13 жасында тұрмысқа шығып, 14 жаста босанған: Он екі баланың анасына 5 бөлмелі пәтер берілді (видео)
Ойда-жоқта баспаналы болған көпбалалы ана көз жасын тоқтата алмады
Шымкент тұрғыны Айсұлу Жәлелқызы 13 жасында тұрмысқа шыққан. Бүгінде 12 баласын тәрбиеелп отырған әйел қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Көпбалалы отбасының жағдайына бей-жай қарай алмаған «Харекет» қоры оларға үй алып берді.
Бұл туралы Qazaqstan арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Айсұлу Жәлелқызы жетімдіктің тауқыметінен қашып, 13 жасында тұрмысқа шығып кеткенін хабарлаған едік. Бүгінде пәтер жалдап тұрып жатқан әйелдің 12 баласы бар. Ол 14 жасында ана атанған. Балаларының алды 21 жаста болса, кенжесі 1-ге толмапты. Ол пәтердегі тұрмысының қиын екенін, пәтер иесіне балаларының көп екенін білдірмеу үшін, оларды шкафтың ішіне жасыратынын айтқан еді.
Бұған дейін кәсіпкерлердің бірі оларға үй жалдап берген. Алайда ол үй сатылып кетіп, босатуына тура келіп, қайда барарын білмей дал болған.
Ендігі 12 баланы дүниеге әкелген батыр анаға пәтер жалдап күнелтіп, перзенттерін жасырудың қажеті жоқ. Себебі «Харекет» қоры көпбалалы отбасыға Шымкент қаласынан 5 бөлмелі пәтер алып берді. Осылайша, қор өкілдері ұлттық арнаның «Шаңырақ» бағдарламасында Айсұлу Жәлелқызына 79-ыншы үйдің кілтін табыстады. Мұндай жаңалыққа қайран қалған батыр ана көз жасын тоқтата алмады.
«Әлемдердің Раббысы аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың қалауымен, және де жаны жомарт текті қазақ халқының қолдауымен республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры тағы бір отбасының қуанышына себепкер болып, 79-ыншы баспананы Шымкент қаласының тұрғыны, 12 баланың анасы Айсұлу Жәлелқызына табыстады. Осы берекелі шараға ат салысып, қолдау көрсеткен Қазақстан Халықтар ассамблеясына және Qazaqstan ұлттық арнасы ұжымына, Харекет қорының барша салымшыларына, сондай-ақ Мадияр Серікбаев бастаған «Өнер қырандары» ұжымына, және де «Харекет» қайырымдылық қорының Түркістан облысы бойынша белсенді еріктілер тобына және Харекет қорының барша ұжымының атынан ерекше алғыс білдіреміз!» — деп жазады қордағылар.
stan.kz