KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Жыртып тастады": Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімов туралы әсерлі естелігін айтты

• Қайсар Қанат
Алтынбек Қоразбаев пен Асанәлі Әшімов. Фото-коллаж: Kznews.kz

Алтынбек Қоразбаевтың айтуынша, ол Асанәлі Әшімовпен ұзақ жылдар бойы жақын араласқан. Актер композиторды өз бауырындай көріп, үнемі қамқорлық танытып, ерекше еркелетіп отырған. Сазгер осыдан 36 жыл бұрын болған бір оқиғаны әңгімелеп берді.

Композитордың сөзінше, сол жылдары ол жаңа көлік сатып алып, Жамбыл нөмірімен жүрген. Бір күні Асанәлі Әшімов оның жаңа көлігін көріп, қуанышына ортақтасқан. Екеуі дастарқан басында отырып, ұзақ әңгімелескен. Сол кезде Алтынбек Қоразбаев келесі күні ұшақпен жолға шығатынын айтқан. Алайда актер оның бұл жоспарын бірден өзгерткен.

"Ертең ұшамын деп едім, билетімді жыртып тастады да: "Ертең машинамен барамыз", – деді. Солай мені еркелететін", – деп еске алды композитор.

Алтынбек Қоразбаев бұл оқиғаны Асанәлі Әшімовтің өзіне деген ерекше ықыласы мен жақындығының белгісі ретінде айтып берді. Оның сөзінше, актер екеуінің арасындағы қарым-қатынас жай ғана әріптестікпен шектелмеген. Олар бір-бірін жақын туыстарындай сыйлаған.

Сұхбат барысында Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімовке арнайы жазған "Жан балам" әнінің тарихына да тоқталды. Композитордың айтуынша, ол бұл шығарманы үш жыл бойы дайындаған. Сазгер үшін әнді жазып шығудан да маңыздысы – оны Асанәлі Әшімовтің өзіне орындату болған. Себебі актер бұған дейін әнші ретінде сахнаға шығып, көпшілік алдында ән орындамаған екен.

"Менің бақытым – ол әнді өзіне айтқызғаным. Аға еш уақытта ән айтып сахнаға шықпаған", – деді Алтынбек Қоразбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алтынбек Қоразбаев "Мәңгілік махаббат" әнінің жазылу тарихына қатысты тың мәліметті баяндап берген.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →