Министрдің айтуынша, өткен жылғы деректерге сәйкес, жылыту кезеңінде тіркелген өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үйлерде болған. Әсіресе жеке баспаналарда өрт шығу жағдайлары жиі кездеседі.
Төтенше жағдайлардың негізгі себептері – электр құрылғылары мен пештерді орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, сондай-ақ отпен абайсыз жұмыс істеу.
«Өткен жылғы талдау көрсеткендей, жылыту кезеңінде өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерде болды. Өрттердің негізгі себептері – электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Сонымен қатар өрт және газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар», – деді Мұрат Мұханов.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғын үйлердегі өрт қаупінің алдын алу жұмыстарын күшейткен. Мамандар барлық үйді жаппай аралаудың орнына, өрт шығу ықтималдығы жоғары баспаналарға басымдық беріп отыр.
Министрдің сөзінше, әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне арнайы барып, қауіпсіздік жағдайы тексеріледі. Қазір осындай санатқа жататын 93 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынған.