Жаңалықтар

"Жүкті кезімде ұрып-соқты, опасыздық жасады": Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы мәлімдеме жасады

Айжан Сыланова Айжан Сыланова
"Жүкті кезімде ұрып-соқты, опасыздық жасады": Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы мәлімдеме жасады
Фото: Видеодан скриншот

Өзін Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы экс-серігінің ерекше күтімді қажет ететін баласына жауапкершілік алмай, әкелік міндеттерінен жалтарып жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Асылжан Есенқызының айтуынша, ол Қайрат Сатыбалдымен бірнеше жыл азаматтық некеде тұрған. Оның сөзінше, олардың қарым-қатынасынан сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та хабардар болған.

“Мен Қайрат Сатыбалдының тоқалы да, ашынасы да емеспін. Ол мені анасымен, туғандарымен таныстырған. Біз бірге тұрғанда оның басқа заңды әйелі болған жоқ, тек балаларына барып тұрды”, – деді ол.

Сондай-ақ ол араларындағы жас айырмашылығына да тоқталды.

“Жап-жас бола тұра әкеңмен жасты адаммен неге көңіл жарастырдың дейтіндерге де жауабым бар. Мен биыл 40 жасқа толамын, ол менен небәрі 16 жасқа үлкен болды”, – деді ол.

Асылжан Есенқызы байлығы үшін бірге болдым деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалды шетелдерден қымбат мүлік пен сыйлықтар ұсынғанымен, ол олардан өз еркімен бас тартқан.

Балалы болу бастамасы да Қайрат Сатыбалды тарапынан болған. Алайда бұрынғы жұбайының сөзінше, жүктілік кезінде ол психологиялық және физикалық қысым көрген, тіпті сол кезеңде Қайраттың басқа әйелмен байланысы болған.

“Жүктілік кезінде бәрі психологиялық қысымнан басталып, кейін физикалық зорлық-зомбылыққа ұласты. Ол маған қол көтерді. Сол кезеңде оның маған опасыздық жасағанын да болжаймын. Өйткені жүкті кезімде бірнеше рет сақтауға ауруханаға түстім. Талдаулар нәтижесінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялар анықталды. Ол кез келген нәрседен жанжал шығаруы мүмкін еді. Кейінірек сол уақытта оның басқа әйелмен қарым-қатынасы болғанын түсіндім. Бәлкім, ол менен қалай құтылуды білмей, өзім кетіп қалармын деп үміттенген шығар”, – деді ол.

Ол Қазақстанда да, Францияда да тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша арыз түсіргенін, бірақ бұл әрекеттерінен нәтиже болмағанын айтты.

Асылжан Есенқызы 2019 жылдың 16 мамырында қызды болған. Оның айтуынша, олар бала алты айға толғанда ажырасқан.

“Біз қызымның алты айлығында айырылыстық. Ол мені перзентханадан өзі шығарып алды, алғашында қызына жақсы қарады. Қарым-қатынасымыз бұзыла бастады, ол көзіме шөп салды, мен мұны кешіре алмай ажырасуға бел будым”, – деді ол.

Анасының айтуынша, қызға бірнеше күрделі диагноз қойылған, оның ішінде аутизм, СДВГ, дислекция, сондай-ақ сөйлеу мен психикалық дамудың кешеуілдеуі және сенсорлық бұзылыстар бар.

“Диагноз 2021 жылы қойылды. Ал Қайрат Сатыбалды диагноз туралы тіпті естігісі келмеді. Мен оған бірнеше рет хабарластым, көмек сұрадым. Бірақ ол үнсіз болды. 5 жылдан астам уақыт бойы балаға тек мен қарап келемін. Қайрат болса қаржылай мүлде көмектеспейді”, – деді ол.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz