Әлеуметтік желіде тараған Алматы тұрғыны Ольга Зубованың жазбасы қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырып жатыр.
Ол өзінің жазбасында қазақ халқының тарихын жоққа шығарып, мемлекеттілігін кемсітіп, Тәуелсіздігімізге күмән келтірген.
Зубова былай деп жазған:
«Қазақ деген халық болған емес. Осы жердегі тайпаларды Ленин жинап, “қазақ” деген ұлт жасап шығарды. Қазақтарда мемлекеттіліктің белгісі де болмаған. Қазақтың мемлекет құруға қабілеті жетпеген. Назарбаевтың жолы болып кетті, тәуелсіздік аяқ астынан құлай салды. Қазақстан – уақытша мемлекет. Ертең-ақ бұл жерді орыстар мен қытайлар бөліп алады. Қазақтар тарихта болмаған, болашақта да болмайды».


.jpg)
Міне, бұл сөздер — тек сауатсыздық емес, нағыз ұлтаралық өшпенділікке итермелеу. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттілігін жоққа шығарып, тәуелсіздіктің мәңгілігіне күмән келтіру – халықты қорлау, мемлекетке тіл тигізу.
Зубова айтқан сандырақтың қайсысы да тарихи деректерге қайшы. XV ғасырда Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы – халықаралық деңгейде мойындалған факт. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік дәрежеде аталып өтті. Демек, «қазақта мемлекет болмаған» деген сөздің ешқандай негізі жоқ. Бұл ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты шайқалтуды көздеген арандату ғана.
Белгілі журналист, қоғам белсендісі Тоқтар Жақаш та бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, мәселенің қауіпті тұстарын ашып айтқан.
«Әбжыланды кеудемізге жылытып отырған не қылған аңқау елміз? Мынау Ольга Зубова деген әйелдің қазақтар туралы пікірін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады! Қазақтарға деген өшпенділігі, жеті ата-бабасының құны кеткендей кектене жазуы – жақсылық емес!.. Онымен қоймай, тәуелсіздігіміздің мәңгі екеніне де шек келтіріпті!.. Өзі Алматы қаласында туып-өскен, дәл қазір Алматы қаласында тұрады екен», – дейді журналист.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабында ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздырғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – жай ғана «пікір» емес, заңға қайшы іс-әрекет. Алматы қаласының Полиция департаменті, Прокуратурасы және әкімдігі Зубованың жазбасына дереу құқықтық баға беруі қажет.
Өкініштісі, бұл алғаш рет болып отырған жағдай емес. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қазақ халқының ар-намысына тиетін, мемлекетіміздің тәуелсіздігіне күмән келтіретін жазбалар жиілеп кетті. Мысалы, 2023 жылы Қарағандыда әлеуметтік желіде қазақтарды қорлап, араздық туғызған азамат сот үкімімен жазаланған болатын. Былтыр да Павлодар мен Шымкентте дәл осындай арандатушылық жасаған бірнеше тұрғын ұсталып, сот үкімі шықты.
Бұл жағдайлар Қазақстанның құқық қорғау органдары мұндай әрекетке бей-жай қарамайтынын көрсетті.
Ольга Зубованың жазбасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік құқық қорғау органдарынан дереу әрекет етуді, арандатушыны жауапқа тартуды талап етуде. Өйткені мемлекеттілігімізді жоққа шығару, тәуелсіздігімізге күмән келтіру — тек бір ұлтқа емес, бүкіл халыққа қарсы жасалған қастандық.