5 Алтын Діңгек – Назарбаевтың 7-атасы туралы тарихи дерек

- Жарнаманы баса кетіңіз -

(Осы жұрт Сақтан биді біле ме екен?)

 

 

Көшек ұлы Сақтанмын,

Тау бауырлап жатқанмын.

Қырғызға қарсы қырқадан,

Қарасай болып аттандым…

Отызға жасым келгенде,

Алла билік бергенде,

Қырғыз бен Қоқан арасын,

Жалғайтын елді басқардым…

– Сақтан Көшекұлы

 

Жер жүзіндегі елдігі бар халықтардың көп сандысы өзінің қалыптасу, келу тегін әр ғасырдағы хандық-патшалықтардың құрылу, өркендеу және қоғамдық құрылымның жаңалануын, ондағы ықпал еткен тарихи тұлғалардың қалыпқа түсіріп, маңызы бар дүниелерді ғылыми айналымға салып үлгерді. Тәуелсіздігіміздің арқасында ғана жоғымызды түгендей бастағанымыз белгілі. Көрші империяларға бодан болған ұлтымыздың бірбөлім жәдігерлері мен төл жазбалары ХХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ тоналып, өртеліп, жиналыстырылғаны да мәлім. Осындай себептермен шарасыз қалған зерттеуші-ғалымдарымыз қазақ тарихында жазба деректер болмаған немесе сақталмаған деген санамен орыс және қытайдың мұрағатында бізге қажетті тарих жасырулы деп телмірумен келді.

Көрші елдердің кейбір жалған жазылған фактілері де айналымға түсіп, ұлтымыздың дүниеге өз көзімен, өз болмысымен қалдырған жазба деректері ескерусіз қалды.

Қазақтың тарихы және шежіресі төл жазбаларды ақтарып зерттегенде ғана дұрыс қалыпқа түспек. Өз ғұламаларымыз жазып қалдырған төл қолжазба және кітаптарды пайдаланбай ұлт тарихы дұрыс арнаға бет бұруы қиын.

Бүгінгі ортаға саларымыз қазақ мемлекетін нығайтуда, гүлдердіруде, ұлт бірлігін сақтауда өлшеусіз үлес қосқан, өз заманында халқы «Бес барлық», «Бес алтын Діңгек» деп ардақтаған ұлы билеріміз хақында болмақ. Осындай аса құнды деректерді тері кітап ретінде қалдырған заманының заңғар тұлғасы Сақтан Көшекұлы 1753 жылы Алатаудың қазіргі Үшқоңыр өңірінде дүниеге келген. Сақтан туған кез шапырашты Қарасай батырдың соңғы жорықтан жеңісті қайтқан шағына тура келіпті. Түркістанда Абылай хан жайған жеңіс дастарханынан дәм татып, ауылға қайтарында кіші жүзден шыққан атақты Жайлыған әулие батырға былай депті:

«Ұлды боласың,

Сөз бермес шулы боласың.

Қылышпен емес сөзбен қайтарар,

Қазаққа сыйлы боласың.

Қарасай атың ғасырлап өшпей,

Екі дүниеде нұрлы боласың,- дей келіп, – немереңнің атын Сақтан қой» дейді.

Сақтан ауыл молдасынан оқып тіл сындырып, ескіше сауатын ашады.

Орынбордан екі жыл оқыған Сақтанның білім аясы тіпті де кеңи түседі. Әкесі Көшек ұлын сыншы адамдардың тәрбиесіне табыстайды. Ол ру ішіндегі және руаралық билер кеңесіне қатысып, ел басқарудың қазақи қағидаларын сіңірумен қатар ел шежіресін, жер шежіресін игереді. Зерек те, шешендігімен, турашылдығымен көзге түсе бастайды. Бозбалалық дәуірге қадам қойған Сақтан сал-серілік өмірін де бастайды. «Ай, Қаракөз», «Сары дала», «Елім менің осындай», «Марқалым» әндерін, «Асқар тау», «Маңмаңгер» күйлерін шығарады.

Сақтан Көшекұлы 28 жасында шапыраштының биі болады. Сақтанның ел танып, аға билерден, сыншы ұстаздарынан жөн-жосық ұғып, жаңадан танымал болып келе жатқанда айтқан билігі деп ел аузында қалған мынадай дерек бар. Қоңсы отырған жалайыр мен шапырашты арасында жер таласы туып, жалайырдағы рубасылары күшке басып, жағдай ушыға бастайды.

Елдестіру міндетін үстіне алған Сақтан сонда:

Таласқан жеріңнің тамыры қанша,

Таласқан көліңнің балығы қанша?

Жігіттеріңді жауға дайында,

Қылыш ұстайтын қаруы болса.

Ұл менен қыздан бір туған елсің,

Ата дәстүріңнің қадірі болса.

Қазақ пен қазақ ырылдаспасын,

Имандарыңның сабыры болса. – деп төкпелегенде сөз қасиетін түсінетін ел ағалары қарсы уәж айта алмай, Сақтан үкіміне тоқтайды.

 

Көпшілікке жұмбақ болған Бес алтын Діңгек кім?

 

Бес алтын Діңгек – Уәли хан әмірін жүргізген қырық жылда (1782-1822) ел басқару ісіндегі ең көрнекті тұлғалар тұғын. Бесеуі бес барлықтың иесі еді. Олар:

  1. Жас барлық – жарықшақтың тайпа биі Жамбыл (ол кезде албан, суан, дулат рулары жарықшақ деп аталатын). Жамбыл арғы атасынан 99 жас ғұмыр көріп, ұзақ өмір сүрген әулеттен еді.
  2. Дес барлық – жасайтынан дес қонған, Қызыр шалып бақ қонған, Уәли ханның жарлығымен наймандарға хан болған Атақара.
  3. Сөз барлық – шешендіктен алдына жан салмаған, сөздің киесі қонған шапыраштының тайпа биі Сақтан.
  4. Мал барлық – дархан дастарханды, көлдей ырыс қонған ашамайлы керейден шыққан Тайлақ би.
  5. Бас барлық – емшілігімен даңқы шыққан адайдың биі Наурыз.

Бес барлық қазақ хандығының кеңестеріне қатысып, үлкен даулар мен қақтығыстарды шешіп, елдің ішкі-сыртқа саясатына қатысты елеулі мәселелерде Уәли ханға ақылшы болып, ел бірлігін нығайтуда зор рөл атқарған қоғам қайраткерлері. Қазақ халқының да, Уәли ханның да Алтын Діңгек деп атауы бес барлықтың ата тегі де мықты һам халық жүрегіне терең ұялағандығы болды. Сондықтан Уәли ханның дәуірін Бес алтын Діңгектен, Бес алтын Діңгекті Уәли ханнан айырып зерттеуге болмайтын қазақтанудағы аса маңызды қырық жыл.

Сақтанның атақты би болғанын дәлелдейтін деректер Атақара ханнан сақталған қолжазба және арнаулы басылған кітаптарда кездеседі. Біз мұнда Сақтанның өзі жазып қалдырған тері кітаптан деректейміз. Сақтан би бұл жәдігерде қазақ ханы Уәлимен арадағы кездесуді былай баяндайды:

Сіз мені би қылдыңыз,

Ел сүйер ұл қылдыңыз.

Тапсырып оң қанатты,

Дұшпанды күйдірдіңіз.

Қазақтың ханы екенін,

Еңселі білдірдіңіз.

Жолымен Абылайдың,

Халықты жүрдірдіңіз.

Жоғалар естеліктер,

Ұмтылмас сый қылдыңыз.

Бес алтын Діңгек қойып,

Далаңды нұр қылдыңыз.

Патшаның салтын ұстап,

Хан сайлап үлгірдіңіз.

У-шусыз елді билеп,

Қоқанды құл қылдыңыз.

Қиянат болар ма екен,

Өшпейтін із қылдыңыз.

Еленбес еңбегіміз,

Шешілмес сыр қылдыңыз.

Ұмытар ұрпақтар да,

Деген ой тудырдыңыз.

 

Енді Уәли ханның қайтарған жауабына үңілейік:

 

Оу, жарадың барлығым,

Сезіп бопсың барлығын.

Біз жайлы тарих үзілер,

Сатқындық талай білінер.

Менде сүйдім елімді,

Сенде сүйдің еліңді.

Мен патшамын сен бисің,

Неше жыл бізді сөндірсін.

Жарық етіп қайта шығамыз,

Аластанып кінәміз.

Ұрпағың сенің Сақтан би,

Қарадан туып хан болсын.

Қабырда тынш жатармыз,

Жаппар Алла жар болсын.

 

Бұл сөздерге үңілгенде мынадай қортынды шығады: Сақтанның шапыраштының ғана биы емес, Қазақияның оңтүстік жағалауындағы руларды басқарған үлкен би екендігі, «Тапсырып оң қанатты, дұшпанды күйдірдіңіз» деген тармақтардан шапраштымен қанаттас жатқан һам аталас сіргелі, шаншықылы, ысты, ошақты қатарлы үлкен рулардың үстінен қарайтын тайпа биы екендігі айқындала түседі. Қоқан хандығының Қазақияға салық төлейтін боданды ел екендігі тайға басқан таңбадай аңғарылады.

Сақтан ұрпағынан ел ағасы туатындығы, Бес алтын Діңгек деп халықтың құрметіне сай Уәли ханның да тілектес болып хан кеңесінде «Лауазым» бергені, алайда ханның да, Алтын Діңгектердің де еңбегі ескерілмей қалатындығы, ақырында жарық етіп шығатындығы баян болады.

Енді ат басын шапырашты шежіресіне бұралық:

Шапрашты – Малды ыстық – Еміл – Есқожа – Алтынай – Қарасай – Көшек – Айдар – Мырзатай – Кенбаба – Еділ – Назарбай – Әбіш – Нұрсұлтан. Осы ата-бұтарда Көшек пен Айдар аралығында түсіп қалған Сақтан есімі. Уәли ханның Сақтанға: «Ұрпағың сенің Сақтан би, Қарадан туып хан болсын» дегені бүгінгі көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлын меңізегені. Рухани жүрегі ашылған даналарымыздың болашақты сезгені, Алланың ауызына салғаны дер едік. Сақтан биден қалған бұл тері кітап бізге көп тарихтың сырын шертеді.

Мұнда жазылған әрбір сөзге назар салғанда Уәли хан тұсындағы қазақ халқының бақуатты болғандығы, әскери күш-қуатының аса мығым екендігі, Уәли билігі орта жүзді ғана емес ұлы жүзді де, кіші жүзді де шарпып жатқандығы сол заманның сөзімен анық байқалады. Қазақ мемлекеті тұрақты 300 мың атты әскер ұстап тұрған ірі ел екендігі, Уәли ханның ел астанасын Түркістаннан Орынборға көшірмекші болғандығы жазылған.

Абылай хан халқын талай қан кешулерден өзі бас болып алда жұрып батырлығымен де көзге түсіп мемлекет басқарса, Уәли хан соғыс толастаған заманда айлакер де ақылдылығымен әкесі салған сара жолмен жүріп, әкесі бойсындырған Қоқан мен қырғызды уысынан шығармай салық төлетіп, ішкі-сыртқы қатынастарды мықты меңгерді. Оның үстіне Мамырсу бітімінен кейін қазақ халқы еселеп өсуге бет алғандықтан Уәли хан әмірші болған қырық жылда жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаулап өсті. Сондықтан да әскери қуатына, халқының бірлгіне сенген хан Уәли ел жүрегін Орынборға жылжытуды ойлады һам кеңес қылды.

Мұнан Шар патшаның ірге кеңейтуіне қарсы болып қазақ жерін таптатпай бетін сонан ары қайтарғысы келгенін байқау қиын емес.

Уәли хан қорғанысқа 100 мың әскер тұрғызып алты Алашқа той беріп, артынан хан кеңесін шақырады. Бес алтын Діңгекпен ел ісін ақылдасады. Міне осы барысты Сақтан Көшекұлы былай баяндайды:

Патша бізді шақырды,

Түркістандағы бегіне.

Билігін бір көрсетпек,

Алыс-жақын еліне

Тойдың соңы жиын боп,

Сансыз үй тіккен көбіне.

Бес адамды шақырды,

Сұрау салып тегіне.

Уәли ханмен алты адам.

Жайғастық орда төріне.

Уәли хан алғаш сөз алды:

Бес алтын Діңгек бесеуің,

Қазақтың халын сендермен,

Ақылдасып шешемін.

Қазақтың байтақ жері кең,

Орынборға көшемін.

Біреуіңде дес артық,

Біреуіңде сөз артық.

Біреуіңде жас артық,

Біреуіңде бас артық,

Біреуіңде мал артық,

Ел тізгінін алыңдар,

Қаратпа маған алартып.

Найманнан шыққан арада,

Атақараның тағы артық.

Бесеуің бірдей мен үшін,

Барлық болдыңдар ой артық.

Тыныштық болсын тек қана,

Алаштың болсын бағы артық.

Дауларыңды өзің шеш,

Ел сенімін алма жоғалтып,

Ал маған қандай кеңес бар,

Деп тоқтады Уәли хан.

 

Қазақ патшасы Бес алтын Діңгекпен ел ісін кеңесуге осылайша сөз тастайды.

 

Рұхқат сұрап патшадан,

Жамбыл барлық сөйледі.

Елімді адал басқарам,

Жан емеспін өлмелі.

Бізге Алла жас берген,

Ұзақ өмір сүретін,

Дулатпыз жүрген жердегі.

Жасы үлкені мен екем,

Осы отырған төрдегі.

Осы жас қалар жалғасып,

Ұмытсада ел мені.

Тыныштық болған бұл жылдар,

Қырық жыл болар ең кемі.

Ұрпақтар өзі жазбаса,

Мен айтпаспын көрдегі.

Мәртебелі патша ием,

Дос көремін мен сені.

Еленбеспіз ай қайдам,

Бағаланбай еңбегі.

 

– деп Жас барлық атанған жарықшақ биы Жамбыл алдымен шешіледі. Енді матай найманнан шыққан Дес барлық Атақара хан кезек алады:

 

Екінші кезек сөз алып,

Атақара бастады.

Алты алашың жиылып,

Билігңді растады.

Ұш жүз мың қолың жиналса,

Бұлттанар жаудың аспаны.

Сізбен бірге өшкіндер,

Бес барлықтың аттары.

Тасқа ұрылып шағылар,

Жаудың құрған қақпаны.

Рақмет, мені хан қылдың,

Найманнан қалап алдырдың.

Естен шығып кетерміз,

Жазуы болса тағдырдың.

Өзің берген жарлықты,

Естелік қылып қалдырдым.

Алтауымыз бір дене,

Жаны бөлек әркімнің.

Дегенімен бірмыз ғой,

Қатарға алып тең қылдың.

Деп тоқтады хан досым…

 

– деп баяндай келе, Сөз барлық Сақтан би өзінің айтқанын жазады:

 

Маған кезек келгенде,

Сөз шығар жүйрік желден де.

Уәли ханға мен айттым,

Ант берем сендерге.

Жетінші ұрпағым хан болып,

Қарадан туып келгенде,

Алты Алашты ұғар бар әлем,

Бағын Алла бергенде.

Мың құбылар ол заман,

Көнбейді уақыт жерлеуге.

Бата беріңдер барлығың,

Болса екен патша десі артық.

Үзілген тарих жалғасса,

Алаш үшін несі артық.

Қырғыз, Қоқан, Өзбектен,

Алашым менің көш артық.

Бет сипады барлығы,

Барлық күннен осы артық.

 

Дәл осы арада талас тудырып жүрген бір түйін ой бөледі. Алты Алаш дегеніміз туысқан ұлттардан емес, қазаққа тірек болған алты ру(тайпа) екендігі. Тарихшыларымыз осы күнге дейін бір ауыздан кесім айта алмай жүрген Алаш атауы екі ғасырдың алдындағы ұлы билердің сөзінен шешімін табады.

Бас барлық атанған Тайлақ би бүй дейді:

 

Төртінші кезек сөз алып,

Тайлақ би кетті көсіле,

Мәртебелі патша ием,

Алыптың бізді есіңе.

Түркістанді түбір қыл,

Көшемін дейсің несіне.

Орынбор, Қорған, Қазаның,

Жат қолына өтеді.

Жер нұсқаңды айқында,

Қауқарың оған жетеді.

Сен салмасаң сара жол,

Шашырап Алаш кетеді.

Аманат болып қалсын жер,

Алаштікі екені.

Әрекетті қылмасаң,

Ұмтылып бәрі кетеді.

Таланып кетер бекерге,

Алаштың байтақ мекені.

Ұмытылармыз келісем,

Бізден де дәурен өтеді.

 

Соңында сөз алған Мал барлық атанған Наурыз би былай дейді:

 

Ең соңында сөз алған,

Наурыз би кетті саңқылдап,

Аппақ жүзі жарқылдап,

Отты көзі жалтылдап.

Мәртебелі патша ием,

Қадырлысың еліңе.

Атақ беріп біздерге,

Қостың алғы шебіңе.

Ұмытылармыз ол айқын,

Жете алмадым еміне.

Мәңгілік халық болар ек,

Көк ту шықса көгіңе.

Бір өзіңе қол бердік,

Қосылып сенің тегіңе.

Күн туады ол келді,

Көп естелік тербелді,

Бақыттымын шынымен,

Құдай қосқан сендерді.

Деп тоқтады Наурыз би…

Сақтан би Уәли ханымен Бес алтын Діңгектің кеңесін өлең тілімен осылайша өрнектейді. Бүгігі көк туы желбіреген, мәңгілік ел құруды армандаған бабалар сөзі қазақ хандығына басқа ұлттың көзімен қарап дағдыланған біздерді терең ойға батырады. Бұл кеңестен алар тағылым, түйер ойларымыз мол. Орынбор, Қорған, Қазан қатарлы жерлердің басқа ұлттың ұпайына жазыларын ол заманда ешкім ойламаған болуы мүмкін. Осы маңызды кеңес арқылы Түркістанды түбір етіп қалады. Алты Алаштың сол тұстағы және ғасырлар кейінгі болашағына бас қатырады.

Сақтан би Уәли ханнан кейін баянды билеуші болмайтындығын ашық білдіреді. Мұндағы Уәли ханға аса ауыр тиетіні Алтын ордадан тартып салтанат құрған төрелерден билік бағының таюын Сақтанның аузынан естуі саналды. Қазақ басына түскен талық заманның қортындысы биліктің үлкен үзіліске апаратынын, алда болатын ақиқатты Уәли жылы қабылдайды. Сақтан өзінің жетінші ұрпағы әмірші болған кезден бастап сара жол салынып, елдігіміздің мығымдалатыны баяндалады. Қысқасы қырық жыл қазақ халқы үшін қаймағы бұзылмайтын алтын дәуір екендігі, жер нұсқа деп шекараны айқын тұрақтандырудың кешіктруге келмейтін ұлы жұмыс екендігі Алтын Діңгектердің құнды пікірлерімен сөйленеді.

1806 жылы Сақтан би мен Атақара ханның қажылққа аттанған тарихи сапары болды. Мекке мен Медине шаһарында қажылық парызды сапарлас қырық адаммен өтеп қайтар жолда Осман империясын аралап қара теңізге дейін барып, сосын Бағдад, Шам қатарлы тарихы ұзақ шаһарларда болады. Тері кітаптің «Расуылалланың басында» деген баянында:

Хақ пайғамбар Мұхаммед,

Расуылалланың басында.

Қажы қылып мен бардым,

Елу екі жасымда.

Қырық адам шұбатқан,

Атақара бар қасымда.

Түсіме кіріп пайғамбар,

Айт деді маған жасырма.

Текті үмбетім ежелден,

Қазақ деген расында.

Кәлимаға тіл берген,

Тілмен қоса діл берген,

Тұлпар мінген астына,

Сөзімді менің нақтыла.

Қараңнан туған ханыңның,

Уағында үмбетім,

Бөлінер сансыз ағымға,

Жолдас болма сағымға.

Қазақ жайлы айтқаным,

Жетпеді әлі сендерге.

Бар ақиқат ашылар,

Бір Алланы көргенде,

Деп қоштасты Пайғамбар.

 

Ислам дінін танушы ғалымдар мен зерттеушілер үшін аса маңыздысы ақырғы Пайғамбарымыздың қазақ туралы айтқан хадистерінің жарияланбай құпия жатқандығы. «Текті үмбетім ежелден» деуінде үлкен сыр және мағына жатыр. Ақырғы Пайғамбар ислам шуағын шашудан бұрын да тек бір жаратушы бар деп күмәнсіз нанған ар-намыс, ұят, обал-сауап дегенді бесігінен тәрбиемен сіңірген дана халқымызды «Тұлпар мінген астына» деп ашалап айтады. Жер бетіндегі сансыздаған халықтар ішінде хақ жолынан таймаған абзал үмбетінің бірі қазақ екендігі, ислам дінін еш қарсылықсыз қуана қабылдаған, нағыз жүрегімен иман келтірген Ханафи мәзһабымен дұрыс жүрген халқымызды ұғамыз.

Кейінгі кезде ғалымдарымыздың қазақ туралы жазып жүрген көк тәңіріне, отқа, бөріге табынған деген ұғымдар түсіндірудегі ауыр ағаттық болса, енді бірі теріс ағымдағылардың көзімен қарау дер едік. Бөріні аң еркесі деп оның табиғатындағы өмір сұру қуаты мен ақылдылығын құрметтеуді табыну деп теріс айналдырып түсіндіру салтқа айналған. Сахара халықтары үшін от өте маңызды болып саналған, жыртқыш аңдарда отты көргенде зиянын тигізбей аулақ жүрген. Отың сөнбесін, шырағың өшпесін деген қазақ ұғымы отқа табынуды емес, қайта өмірдің жалғасуын, бата-тілек мағынасын береді.

Сақтан бидің жетінші ұрпағы елдің ноқта ағасы болған шақта ұлттың азғындайтыны, исламның сансыз ағымдарға бөлінетіні ашық айтылады. Себебі, құдайсыз халықтардың езгісіне ұшырап салт-дәстүрден, діннен алыстап кеткен ұлттың басындағы рухани жарақаттың тәуелсіздік алған тұста асқынуы және ислам дінінің қолмен жасалған ағымдарға бөлінуінің көрінісі еді. Қысқасы, хақ Пайғамбарымыздың әрбір сөзі аса ыждағатпен зерттеуді қажет ететін тақырып саналады.

Бес Алтын Діңгек Жамбыл, Атақара, Сақтан, Тайлақ, Наурыздың ең соңғы басқосуы 1822 жылғы Тарбағатайдың Барлық тауы баурайында өткен Қожаназар асы болыпты. Атақара хан әкесіне Алаш және түркі халықтарын шақырып ас өткізеді. Бұл асқа Шар патшасы ең жоғары әскери алтын медаль мен хат жазып әскери ұлығынан жіберсе, Манчын үкіметі де арнайы адам жібереді. Қазақтың атқа мінер би-шешендері, әнші-күйші, батыр-бағылан, әулие-сыншылары, түркі халықтарынан татар, башқұрт, алтай, өзбек, тыва, кахас, ұйғыр, қырғыз, ноғай, түрік, түркіменнен көп қонақ келеді. Бұл қазақ ұлтының береке-бірлігі мен қаймағы бұзылмаған салт-дастүрін әйгілеген сахарадағы ең соңғы басқосуы болды.

Ас соңында дараланып қалған бес барлық алты Алаштағы түйіншектеліп жүрген дауларды шешеді. Қазақ пен қазақ араздасып арасына ірткі түспеу үшін әділет барынша салтанат құрады. Қазақ баласы атақты ас, дүбірлі тойда шешім бермей жүрген мәселені ортаға салып дұрыс бітім жасауы атадан жалғасқан салт болатын. Осы асты өткізген қызай наймандардың ұлы нағашысы деген жосынмен жол беруі бойнша ас батасын тоқсанның тоғызына келген жарықшақ биі Жамбыл жасап жұртты таң қалдырады.

Сонда кіші жүз жерінен жеткен Атақараның көне досы қазақ даласының талай дүбірлі басқосуларында топ жарған Көтбар ақын шабыттанып әйгілі «Бес барлық» деген өлеңін шығарыпты.

Ол Атақара ханға қаратып:

 

Алла берсе дәулет басыңа,

Бес барлығың келер басыңа.

Дес боп орнар осы жасыңа,

Таймасын мәңгі бағың осында.

 

Десе, Сақтан биге қаратып:

 

Сиқыр тілдің байлығы,

Сөздің болсын түйіні.

Тас жаратын қызыл тіл,

Толқытып шешкен жүйені… – дейді.

 

Тайлақ биге қаратып:

 

Жайсаң жатқан еліңде,

Ес болатын басың бар.

Басыңды сыйлар жасың бар,

Жасқа айтар сөзім бар…

 

Жамбыл биге қаратып:

 

Алла түйсік бермесе,

Жүз жасауың не керек.

Балаңа сөзің жүрмесе,

Көш бастауың не керек.

Әкеден ұл туғанмен,

Шешеден қыз туғанмен,

Әкеден мал қалғанмен,

Баста дәулет болмаса не керек?..

 

Науырз биге қаратып:

 

Ботада тайлақ болған осында,

Тайлақ та бура болар жосында,

Бура үшін міндеті,

Ие болар қосынына…

 

– деп бесеуіне деген бағасын һам тілегін шешен тілмен жырлапты…

Бір қолдың бес саусағындай бірге жұмылып ұлты үшін еңбек еткен бес Алтын Діңгек осы жылы тірегінен айырылды. Алаш жұрты қара жамылды. Ол Уәли ханның ақырет сапарына аттануы еді. Осы ауыр қазадан кейін Уәлидің де, Алтын Діңгектердің де сезгеніндей қазақта хандық жүйенің қадыры қашып баянды болмады.

Сақтан бидің қай жылы дүниеге келгенін, қай жылы дүниеден қайтқанын Атақарадан қалған деректерге негізделіп тұрақтандырдық. Ал, Атақара Қожаназарұлы Аякөзде 1757 жылғы Мамырсу бітімі атасы Жолболдының он екі қанат ордасында отуымен келесі барыс жылы туғаны жазба деректерде анық сақтаулы.

Сақтан Көшекұлы көз жұмардан бұрын Атақараға арнайы кісі жібертіп алдыртыпты. Сонда Сақтан би бақұлдасу сөзін айтып, әулиелік қасиетімен Атақара ұрпақтарында тарихтың сақталып қалатынын сезіп, өзіндегі 2 кітапты аманаттап тапсырады. Қалған мұраларын Сыр бойындағы Үңгіртасқа бекіткені жайлы айтады.

Өз өмірін туған халқының берке-бірлігіне, тұтастығына арнаған, артына өшпес із, мол мұра қалдырған бес Алтын Діңгектің бірі сара жол салған Сақтан би Көшекұлы Алатаудың Қордай баурайында 1828 жылы 75 жасында дүниеден өтіп, сонда жерленді.

Мен – Мұратхан Шериязданұлы бес Алтын Діңгектің бірі Атақара ханның бел ұрпағымын. Сақтан биден Атақараға аманат болып қалған осы тарихты жариялаудың сәті енді түсті.

Бұл мұра – ұлт Көшбасшысының алға қойған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құнды жемісі боларына сенеміз.

 

Төменде Сақтан би Көшекұлының аманат еткен кітабынан алынған сөздерін  назарларыңызға ұсынамыз.

 

Көшекұлы Сақтанымын,

Тау бауырлап жатқанмын.

Қырғызға қарсы қырқадан,

Қарасай болып аттандым.

Тоғыз жасқа келгенде,

Ел тыйымын жатқа алдым.

Он бір жасқа жеткенше,

Жаппардың сөзін атқардым.

Он бес жасқа жеткенше,

Әкенің жолын атқардым.

Отызға жасым келгенде,

Алла билік бергенде,

Қырғыз бен қоқан арасын,

Жалғайтын елді басқардым.

Қызғаншақтар қызығып,

Алды-артынан мұз ұрып,

Ағайын ара бүлігіп,

Туыстан туыс түңіліп.

Кержақпен сыйлы болам деп,

Заманың кетер құбылып.

Әйелден еркек суынып.

Жат төсекке сұғынып,

Іштен шыққан жау жаман,

Қашанғы өтер тығылып.

Төрелер жасап тарих,

Тарих қалар үзіліп,

Билігім қалар үзіліп.

Ғасыр аунап жыл аунап,

Рухымыз жаңғырып,

Кеткен тарих қаңғырып,

Ұрпағым билік құрады,

Ел болар қазақ мәңгілік.

 

 

Сарыарқа бақша болады,

Ту жабысқан ақша болады.

Жетінші ұрпағым нұры тасыған,

Отыз жыл патша болады.

Ұрпағым жалғастырса,

Бейбіт заман болады.

Қазақ елі аман болады.

Дала қала болады,

Түрікке қазақ аға болады.

Бір көзі қысқ,

Шығыстан келген,

Қазақтан туған бала болады.

Халқының сөзі жоғары жетпей,

Желінер пара болады.

Жағылар көп қара болады.

Иығы тең боп әлем елімен,

Талай ұлытқа пана болады.

Ғасырлық қойған жоба болады,

Әттең қазақ қақ бөлінеді,

Дінсіздер қызға бақ көрінеді.

Қойшының ұлы патша болам деп,

Түсінде тақ көрінеді.

Шешілмейтін арыз болады,

Халқы қарыз болады.

Хандықтың қадірін білсе,

Ұрпаққа аңыз болады.

 

 

Әйел баладан қашады,

Іні ағадан қашады.

Дүниені табу үшін,

Еркектен әйел асады.

Жүректен бірлік кетеді,

Азаматтан тірлік кетеді.

Зекетсіз байлар көбейіп,

Түбіне құлдық жетеді.

Қымыздың орнын ашты су басады,

Әйелдің ауызынан көк тұтын шығады.

Қыздың бұрымы қиылады,

Некесіз бала туылады.

Ұрпағым патша болғанда,

Заман солай құбылады.

Жағымпаздар шенді болады,

Қияметтен белгі болады.

Дұрыс пиғылы қате көрініп,

Кедейлер сорлы болады.

Шындықты бәрі білгісі келеді,

Атаның жолымен жүргісі келеді.

Рухымыз қайта жаңғырып,

Айналып бір күн белгісі келеді.

Аманат болып осы жазғаным,

Мәңгілік болып тұрғысы келеді.

Осы жазған естеліктерім,

Басқа адамның қолымен жетеді.

Тарих болып айналып келіп,

Ұрпақтарымның қолына жетеді.

Рухани жүрегі ашық,

Бір адамның ойынан өтеді.

 

Мұратхан Шериязданұлы, тарихшы

 

(Мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады. Көшіріп басу сайт редакциясына жазбша өтініш арқылы жүзеге асырылуы керек)

Загрузка...