Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен министрліктің бір топ бұрынғы және қазіргі қызметкері шағым түсіргені хабарланған болатын. Осы мәселеге қатысты білікті ұстаз, белсенді педагог Өмір Шыныбекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін білім саласында қызмет еткен бір топ азамат Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен Президент атына арыз жазғаны туралы ақпарат тараған еді.
Әлеуметтік желіде талқыланып жатқан жағдайға байланысты Өмір Шыныбекұлы министрлік жүйесіндегі мәселелерге тоқталып, саладағы кадрлық және басқарушылық шешімдерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
«ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бір топ қызметкері Жұлдыз Сүлейменованың үстінен Президентке шағым жазыпты деп жатыр. Кімдер жазуы мүмкін?» — деп бастады жазбасын педагог.
Оның айтуынша, бұрынғы министр Асхат Аймағамбетовтің кезінде де білім саласында толық пысықталмаған бірқатар шешімдер қабылданған.
«Білікті министр Аймағамбетовтің тұсында министрліктен піспеген шикі бұйрықтар ("Ротация", Lesson Study, дене шынықтыру сабағын бөліп оқыту және тағы басқа) шығып жатты. Сондықтан Ғани Бейсембаев министр бола сала шақырғанда: "Мектептен бұрын министрлік пен оның айналасындағы құрылымдарды біліксіз кадрлардан тазартпасаңыз, ісіңіз оңа қоймайды" дегенмін», — дейді Өмір Шыныбекұлы.
Ол кейін білім саласындағы кейбір жобаларға да тоқталып, «Нысаналы мектеп» бағдарламасын сынға алды.
«Айтқаным айдай келіп, "Нысаналы мектеп" деген шалажансар жоба дүниеге келді. Мойындау керек, ол жобаны сол кездегі вице-премьер Тамара Дүйсенова немесе Ғани Бейсембаев жазған жоқ. Ол жобаны Аймағамбетовтің кезінде шикі бұйрықтардың мәтінін жазған орындаушылар жасады», — деп жазды ұстаз.
Педагогтің сөзінше, бұл бағдарлама кейін тоқтатылғанымен, оған жауапты адамдар мәселесі ашық қалған.
«Нәтижесінде мемлекетке миллиардтаған шығын келтірген бағдарлама тоқтатылды. Бағдарламаға қол қойған Ғани Бейсембаев креслосынан айырылды. Ал орындаушылардың мұрттары да қисайған жоқ», — деді ол.
Сондай-ақ ол қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменоваға саладағы проблемаларды Мемлекет басшысына ашық жеткізу керектігін айтты.
«Ау, Жұлдыз Досбергенқызы, мақсатсыз жұмсалған қаржыны кім іздейді? Осының бәрін неге Президентке ашып айтпадыңыз?» — дейді Өмір Шыныбекұлы.
Белсенді ұстаз өңірлердегі білім басқармаларына қатысты жағдайларға да назар аударды.
Оның айтуынша, Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы білім саласында шешімін күткен мәселелер бар.
«Жұлдыз Досбергенқызы, арыз жазғандардан қорықпаңыз. Мәңгілік ешкім жоқ, ерте ме, кеш пе сіз де министрліктен кетесіз. Сіз содан кейінгі репутацияңызды ойлаңыз», — деп жазды ол.
Өмір Шыныбекұлы министрге Президент қабылдауына барып, білім саласындағы жағдайды ашық жеткізуге кеңес берді.
«Сіз Президенттің қабылдауына сұранып немесе қызметтік хат жазып, еліміздің білім саласындағы жағдайды ашық айтыңыз. Министрлікте де, өңірлердің басшылары арасында да, білім саласындағы басшылар арасында да Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатына астыртын саботаж жасайтындар бар екендігіне Президенттің көзін жеткізіңіз.
Шұғыл Ақордаға барыңыз. Ертерек барғаныңыз өзіңізге жақсы», — деп түйіндеді Өмір Шыныбекұлы.