2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 285,2 мың адам болды. Биыл 240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Жалпы төлем сомасы 95 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған табыстың 45 пайызына дейінгі мөлшерде жүзеге асырылады.
Төлем алу үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау, өтінімді толтырып, ЭЦҚ арқылы жіберу қажет. Бір күн ішінде мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл қызмет enbek.kz порталы арқылы да қолжетімді.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған жағдайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлем тағайындауға келісу туралы SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін растаған соң төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыс іздеу кезеңінде азаматтарға қаржылай қолдау көрсетеді.