Жұманғарин әкімдерге наурыздың соңына дейін көкөністерді түгел сатуды тапсырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Жұманғарин әкімдерге наурыздың соңына дейін көкөністерді түгел сатуды тапсырды

Жұманғарин әкімдерге наурыздың соңына дейін көкөністерді түгел сатуды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Өткен сенбіде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.

Ақпан айының басынан бері бағаның орташа өсу индексі 0,5%-ды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен (1%).

Мемлекет басшысының инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында апта сайынғы кеңесте бағаның ең жоғары өсімі тіркелген өңірлердегі жағдайды мақсатты түрде қарау туралы шешім қабылданды. Жыл басынан бері мұндай өңірлер қатарында Маңғыстау облысы (ӘМАТ бойынша өсім – 2%) және Түркістан облысы (1,4%) аталып келеді.

Маңғыстау облысында бағаның ең жоғары өсімі қызанақ, сиыр еті, айран, сары май, картоп және басқа да бірқатар өнімдер бойынша тіркелді.

Өңірде ірі сүт өнімдерін өндіретін, ет өңдейтін, ұн және нан шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейтіні сөз болды. Алайда өңірде көкөніс өндіретін кәсіпорындар жоқ. Баға өсімінің негізгі факторлары – күрделі логистика, азық-түлік өнімдерінің жергілікті жерде жеткіліксіз көлемде өндірілетіні және импортқа деген жоғары тәуелділік. Сонымен қатар көкөністі тұрақтандыру қорлары арқылы сату  жұмыстары тиісті қарқында жүргізілмей отыр.

Вице-премьер өңірдің негізгі өндірушілері жол беріп отырған баға өсімінің себептеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, Сауда комитетіне және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тұрақтандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

Түркістан облысында бағаның орташа өсу индексі Маңғыстау облысымен салыстырғанда төмен. Өңірде тауық жұмыртқасын, сүт өнімдерін, көкөніс пен ет өндіретін ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Кеңес барысында құс еті мен жұмыртқа өндірушілерге жемге арналған арзандатылған ұн қажеттігі айтылды. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Вице-премьер «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына өңірді қажетті көлемде төмендетілген бағада астықпен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Апта сайын біз баға өсімі тіркелген өңірлерді мақсатты түрде қараймыз. Сауда комитеті жеткізу арналары мен әрбір әлеуметтік өнімді сату кезеңіне дейінгі бүкіл тізбекті жедел талдап, қымбаттаудың қай кезеңде туындайтынын және орталық деңгейде қандай шаралар қажет екенін анықтауы тиіс. Өңірлер баға өсімінің себептерін жедел анықтап, тиісті шешімдер қабылдауға міндетті», - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер барлық өңірлерге наурыз айының соңына дейін тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қорын толық өткізуді, ал Сауда және интеграция министрлігіне наурыз айының екінші жартысынан бастап ерте пісетін көкөністердің жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі