр Біләл, FB парақшасынан