Ақмола облысының Полиция департаменті Астанаға жақын орналасқан Жібек жолы ауылында болған кісі өлтіру оқиғасына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kznews.kz Politico.kz-ке сілтеме беріп.
Қазір мессенджерлерде бір отбасының бірнеше мүшесі қаза тапқаны туралы үрейлі хабарламалар кең тарап жатыр. Желіде «ұлы ата-анасы мен қарындасын өлтірген болуы мүмкін» деген болжам да айтылуда. Кей мәліметтерде қылмысты ауыл тұрғыны жасаған болуы ықтимал екені жазылған.
Полицияның ресми дерегінше, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы адам өлтіру фактісі бойынша күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Құқық қорғау органдары қаза тапқандар саны әзірге нақтыланып жатқанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс болған үй орналасқан көше қоршауға алынып, бөгде адамдар кіргізілмеген.
Ал әлеуметтік желілерде тараған деректерде күдікті психикалық ауытқуы бар болуы мүмкін екені, сондай-ақ бір отбасының төрт мүшесі — анасы, әкесі, мүгедектігі бар ағасы және 18 жастағы жиені қаза тапқаны айтылған. Бұдан бөлек, кей деректерде марқұмдардың денесін бөлшектегені жөнінде де ақпарат жүр. Алайда аталған жайттар әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.